Нұрбек Құлбаев асыл тұқымды ғиссар қой өсірумен айналысады. Алғашында біраз уақыт ақша жинап, шетелден төлін сатып алған. Қылшық жүнді қой – ірі, орташа салмағы 150 килодай болады. 5-6 айлық төлінің өзі кәдімгі қойдың салмағына тең. Бұл ерекше мал көбіне Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстанда өсіріледі. Асыл тұқымды қойдың құлағы мен бойы ұзын, бітімі өзгеше. Ал бағасы әрине, өте қымбат.
Табыт құнына тең сырға
«Оскар» сыйлығының лауреаты, америкалық актер Морган Фриманның атын білмесеңіз де, түрін міндетті түрде шырамытуыңыз керек. Тіпті «ер адам сырға таға ма» деп сөккен де шығарсыз...
Дүние жүзінің бар даңқына ие болған ол үнемі ізгілік сөзін сөйлеп жүреді. Көрермендері сондықтан да ерекше ықылас танытады. Бірақ құлағына үнемі алтын сырға тағып жүретінін жұрт қабылдай қоймайтын. Бір күні Морган «Бұл сырғалардың өзіндік сыры бар. Егер мен үйден, елден тыс жерде жан тапсырсам, жұрт сырғаны сатып, табыт алады. Бұл менің табытымның құнына тең алтын әрі үнемі өлімді еске салып тұрады», деп түсіндірді. Осыдан кейін актерге жұрттың құрметі одан сайын арта түсті.
Жетпіс жылдан кейін табылды
АҚШ-та 70 жыл бұрын ұрланған бала табылды. Оған ДНҚ сынағы көмектесті.
Луист Армандо Альбино 1950 жылы жоғалып кеткен екен. Оны біреулер ұрлап, асырап алған. Туыстары қанша жыл іздеп, таба алмағаннан кейін күдерін үзген көрінеді. Биыл ағасы мен балалары соңғы рет тырысып көреміз деп бел буады. Өздерінің ДНҚ сынағын дерекқорға салып, өзгелермен ұқсастығын саралайды. Сонда тест бейтаныс адаммен 22% ұқсастық тапқан. Содан туыстары әлгі адамның мекенжайын тауып, іздеп барады, тілдеседі. Расында да ол қанша жыл бұрын жоғалған бауыры болып шығады. Америкалықтар «Технология бауырларды табыстырды» деп шуласып жатыр. Рас-ау!