22 Маусым, 2010

МАМАНДАР ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

480 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еліміздегі экономикалық қыл­­мыс және сыбайлас жемқор­лық­­пен күрес жүргізетін қызмет­кер­лер қатары жаңа лекпен то­лықты. Олардың ішінде кеден мамандары да бар. Ашылғанына он бір жыл толған Қаржы поли­ция­сының академиясы осымен тоғызыншы рет толыққанды даяр­лықтан өткен тү­лектерін шығарып, өрісін кеңейт­ті. Жалпы биыл, тұтастай алғанда, 101 түлек төрт жылғы оқуларының қоры­тын­дысын сәтті аяқтап, “лей­те­нант” погонын тақ­ты. Енді олар, жоғарыда айтқа­ны­мыздай, ойы арам, қолы лас жан­дар­дың жо­лын қию үшін тиісті мем­лекеттік органдарда қызмет атқару құқығына ие болып, арнайы жолдама алды. Алайда, осы жүзден аса тү­лек­тің мұндай абыройлы да жауапты іске қол жеткізулері үшін көптеген талап пен міндеттерді орындап, бірқатар белестерден өтулеріне тура келді. Бұл олардың мектеп қабырғасынан шығып, академия табалдырығын аттаған кезеңінен бастау алған еді. Сол оқу жылда­рын­да ертеңгі күні жем­қор қыл­мыскерлерді әшкере­леуде не істеп, не қою қажеттігін үтір, нүктесіне дейін шағудай шағып үйреніп, ойлары мен бойларына сіңіріп алды. Ендігі міндет – мемлекет берген білім мен тәжірибені халық игілігі үшін жарата білу. Бұл талап үрдісінен табыла алған жас маман­ның бағы одан әрі жана түсері анық, ал табыла алмаса, мемлекет­тің төрт жыл бойы бағып-қаққан, оқытып-тоқытқан қаржысын қай­та­рып алуға қақысы бар. Сон­дық­тан оқалы киім киіп, иықтарына қос жұлдыз таққан, жүректерінде қуаныш, кеуделерін­де сенім бар жас мамандарға алдарына таудай та­лап және зор міндет қойылып отыр­ғанын естен шығармағандары абзал. Ертеңгі күндеріне бек сенімді 101 түлектің 24-і еліміздің кеден саласына барып, қызмет етеді деп күтілуде. Олардың бәрі де мем­ле­кетіміздің экономикалық қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз ету үшін жұ­мыс істейтін болады. Сөйтіп, ака­демия аздаған жылдар ішінде құ­қық қорғау органдары үшін қажет­ті маман­дарды даярлап шығаратын өзіндік бірегей оқу орны екенін дәлелдеп берді. Соның арқасында ТМД елдері білім беру қызметі ры­ногын­да танылып, жалпы, құқық қорғау жүйесінің маман­дан­дырылған жоғары оқу орындары арасында беделділерінің біріне ай­налды. Бұл туралы жас түлектердің “Құқық қор­ғау қызметі” маман­дығы бойын­ша көптен күткен дипломдарын тапсыруға келген Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Қаржы полициясы академиясының басшылығы айтып өтті. Біздің заң және экономика саласындағы мықты және білікті ғалымдардың білімдерімен су­сын­­даған түлектеріміз мемлекеті­міз­дің экономикалық қауіпсіз­дігін және құқықтық тәртібін арттыру тиім­ділігіне лайықты үлес қосатынына сенім білдіре­міз, – дейді Қаржы по­лициясы академиясы басты­ғы­ның міндетін атқарушы Серік Шоқатаев. Александр ТАСБОЛАТОВ,  АСТАНА.