Таным • 01 Қазан, 2024

Екі дүние арасы

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табылды Досымов «Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам» деп ән салатын. Иә, «бір күні» дейді бард-әнші, себебі ажалдың ажарын қашан көретінін білмеген еді. Ал енді біз «сол күннің» қашан екенін білетін боламыз. Оған ғалымдар «кінәлі».

Екі дүние арасы

Сурет: ru.freepik.com

Сан-Францискодағы Кали­форния университетінің ғалымдары дем үзілер сәтті болжайтын сағат ойлап тапты. Оны «Өлім сағаты» деп атады. Бұл туралы «New York Post» басылымы жазды.

Құрылғы қолға тағар уақытта арнайы сауалдама арқылы иесінің денсаулығы туралы ақпаратты жинайды. Адамның салмағын, қант деңгейін, қан қысымын, ұйқы сапасын, физикалық белсенділігін, зиянды әдеттерін, өмір сүру ұзақтығына әсер ететін басқа факторларды саралайды. Сонымен қатар әлеуметтік өмірі мен психикалық күйін де бағалайды. Осы көрсеткіштің бәрін жасанды интеллект зерделеп, өзінің ерекше функциясына салады. Солай дүниенің бар ғажабынан да қызық, ғаламның бар қасіретінен де қорқынышты «өлім» уақыты белгілі болады.

Ғалымдар сыры көп сағаттың өмір­ден өтер күнді дәл көрсететініне бек сеніп отыр. Құрылғы тіпті биологиялық жасты да анықтап береді. Дегенмен олар «Біз мұны адамдарды қорқыту яки түңілдіру үшін жасаған жоқпыз. Дәл осы өнертабыстың артында үлкен еңбекпен қатар нәзік сыр жатыр. Адам баласы жаманға жолықпай, жақсының қадірін білмейді. Қайғының дәмін татпай, қуаныштың биін билемейді. Сол себепті де ғылым анықтап берген «өлім» күнін кейінге ысырып, аяу­лы өмірін ұзартса екен дейміз. Тіпті қалай ұзарту керегін де айтамыз. Соңғы күніміз қалса да, өмірді өгей көрмесек екен», деген анықтама жазған.

Әсерлі. Бірақ көпшілік бұл сағатты таға ма? Дәл қазір бір сәт ой­ланып көріңізші. «Ал қалғанын көрерсің пешенеңнен»...