Оқиға • 01 Қазан, 2024

Ұстаздар күнінде мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5 қазан - мұғалімдер күні. Мереке қарсаңында мұғалімдерге арналған сыйлық мәселесі жыл сайын қызу талқыланады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұстаздар күнінде мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма

Фото: freepik.com

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беруге шектеулер күшейтілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың мұғалімдерге де қатысы бар. Бірақ мектеп мұғалімдеріне арналған сыйлық мәселесі жыл сайын желіде талқыланады.

«Ұстаздар күні - ұстаздардың өміріміздегі маңызды орнын еске түсіретін ерекше мереке. Бұл біздің білім мен тәрбиемізге жанын қиған жандарға алғыс айту мүмкіндігі. Гүлдер, жылы лебіздер - мұның бәрі де нышан. Ұстаздарымызға деген құрмет пен ризашылықты білдіретін қимылдар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұстаз еңбегінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, заңға сәйкес, егер сыйлық құны 5 АЕК-тен (18 460 теңге) асса онда бұл Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Алайда, алдын ала келісілмеген, 5 АЕК-ке дейінгі (18 460 теңге) шағын сыйлықтар үшін ұстаздар Қылмыстық кодекстің бабы бойынша жауапкершілікке тартылмайды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұстаздарға гүл сыйлау игі дәстүр екенін атап өткен еді.

«Тәтті-тәпсекке қатысты ойлану керек. Әркімнің қалауы әртүрлі. Бірақ оқушылардан мұғалімнің гүл алуы көңіл-күйді көтеретін үрдіс. Оқушылардың мұғалімдерге құрмет ретінде гүл сыйлауы дәстүрге айналған. Сондықтан оны дұрыс деп есептеймін. Гүл сыйлау − әркімнің өзінің көңілі мен ниетіне байланысты. Бірақ гүл сыйлауды міндеттемеу керек», деді министр.