Аймақтар • 02 Қазан, 2024

Қос мұнаралы мешіт ашылды

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі 19 шағын ауданда қос мұнаралы мешіт бой көтерді. Әл-Фараби даңғылы бойындағы бұл мешітке әлемге әйгілі ғұламаның есімі беріледі.

Қос мұнаралы мешіт ашылды

Суретті түсірген – автор

Ғибадат үйінің құрылысы үш жыл бұрын басталған. Ертістің оң жағалауындағы Жібек маталар комбинаты шағын ауданында 146 мың халық тұрады. Күленов кентінде ғана 16 мың жан саны бар. Сондықтан есеп-қисапқа жүгіне отырып, кәсіпкерлер жаңа шағын ауданға бір мешіт керек деп шешкен.

– Өскеменде осыдан 12 жыл бұрын Халифа Алтай мешіті ашылған. Содан кейін ашылып тұрған мешіт – осы. Айта кетейін, бұл құлшылық орны ғана емес, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрететіндей орталық ашылуы керек. Жастарды руханиятқа, түзу жолға баулып, жаман әдеттерден аулақ болуға шақыруымыз керек. Біздікі ұсыныс. Қалғанын мүфтият өздері нақтылайды, – деді құрылыс жұмыстарына демеу болған кәсіпкер Қайнар Дүйсенов.

Әрине, қазақтың ұмыт болып бара жат­қан салтын осындай рухани орындарда үйретіп, жастардың санасына сіңіру қажет-ақ. Жаңадан бой көтерген мешіттің ішкі-сыртқы сәулеті, дизайны да қазақы өрнектермен безендірілген. Еңселі ғимарат мың адамға шақталған. Мұнараларының биіктігі – 20 метр. Мешіттің негізгі залында тәлім-тәрбие, сабақ беру мақсатында 36 шаршы метрлік лэд-экран қойылған. Түсінгеніміздей, араб ті­лінде оқылып жатқан сүрелер қазақша ауда­рылып, экраннан шығып тұратын көрінеді.

Мешіттің тағы бір ерекшелігі, ерлер мен әйелдер екі бөлек есіктен кіріп, екі жақта намаз оқиды. Құран бағыштауға арналған бөлме де бар. Бала-шағасымен келген жамағаттың да жағдайы ойластырылып, шағын ғана ойнайтын бұрыш жасалған. Сондай-ақ 230 адамға арналған қатымхана ашылды. Ас пен науқаннан түсетін қаражат мешіттің коммуналдық қызметтерін төлеуге жұмсалады.

Облыстың бас имамы Ермек қажы Мұқа­тай­ұлының  айтуынша, 19-шағын аудан тұр­ғындары мешіттің қажеттілігін бұрыннан айтып жүріпті.

– Халықпен кездескен сайын мешіт болса деп тілек білдіретін. Ниеттеріне қарай кәсіпкер азаматтар қолға алып, тілек қабыл болды. Аз уақыттың ішінде зәулім мешіт бой көтерді, – деді Ермек қажы Мұқа­тайұлы.

Айтқандай, Әл-Фарабидің атауын беру туралы ұсыныс Діни басқармаға жіберілді.

 

ӨСКЕМЕН