Сурет: ru.freepik.com
Әдетте осы күні гематологиялық, онкологиялық, транспланттауды қажет ететін басқа да күрделі ауруларға шалдыққан балалар мен ересектерге сүйек кемігі мен перифериялық қанның дің жасушаларын беруге келіскен барлық донорға құрмет көрсетіледі. Донорларды тартуға, тіркелімдерді қалыптастыруға көңіл бөлініп, осы бағытта еңбектеніп жүрген дәрігерлердің де еңбегі ескерусіз қалмайды.
Баспасөз мәслихатында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы Сания Әбдірахманова сүйек кемігі доноры болған, Ұлттық тіркелімге енген азаматтарға алғыс айтты.
«Сүйек кемігі донорының дүниежүзілік күні 2015 жылдан бері аталып өтіп келеді. Бұл күнді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігерлері де назардан тыс қалдырған емес. Жыл сайын сүйек кемігі мен перифериялық қанның дің жасушаларын беруге келіскен донорларға алғыс айтып, құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ іс-шаралар аясында елдегі қан орталықтарында еңбек ететін барша маманның көмегімен сүйек кемігі доноры туралы ақпараттандыруға күш саламыз, сүйек кемігі трансплантациясының маңызын, қандай аурулар кезінде трансплантация қажет екенін түсіндіреміз. Трансплантация кезіндегі қауіпсіздік туралы ақпараттандырып, сүйек кемігі донорларының Ұлттық тіркелімінің жұмысы туралы баяндаймыз. Әрине, біз мұндай іс-шараларды тек Сүйек кемігі донорының дүниежүзілік күні қарсаңында ғана ұйымдастырмаймыз. Мысалы, биыл маусым айында «100 qadam» деп аталатын жоба аясында тұрғындарға насихат жүргіздік. Бұл акцияның негізгі мақсат-мұраты сүйек кемігі донорының қауіпсіздігі туралы кеңінен ақпараттандыру болды. Өйткені Ұлттық тіркелімге көбірек адам тарту қажет. Біз күш біріктірсек қана хал үстінде жатқан науқастарға үміт сыйлап, аман алып қала аламыз. Осы бағыттағы іс-шара 100 күнге жалғасады», деді С.Әбдірахманова.
Конференцияда Ұлттық сүйек кемігі донорлары регистрінің меңгерушісі Анар Байсмақова гемопоэтикалық дің жасушаларының донорлығы туралы баяндама оқыды. Оның айтуынша, жыл сайын елде шамамен 300 науқасқа лейкемия, басқа да қан аурулары диагнозы қойылады. Әрі олардың көбіне сүйек кемігін ауыстыру қажет болады. Баспасөз мәслихатына жасушалары пациенттердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізген сүйек кемігі донорларының Ұлттық тіркелімінде тұрған донорлар да қатысты. Олар өздерінің донор тәжірибесі туралы әңгімеледі.