Таным • 02 Қазан, 2024

Ғалам ғажаптары: Жоғалған қала

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Адамның, заттың жоғалғанын жиі естиміз. Тіпті «жоғалған ұрпақ» деген ұғым да, ағым да енген. Ал қаланың жоғалуы қызық екен.

Ғалам ғажаптары: Жоғалған қала

Перудегі Мачу-Пикчу қаласы бірнеше ғасыр бойы жоғалып, табылмаған. Тек 1911 жылы ғана Хирам Бингам деген ғалым ежелгі Инка қаласын тауып, әлемге әйгілі етті. Бұл қала Анд тауларында, жерден 2 430 метр биіктікте орналасқан. XV ға­сыр­да инкалар Мачу-Пикчуды тастап кеткеннен кейін, қала түбегейлі ұмытылып, назардан тыс қалды. Тіпті қазір де көптеген зерттеуге қарамастан, Мачу-Пикчу жұмбақтары әлі де шешілген жоқ.

 

100 сөз білетін құс

ва

Тотықұстардың сөйлей алатыны бәріне мәлім. Дегенмен 100 сөз білетін әрі мағынасын түсінетін тотықұс таңғалдырды.

Африкалық сұр тотықұс Алекс өте қырағы, талапты. Ғалым Ирэн Пеппер­бергтің зерттеуінше, ол тек сөздерді жаттап қана қоймай, олардың мағынасын түсінетін болған. 100-ден астам сөзді біліп, тіпті түстерді, пішіндерді, сандарды ажырата білген. Алекс сұрақтарға жауап беріп, кейде өз қалауын білдіріп отырған. Бұл құстардың когнитивтік қабілеті олар­дың естіген сөздерді қайталаудан гөрі, оларды саналы түрде қолдана алатынын көрсетті.

 

Қайта өңделетін қарындаш

ыв

Данияда 2015 жылы экология мен қалдықтарды азайту мақсатында ерекше қарындаштар жасалды. Оны қол­данып болған соң, жерге тастай саласыз.

Бұл қарындаштардың ерекшелігі – олардың басында кәдімгі өшіргіштің орнына өсімдік тұқымы бар капсула орналасқан. Қарындаш пайдаланылып, қысқарып біткенде, оның қалдығын топыраққа отырғызуға болады. Су құйып, күтім жасасаңыз, көп ұзамай тұқым өніп, әдемі гүлдер мен шөптер өсіп шығады.

Қарындаштар тек экологиялық таза материалдардан жасалып, биологиялық түрде ыдырайды. Бұл инновация мектептер мен кеңселердегі қалдықтарды азайтуға, қоршаған ортаны жақсартуға арналған маңызды қадам болды.