Отбасы • 28 Қыркүйек, 2024

Шөбереге ұласқан шежіре

5343 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ жерінен мұнай алынғалы 125 жылдан асты. Ғасырдан да ұзақ мерзімде бірнеше мұнайшы династиясы қа­лыптасты. Қазір Авров, Бал­ғымбаев, Балжанов, Бө­лекбаев, Қарамұрзиев, Мырза­ғалиев, Беші­мов,­ Оржанов, Өте­баев, Өтеғалиев, Шырда­баев, Марабаев, Дос­мұхамбетов, Жұмаға­лиев, Огай әулеттерінің еңбек жолын ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді.

Шөбереге ұласқан шежіре

Мәселен, қазір Бешімовтер әулетінің мұнай-газ саласында төртінші буыны еңбек етіп жүр. Атадан – балаға, баладан немереге тамыр тартқан мұнайшы кәсібінің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол – Жылыой ауданындағы Қосшағыл кен орнынан мұнайды алғаш тапқан қазақ. Көңілі даладай дарқан қарияның кейінгі ұрпағының қамын ойлап жасаған ұлағатты ісін дәріптеу әрі есте қалдыруды көздеген жергілікті мұнайшылар Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын берді. Сол көшеге қарияның ескерткіш-барельефін орнатты.

Қосшағыл кен орнының ашылу тарихына зер салсақ, ел аузын­дағы аңызға бергісіз әңгіме желісі төмендегіше өріледі. Бешім Қызылбасов 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды. Атынан түсіп, зер сала қарағанда, қою қара майдың жиналып қал­ғанын көреді. Арнайы білімі болмаса да, елдегі болып жатқан оқи­ғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда, мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан қара майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жердегі үйіне келген соң торсығындағы май­ды отқа жаққан екен. Әуелі пы­шырлап, сәлден соң алаулай жан­ған майды «қара алтын» деп топ­шылайды. Сөйтіп, ат шалдырмай, жеткізбейтін қа­шық­тықта орна­ласқан Доссор маңын­дағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізуді көздепті.

Он бес жылдан бері, яғни 1911 жылдан Доссордан жоғары сапалы «қара алтын» селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылыұшырай қарсы алады. Өйткені ел ішіндегі мұндай көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтуға асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Меркі өңірінде қазақтармен бірге өскен П.Авров геолог әріптестерін ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келеді.

Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы ре­тін­де жұмысқа алады. Осы қария­ның көмегімен Жылыой ауданын­дағы кен орындарының картасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай. Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П.Авров басқарған геологтер де зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді.

Арада 6 жыл өткеннен кейін, 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғы­маның 450 метрлік тереңдігінен мұнай бұрқағы атқылады. Алғаш­қы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна «қара алтын» бергені мұнай іздеу­шілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтерді де, бәрі­нен бұрын сол өңірдегі дүйім жұрт­ты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтер жаңа кен орнын тап­қанына, ауыл тұрғындары мұ­най­дың пайдасын көретініне қуан­ды.

Жергілікті тұрғындардың үл­кенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П.Авров өзіне жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жөн екенін алға тартқанда, геологтер де осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.

Аталған кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіп­шілігінің құрылуымен Жылы­ой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамы жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ тағдыр Бешім қарт­қа кіндік қаны тамып, бар ғұмыры өткен дала төсіндегі дүбір­­лі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын 1933 жылы өмірден озған.

Дегенмен кейіннен Бешім Қызылбасовқа «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» атағы беріліп, геологтерге мұнай көзін тауып бер­ге­ніне орай өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтермен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалған. Бір ерекшелігі, Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан.

Мәселен, Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Ал Төремұрат, Нарымбай есімді ұлдары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралмаған. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жыл мұнай саласында еңбек еткен. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 50-ден астам немере-шөбересі мұнай өнеркәсібінің білгір маманы атанып жүр.

Немерелерінің бірі – Наурыз­ғали Ердәулетұлы Бешімов қазір Жылыой ауданының орта­лығы Құлсары қаласында тұрады. Еңбек жолын мұнай-газ өнеркәсібінде бастаған. Биыл 90 жасқа толды. Ардагер мұнайшы мамандық таңдауына, өмірінің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпайды. Ол 1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанғалы отырғанда әкесі өмірден өткен. Әкесі оған «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын», дейді екен. Бірақ әкесі арманы орындалғанын көре алмады.

«Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді. Біздің отбасымызбен көрші тұратын Құрман Бисенов ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілікті үйренуші етіп жұмысқа орналас­тырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай «Жолыңа жаратарсың» деп 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығымен Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ институтынан жоғары білім алдым. Мұнайшы-инженер мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам мұнайын тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде 1958 жылы оператор болып бастадым. Осы өңірдегі «Құлсарымұнайгаз», «Жайық­мұнайгаз», «Теңіз­мұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көтеріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков секілді азаматтардың сенім білдіруімен Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым. Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отба­сылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар», дейді ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.

Мұнай-газ өнеркәсібі мен партия жұмысындағы жетістігі баға­ланып, Наурызғали Бешімов 1981 жылы «Құрмет белгісі» орде­німен, кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Өзі ұзақ жыл жұ­мыс істеген Мақат, Жылы­ой аудан­дарының құрметті аза­маты.

Наурызғали Бешімовтің ұлдары мұнайшы кәсібін таңдады. Үлкен ұлы Сатыбалдының мұнай саласында жұмыс істегеніне 35 жылдан асты. Ол – осы әулеттің мұнай-газ саласындағы үшінші буыны.

«Бала кезімізден мұнай мен газдың қалай өндірілетініне, мұнайшы кәсібіне әбден қанық болдық. Әкеміз мұнайшы болатынымызды кесіп айтты. Сол себептен болар, мұнайшылықтан басқа кәсіпті таңдау туралы ойланбадық. Қазір 4 балам да осы салада жұмыс істейді», дейді С.Бешімов.

Бұл әулеттегі ең жас мұнай­шының бірі – Асылжан Наурыз­ғалиев. Оның бұл салада еңбек еткеніне 10 жылдан асып отыр.

«Мұнай саласындағы жұмы­сымды 17 жасымда бастадым. Бұл салаға жүрек қалауымен кел­дім. Өйткені мұнайшы – біздің әулетте атадан балаға, баладан немереге жалғасқан отбасылық кәсіп. Болашақта Бешім атамыз бастаған кәсіпті менің де балаларым жалғастыратынына сенемін», дейді А.Наурызғалиев.

 

Атырау облысы