Фото: Zakon.kz
Соңғы үш күнде үш қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды.
Мәселен, Орал қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде көрсетіп, зорлық-зомбылықпен оқу орындарының бірінің студентінен 500 мың теңге бопсалаған жергілікті жастар тобын ұстады. Күдіктілер қамауға алынды.
Ал Шымкентте екі тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұсталғандар жергілікті тұрғыннан бір миллион теңге бопсалап, оған қатысты ақпарат таратамыз деп қорқытқан.
«Ақтөбеде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері бір миллион теңге мен Subaru автокөлігін алу кезінде қылмыстық топтың мүшесін ұстады. Ол өзінің үш сыбайласымен ғимарат жертөлесінде жәбірленушіге моральдық және физикалық қысым көрсетіп, 8 миллион теңге бопсалаған. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бопсалау фактілерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстары жалғасады», деп түсіндірді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.