Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Жүсіпбек Аймауытұлы екі мәрте үйленген. Алғашқы жары Вера Волковадан Бектұр, Жанақ есімді ұлдары, екінші әйелі Евгения Сермұхамедовадан Мәруа (Муза) деген қызы дүниеге келген. Аймауытұлы ұрпақтарының барлығы қуғын көрген. Әсіресе 1916 жылы туған үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шекті. Ол кезінде Орынбордағы мектепте Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған. Ал 1937 жылы «халық жауының баласы» деген жаламен ұсталып, Ақтеңіздегі түрмеде 10 жыл жазасын өтеген. Абақтыдан шыққан соң, паспортына «мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылған. Кейін Ресейдің Кемер облысының Прокопьев қаласына барып, жергілікті шахтада ұзақ жыл электрик болып еңбек етті. Сол жерде отбасын құрып, бір ұл, бір қыз көрген. Ұлының тұяғы 1994 жылы атажұртына оралып, 2008 жылы 92 жасында Алматыда дүние салды.
Жуықта Бектұрдың қызы Риммадан туған Павел Аймауытов Жүсіпбек атасының туған жерін арнайы іздеп Баянауылға табан тірепті. Павел қазақтардан өзін Пазыл деп атауды сұрайды. Бектұрдың тәрбиесінде өскен жігерлі азамат қазақ халқының жұрағатымын дейді.
– Мен Ресейдегі Кузбаста туғанмын, қазір Кемер облысында тұрамын. Осымен Павлодар жеріне, соның ішіне Баянауылға екінші мәрте сапарладым. Алғаш бала кезімде Бектұр атаммен келген едім. Арада 28 жыл өткенде, биылғы жазда сәтін салып, тағы табан тіредім. Дәндібай атырабындағы ата-бабаларымның зиратында болғанымда, жан-дүниемді бір тылсым күш жанап өткендей болды. Қазақтың сары даласын сағынатынымды түсіндім, аталарымның рухы мені бұл жаққа үнемі тартып тұратындай. Екінші сапарымнан соң атама тиесілі болған біраз заттарын Павлодардың төріне әкеліп іліп қоюды жөн деп шештім. Арғы нағашы атам Жүсіпбек 1988 жылы ақталса, Бектұр атамыз араға біраз жыл салып бұрынғы жабылған жалалардан толық құтылды. Бектұр атамның тәрбиесінде өскенімді несін жасырайын. Алайда ол кісі өткен өмірі, балалық шағы, әкесі туралы мүлде тіс жармайтын. Тек 90-жылдардың ортасында бізді Қазақстаннан келген ғалымдар, соның ішінде павлодарлық Айман Зейнулина бар іздеп тапқан соң ғана ақиқатқа көз жеткізе бастадық. Атам туған еліне келіп көз жұмды. Мен оның ақырғы демі қазақ жерінде үзілуі соңғы арманы болар деп ойлаймын. Себебі өмір бойғы зарыға күткен сағынышы – Баянауылды, Қазақстанды бір көру болғанын біз есейе келе білдік қой, – деп тебіренді Павел.
Аймауытұлының жұрағаты Бұқар жырау атындағы музейге Бектұрдың төлқұжатының көшірмесін, еңбек жетістіктеріне алған грамотасы мен медалін табыс етті. Сондай-ақ Қызылтаудағы «Мәдени кіндік» тарихи білім беру-тәрбие кешенінің орнынан өзі тауып алған есіктің жез тұтқасын аманаттады. «Көне заманның мәнерімен жасалған тұтқаны атам Жүсіпбек талай мәрте ұстағаны анық, бұл жәдігерді табуға Жаратқан өзі жәрдемдескен болар», дейді ол.
Павел Ж.Аймауытұлының мұрасын одан әрі зерделеуге үлесін қосуға ниетті. Айтуынша, ең үлкен миссиясы – Мәскеудің Ваганьков зиратындағы тұлғаның жерленген жерін табу. Одан соң шығармашылығын орыс тіліне аудартып, орыс тілді қауымға танымал ету. Сондай-ақ Павлодардағы Ж.Аймауытұлы атындағы қазақ театры орналасқан қазіргі Ломов көшесін «Аймауытұлы көшесі» деп өзгерту туралы облыс басшылығына ұсыныспен шығамын деген ниетін де жасырмады.
Торайғыров университетінің ғалымы Айман Зейнулина Жүсіпбек есімінің қайта оралуына академик Серік Қирабаев өлшеусіз еңбек еткенін баяндады.
«Жүсекеңнің есімі 1989 жылы алғаш рет естіле бастады. Бұл істің басы-қасында академик Серік Қирабаев ағамыз өзі жүрді. Тұлғаның өмірі, отбасы туралы Қазақстанда ешбір ақпарат болмады. Кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі құжаттарын қарағанымызда екі рет үйленгенін, екі некеден 2 ұл, 1 қыз болғанын білдік. 1994 жылы Серік ағамен бірге Қырғызстанға сапар шегіп, екінші ұлы Жанақтың (Евгений) үйіне бардық. Ол кісі әбден қорқып қалған болуы керек, алғашқыда қабылдамады. Араға 3-4 ай салып, қайта барып, жанында біраз уақыт болып әкесі жайында көп естелік алып қайтқан едік. Ал үлкен ұлы Бектұрдың ғұмыры тіпті өзгеше. Ол кісіні іздеп 1992 жылы Ресейдің Кемер облысына барғанымыз есімде. Үшінші баласы – қызы Муза Ақтөбеде тұрды. Ол кісіден де көп мәлімет естіп білдік», дейді Айман Файзуллақызы.
Іс-шарада баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев Оймауыт әулетінен тараған ұрпақтар жайында әңгіме өрбітіп, ел ішінде сақталған аңыздардың тиегін ағытты. Оймауыт әулетінің кез келгені ісмер, қолдарынан өнер тамған жандар болған деседі. Әулиелі Қызылтауда төрт бірдей мешіт-медресе жұмыс істеп, талай қазақ баласы сауатын ашқан. Сол қатардан атақты сатирик Қадыр Тайшықовпен бірге Жүсекең де өсіп шыққан.
Ал «Қыр баласы» қоғамдық қорының Павлодар облысындағы өкілі Абзал Рымбек Павелге Алаш арысының толық аудармалары жинақталған «Дәмелі» кітабын сыйға тартты. Кітаптың құрастырушысы - Қ.Әубәкір.
Бұқар жырау музейінің басшысы Ербол Қайыров Ж.Аймауытұлының 135 жылдығына орай өңірде бірқатар игі шаруаның басы қайырылғанын атап өтті. Жуықта Баянауылдағы «Мәдени кіндік» тарихи мекеніне белгі тас қойылды. Болашақта аталған жерде аспанасты музейі ашылса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойын түйіндеді.
Павлодар облысы