Әлем • 28 Қыркүйек, 2024

АҚШ мектебі қалай оқытады?

245 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Төртінші сыныпқа баратын қызым Ләйләні жетелеп, АҚШ-тағы Вирджиния штатының Арлиңтон қаласына қарасты «Ashlawn» бас­тауыш мектебінің қабылдау бөлмесінде тұрмыз. Сәлден соң, оқу-білімге жауапты қызметкер құжатымызды қабылдап алып, екі күннен кейін келуімізді айтты. Межелі уақытында қайтадан мектепке бардық.

АҚШ мектебі қалай оқытады?

Арада тиісті сауалнаманы толтырып жат­қанда, мектеп қызметкері «отбасында қандай тілде сөйлейсіздер?» деп сұрады. «Қазақ тілінде» деп жарыса жауап бердік. Бетімізге қарады да: «жоқ, сіздер орыс тілінде сөйлесесіздер ғой, бұдан бұрын Қазақстаннан осында келіп, баласын оқытқандардың көбі отбасында орыс тілінде сөйлеседі», деді. Біз қоярда-қоймай сауалнамаға «отбасында қазақ тілінде сөйлесеміз» деп жаздырдық. «Біздің мектепті таңдағандарыңыз үшін рахмет!», деп ағынан ақтарылған жауапты қызметкер үш баламыз бар екенін көріп, қызымызға мектепке керекті оқу-құралдарын тегін беріп, қолынан жетелеп алып кетті. Бұл жағдайдан түйгеніміз – АҚШ мектептері әр оқушының ана тіліне, дініне, отбасылық дәстүріне құрметпен қарайды екен. Содан кейін бізге аптасына 2-3 рет мектепте болатын іс-шара мен алдағы оқу жоспары сияқты маңызды ақпарат электронды поштамызға қазақ тілінде келіп тұрды.

Әр күні таңда мектеп автобусы қызымды үйден алып кетіп, кешке өздері әкеліп тастайды. Бөтен ел, жат ортаның мектебіне қызымыз үйрене бас­тады. Бір күні кешкі ас үстінде «мұғаліміміз сыныпта қай жерге отырып сабақ тыңдасаң да өз еркің, тіпті жерге төселген кілемге жатып сабақ тыңдауға да болады», деп айтты, солай істеп көрмесем деп жайдары күлді. Бұл қарапайым ұсыныстан біз АҚШ мектебіндегі демократия мен жайлылықты, ешкімді бөліп-жар­майтын әділдікті сезіндік. Көп өтпей мектептің тағы бір қызметкерінен телефон қоңырауы келді. «Сіздің отбасыңызда үш бала бар екен, сондықтан біз сіздерге көмектесуіміз керек. Ақылдаса келе әр жұма күні сіз­дер белгіленген орыннан балаларға арналған орга­никалық тағамдарды тегін аласыздар» демесі бар ма? Американың қымбат қоғамына енді үйреніп келе жатқан бізге бұл үлкен көмек болды.

АҚШ-та әр сыныптағы 20-дан астам оқушыға екі мұғалім жетекшілік етеді. Қызымыз сырттан барған соң, олар бірден оған ағылшын тілін меңгеруге көмектесіп, әр күні жеке сабақ беріп, қатарға тез қосы­луына қолғабыс етті. Әсіресе Крипу ханым есімді ағылшын тілі мұғалімі оған оқитын кітаптар беріп, күнделік журнал жазуын қадағалап жүрді. Әр күні кешкі аста қызымыз сол күнінің қалай өткенін әңгімелеп береді. Бірде ас үстінде ол: «Мен Англияны жақсы көрмеймін, себебі олар бұрын Аме­рикаға шабуыл жасапты», дегені. Баланың бал тіліне күліп, алпауыт елдің мектептеріндегі идео­ло­гияның қалай жүргізілетініне де сәлде болса көз жет­кізгендей болдым. Әрине, әр мемлекет үшін идео­логия басты орында екені даусыз. Ал бұны мектеп жа­сы­нан бас­тап үйрету де қажетті әдістердің бірі сияқты.

Үш айдан кейін қызымыз «бүгіннен бастап Клаудия деген бірге оқитын досым маған ағылшын тілін үйретпейтін болды, өйткені мен сабаққа ілесіп кеттім» деп қуанып отыр. Бұған отбасымызбен қуандық. АҚШ мектебінің тағы бір ерекшелігі – оқушыларды кітап оқуға жетелеу. Әр пәннен сабақ беретін мұғалімдер оқушыларға соған сай келетін әртүрлі кітаптарды өздері кітапханадан әкеліп беріп, үйге оқуға береді. Шындығында, баланың мүмкіндігі шексіз ғой, оны қалай тәрбиелесең, солай болып өседі. Крипу ханымның қадағалауымен қызым көп өтпей ағылшын тіліндегі кітаптарды еркін оқып, түсіне алатын деңгейге жетті. Сонымен бірге мұғалімдер оқушыларға қалай кітап оқу жос­парын жасауды үнемі үйре­ту­ден жалықпайтынын сезіндік. Зерделеп көрсек, АҚШ мек­тептерінің мұндағы мақсаты – оқушыға ағыл­шын тілін меңгерту, сол арқылы тілдің өрісін кеңейту.

Оқу маусымының бірінші тоқсаны аяқтала бере қызымыз бір бет қағазды көтеріп келді. «Бұл не?» десек, «Diamante» өлең үлгісі, осы тура­лы үйреніп жатырмыз. Мен жазған өлеңімнің тақырыбын «Қазақстан»деп қойдым» деп жымиып тұр. Небәрі жеті жолға ол еліміздің бүкіл болмысын, қасиетін сыйғызыпты. Бұл америкалық оқу бағдарламасының баланы жан-жақты тәрбиелеуге бағыттайтынын түсіндіретін бір ғана мысал. Мек­тептердің оқыту жүйесінде негізгі пәндер ағыл­шын тілі, өнер, математика, тарих, география және әлеуметтік зерттеулер. Сонымен бірге әрбір пән оқушыларға өзін дамытуға көмектеседі деп жоспарланған.

«Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ аста­на­сындағы Джордж Вашингтон университетінде та­ғы­лымдамадан өткен ізденуші Арайлым Айбе­ко­ва­ны сөзге тарттық. Ол Америка мен Қазақстан мек­теп­­теріндегі ұқсастық­тарды салыстыра зерттеген еді.

«Өткен көктем және жаз айларында АҚШ-тағы меншікті және қоғамдық мектептердегі білім жүйе­сімен танысу мүмкіндігіне ие болған едім. Тіпті тек мек­тептеріне барып қана қоймай, мұғалімдердің білік­тілікті арттыруға арналған шығармашылық топ семинарларының бірнешеуіне, түлектердің мектепті бітіру кеші, ашық есіктер күніне бару бұйырды. Осы іс-шараларды бақылау барысында түйген ойларымен бөлісуді жөн көрдім.

Біріншіден, Америка Құрама Штаттарындағы білім жүйесі орталықтандырылмаған. Егер Қазақ­­стандағы орта білім беру жүйесі бір­тұ­тас Оқу-ағарту министрлігінің құзыретінде болса, Америкадағы әрбір штаттың өз білім департаменті жұмыс істейді. Олар оқу бағдарламасы мен білім беру стандарттарын дербес түрде анықтайды. Бірақ бұл федералды нұсқаулықтардың мүлдем жоқ екенін білдірмейді. Мектептер бастауыш­ (балабақшадан 5-сыныпқа дейін (кей жерлерде 6), орта (6-8 сыныптар) және жоғары (9-12 сыныптарды қамтиды) болып бөлінеді. Демек әр буынның оқушылары бір-бірінен жеке мектептерде оқиды. Бұл жүйенің ұтымды тұстарының бірі – қауіпсіздік болса, екіншісі – оқушылар мен ата-аналардың әр оқу кезе­ңінде жаңа ортаға бейімделу қажеттілігін туғы­зады. Әрине, бұл өзгеріске толы әлемде балаға кіш­кентай күнінен көптеген қоғамдық байланысты орна­туға, жаңа ортадан жатырқамай кірігіп кетуге үйретеді.

Екіншіден, білім жүйесі гуманитарлық бағыт­тағы оқу бағдарламасына баса назар аударып, әр оқушы­ның қызығушылығына қарай икемділік ұсынады. Біздің қоғамда тараған «Америкада математика төмен деңгейде оқытылады, біздегідей күрделі емес» деген ойлар расымен солай, бірақ оңай, яғни стандартты деңгей бар да, оқушыға қажет болса, күрделі жоғары деңгейдегі математика пәні бар. Демек бұл оқушы өзіне керегін таңдай алатын жүйе қалыптасқанының тағы бір көрінісі. Жоғары сынып оқушылары таңдаулы пәндерді немесе университеттік кредиттер беретін курсын оқи алады. Сонымен қатар спорт және клубтар сияқты қосымша іс-шаралар оқушылардың дамуының маңызды бөлігі ретінде бағаланады.

Үшіншіден, мұғалімдерге арналған шығарма­шы­лық топ өткізген семинардың Вашингтон қала­сындағы портрет галереясында, еркін форматта бол­ғаны таңғалдырды. Біз беретін дәл сол білім, оқыту әдістерін мүсіндер мен көркемөнер үлгілерінің арасында жүріп талқылау қатысушыларға ерекше ой еркіндігі мен рахат сезімін сыйлады. Бұл семинар Гарвард университетінің ойлауды, инно­­вациялық тәсілдер мен оқыту шеберлігін дамы­туға бағытталған «Project Zero» бағдарламасын жүзеге асыруға арналды. Тақырыпқа сай ойларын ашық айтып, бөлісіп жатқан топтың барлық мүшесінің белсенділігіне қарап, біздің мұғалімдердің де біліктілікті арттыру курстарына осындай жаңашылдық енгізсек жаңа серпіліс бере ме деген ойға келдім. Білім жүйесі әрқашан өзгеріп, дамып отыратын жүйе болғандықтан, оған алдыңғы қатарлы озық тәжіри­белерді енгізу алдағы уақыттың еншісінде деп білемін».

Жалпы алғанда, АҚШ-тың оқу бағдарламасы оқушыларға өздерінің артықшылығын сезінуге, соған жеке тұлға ретінде қол жеткізуге, демократиялық қоғамның азаматтары ретінде жауапкершілікпен қызмет етуге, жылдам қарқынмен дамып жатқан әлемде бәсекелестікке қабілетті болуға, тіпті қазіргі әлемді өзгертетін жаңа идеялармен жұмыс істеуге жетелейді. Сонымен бірге ондағы оқу бағдарламасы білім алушының психикалық және физикалық қабілетін бір уақытта дамытып, жақсартуға бағыт­талған. Мұғалімдер баланың танымдық қабі­летіне, олардың физикалық және моральдық өсуіне назар аударады. Мысалы, ата-ана жиналысы болған са­йын мұғалімдері қызымыздың өзгерістері, қандай кітап оқығысы келетінін, кімдермен дос болып жүргенін жиі сұрайды. Айтқан жауабыңды тыңдап, оның мектептегі іс-әрекетімен сәйкестендіреді. Осы арқылы олар оқушылардың мектептегі, мектептен тыс іс-әрекеттеріне назар аударып, олардың моральдық құндылықтары бар күшті жеке тұлға болып қалыптасуына бастамашылық рөл атқарады.