Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жоғарыда жазғанымыздай, сынып жетекшілері расымен де баланың мектептегі ата-анасы секілді. Өйткені оқушының сабақ үлгеріміне де, сабақтан тыс өміріне де, мектептегі, мектептен бөлек түрлі іс-шаралардағы тәртібіне де сынып жетекшісі жауапты. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмыстан мұғалімдердің көбі саналы түрде бас тартып жатады. Мұның бір себебі сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақының тым төмендігінде болып тұр. Мәселен, қазір осы қосымша ақының мөлшері 10 мың теңгеге де жетпейді. Бұл дегеніңіз – өте мардымсыз сома әрі сынып жетекшінің арқалайтын ауыр жүгін еш ақтамайтын ақы. Сондықтан да сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақының мөлшерін көбейту туралы тақырып жиі көтеріледі. Бірақ бұл шешім түйткілдің түйінін түбегейлі тарқата ала ма?
Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың педагогтермен кездесуінде сөйлеген сөзінің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Кездесуде Ғ.Бейсембаев: «Сынып жетекшілігіне енді біз басқаша қараймыз. Маған мектеп басшылары мұғалімдердің сынып жетекшісі болғысы келмейтінін айтады. Неге болғысы келмейді? Сынып жетекшісіне басқаша мәртебе беруіміз керек. Сынып жетекшілігіне төленетін қосымша ақының мөлшерін үш есе көтереміз. Аттестацияға да сынып жетекшілігін қостық, енді аттестацияда сынып жетекшілігін қоса атқарып жүрген мұғалімнің балы жоғары болады. Тағы да басқа артықшылықтарды енгіземіз, оқытамыз, дайындаймыз. Ендігі жерде сынып жетекшісі болғысы келетіндер де бола алмайтын бәсеке қалыптасады, біз осыған алып келеміз», деген. Министрлікке хабарласқанымызда үстемеақының қашан көбейетіні алдағы уақытта хабарланатынын, әлі қарастырылып жатқанын жазды.
Жоғарыдағы министрдің мәлімдемесіне желі қолданушылары түрлі пікір қалдырған, олардың арасында мұғалімдердің де бар екені көзқарасынан көрініп-ақ тұр. Мысалы, Г.Е. (журналистік этика тұрғысынан аты-жөнін толық жазғанды құп көрмедік) есімді пікір білдіруші: «Өте көп қосыпты-ау, енді жұмыс істеңдер. Түнде полиция, күндіз мұғалім, тәрбиеші, бірақ өз баласына уақыты жетпейтін ең батыр адамдар ғой», деп жазыпты. Ал Г.А. есімді пікір білдіруші: «Сынып жетекшісі мүлде басқа адам болып, өз бағытында аттестациядан өту керек. Мұғалім өз пәнімен өту керек», деп аттестацияда артықшылық берілуіне қарсылық білдіріпті. Енді бірі: «Алматыда үшінші рет 12 жасар қыз 13-қабаттан өзін тастап жіберді. Ұрпақтың санасыздығы өршіп барады. Білімнің де, тәрбиенің де жолы дұрыс емес. Қазіргі балаларда рух жоқ. Санасы әлсіз. Ішкі күш-қуат жоқ. Виртуалды сана қалыптасқан. Кім жетектесе де, еріп кетеді. Бұл кімнің кінәсі? Ақша көбейткенмен, тәрбие оңала ма?», деп мәселеге мүлдем басқа қырынан келген екен.
Расымен де бір сәт ойланып көрейікші, қосымша ақының мөлшерін арттырғанмен, мәселе шешіле ме? Жағдайға кіріп айтар болсақ, жалақысына тағы 20 мың теңге қосылған бір сынып жетекшісі өз жауапкершілігіндегі 25 оқушының тәрбиесін жақсартып кете ала ма? Өте күмәнді. Өйткені тәрбие көп күш-жігерді, психологиялық тұрғыда асқан шеберлік пен кәсібилікті талап етеді. Мектепке арнайы барып, сынып жетекшісімен тілдескеннен түйгеніміз сол болды. Сынып жетекшілігін қоса атқаратын елордадағы №8 мектептің математика пәні мұғалімі Нағима Әбдірасылқызы аталған қосымша қызметтің жауапкершілігі жоғары, осыған қоса толтыратын есеп құжаты көп екенін айтады.
«8-сынып оқушыларына жетекшілік етемін. Мысалы, мен өзімнің сабағымнан бөлек, яғни жұмыс уақытында ұзаса 2-3 сағат қана оқушылардың тәрбиесімен айналыса аламын. Бұл уақыт жауапты жұмысқа жетпейді, себебі ата-аналардан кейін біз тұрамыз. Оның үстіне қазір ата-аналар баланың тәрбиесін мектепке ысырып қойған. Оларды да кінәлай алмайсыз, себебі отбасын асырау керек, әлеуметтік, тұрмыстық шаруалардан, жұмыстан босамайды. Ал мектеп оқушыны әрі кеткенде 7-8 сағат қана ұстап тұра алады, 24 сағаттың қалған бөлігін ол өзінің отбасында ата-анасымен өткізуі керек. Өкінішке қарай, балалар үйдегі уақытын ата-анамен емес, жалғыз немесе достарымен, болмаса телефонмен өткізеді. Әлбетте, ұрпақ тәрбиесіне біздің, яғни мұғалімдердің де ықпалы бар. Солай десек те, ең маңыздысы – отбасы, ата-ана тәрбиесі. Қаншама жыл сынып жетекшілігін атқарғанда жақсы да жаман жағдайларға кез болдым. Соның ішінде басқасынан жиірек кездесетіні – баланың екі түрлі образда болатыны. Мысалы, бір оқушым мектепте сыныптастарына күн көрсетпейтін, мұғалімдермен қарым-қатынасы кикілжіңге ұласып кете беретін, агрессияға толы адам болды. Оның осы қылығын ата-анасына айтсақ, мүлдем сенбейді, керісінше бізді кінәлайды. Өйткені ол – отбасында мүлдем басқа бала. Содан сол оқушымды ұзақ зерттедім, үйіне де барып, әке-шешесімен де сөйлесіп, біраз бақыладым», деді сынып жетекші.
Н.Әбдірасылқызы ұзақ уақыт зерттеу нәтижесінде анықтағандай, бала отбасында әкесінен қорқады. Әкесі өзінің балаға қол жұмсайтынын жасырмаған және онысын кішкентай кезде өзінің де таяқ жеп өскенімен, бала таяқ жемесе, адам болмайтынымен түсіндіріпті. Анасы да баланың кішкене өрескел әрекетін, теріс қылығын байқаса, әкесінің сабап тастайтынын растаған. Сөйтіп, сынып жетекшісі ата-анасына бала өз әке-шешесіне ішіндегісін шығара алмағандықтан, ең жақын жандарынан жылулық көрмегендіктен, сонысын сырт адамдарға шығаратынын, одан үйде көрген қатыгездікті басқаларға көрсететінін, ашу-ызасын мектептегі, даладағы адамдардан алатынын айтыпты.
«Жасөспірім оқушылардың арасында адам ойына келмейтін оқиғалар болып жатады. Жалпы, біз балалардың әлеуметтік жағдайын білу үшін үйін аралап, акт толтырамыз. Көбінде байқағаным, олардың басым бөлігі, шамамен 80 пайызы толық емес отбасында тәрбиеленіп жатыр. Бұл бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Жиі кездесетіні, жалғызілікті ата-аналар отбасындағы барлық шаруаға, асырауға ғана үлгереді де, бала тәрбиесіне уақыты да қалмайды. Сондайда баланың мінез-құлқы да жаман жағына өзгеріп кетеді. Сол уақытта ата-аналар әдетте бар ашуын мектептен алып, білім басқармасына немесе министрлікке, әйтеуір бір жоғарыға шағымданатынын айтып шыға келеді. Олар көбіне баласын қорғап жүрмін деп ойлайды, бірақ шын мәнінде перзентін психологиялық тұрғыда қорғай алмаған болып шығады», дейді Н.Әбдірасылқызы.
Иә, бала тәрбиесімен ең бірінші ата-анасы айналысуға тиіс. Десек те баланың көңіл күйі мен жүріс-тұрысы, мінез-құлқына бақылау жасап, оқыс оқиғаның алдын алуға мүмкіндігі бар, тіпті түзеуге, түзелуіне мұғалімнің ықпал ете алатыны да рас. Мұны ата-аналар да жоққа шығармайды. 4 баланың анасы Қарлығаш Тоқтасын мұғалімнің оқушы өмірінде алатын орны, рөлі зор екенін айтады.
«Мен мектепте ата-ана комитетінің төрайымы болдым. Бірде мерекеге орай сынып жетекшісіне ата-аналар чатында ақша жинау туралы ұсыныс айтылды. Барлығы сыйлық беруге келісіп отыр, бірақ ақшаның сомасына келгенде келіспеушілік туды. Себебі өзі сол мектепте мұғалім болып істейтін ата-ана көбі қолдап тұрған сомаға келіспей, екі есе көп жинауды ұсынды. Бір-екі адамды өзінің соңына ертіп алған, чатта соның сөзін сөйлеп отырды. Алайда көпшіліктің дауысы жеңіп, соңғы шешімді комитет басшысы ретінде мен шығардым. Санаулы адамның қалауындай алтын бұйым болмағанымен, аз сомадан жиналған қаражатқа әжептәуір сыйлық алдық. Біраз уақыт өтті, мен мұны мүлдем ұмытып та кеттім. Бір күні балам үйге көңілсіз келді, себебін сұрағанымызда басқа сыныпқа ауыстыруды өтінді. Өйткені сынып жетекшісі сол сыйлық мәселесінен бері балама қысым көрсетіп келіпті. Сабаққа жақсылап дайындалып барып, үйде оқығанын айтып беруге қолын көтеріп қанша сұранса да, мүмкіндік бермепті. Керісінше сабақ сұрамай, нашар баға қоя беріпті. Осыдан өте жақсы оқитын баламның сабақ үлгерімі нашарлап қана қоймай, мінез-құлқы да өзгеріп, тұйықталып, тіпті ештеңеге зауқы соқпай қалды. Шын мәнінде мұғалім – мектептің жүрегі ғана емес, оқушының өмірін өзгерте алар ықпалды адам. Оның ішінде, әсіресе бастауыш сынып жетекшілерінің рөлі зор», дейді ана Қ.Тоқтасын. Көпбалалы ананың айтуынша, тұңғышының мамандық таңдауына, өмірде алғыр, оқуда озат, қоғамдық істе белсенді болуына сынып жетекшісінің ықпалы көп болған. Сол себепті бәрі сынып жетекшісінің кәсіби біліктілігіне байланысты.
Негізі білім сарапшылары арасында сынып жетекшісіне пән мұғалімінен бөлек штат бөлініп, өзіне жеке жалақы төленуі керек екені айтылады. Сонда мектептегі баланың тәртіп-тәрбиесіне сынып жетекшісі толығымен жауап береді, сабақ беремін деп алаңдамайды. Мұндай жүйе шетелдік мектептерде, елімізде зияткерлік мектептерде бар. «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Тәрбие жұмысы» департаменті директорының орынбасары Аида Төлендіқызының сөзіне қарасақ, зияткерлік мектептегі куратор маман оқушының таңнан кешке дейінгі мектепте өткізетін уақытында тәртібіне, көңіл күйі, мінез-құлқы, оқу үлгеріміне жауапты болады. 2009 жылдан бері енгізілген бұл қызметке педагогикалық мамандығы бар мұғалімдер мен психологтер қабылданады. Оқу-тәрбие үдерісін жүзеге асыру мақсатында куратор пән мұғалімдерімен, мектеп психологі, жатақханадағы тәрбиеші, кәсіби бағдар беруші (профориентатор), педагог-кітапханашы, ата-аналармен тығыз жұмыс істейді.
«Куратор – мектептегі балалардың екінші ата-анасындай ең жақын адамы десек артық емес. Ол оқушының сабаққа келгеннен бастап мектептен қайтқанша (яғни толық жұмыс күні) оның жан-жақты дамуы, эмоционалды көңіл күйінің қандай жағдайда екенін қадағалау, айналасындағы достарымен қарым-қатынасын бақылау, сабаққа қатысуы, тәртібі, оқу үлгерімін қадағалау, қосымша сабақтар, үйірмелер мен элективті сабақтар, тәрбие жобаларына, мектептегі сабақтан тыс түрлі іс-шараларға қатысуы, өмір қауіпсіздігіне, балаға жайлы орта қалыптастыруға қатысты қызметтер атқарады. Кураторлық қызметтің тағы бір ерекшелігі, егер оқушының оқу үлгерімі немесе тәртібінде қандай да бір оғаш жағдай болғанда шұғыл түрде әрекет ете алады», деді А.Төлендіқызы.
Зияткерлік мектеп өкілінің айтуынша, куратордың орташа жалақысы оның біліктілік деңгейіне байланысты болады. Біздің қоғамда көп жағдайда ата-аналар мектеп жиналысына қатысуға, түрлі іс-шараларға келуге салғырттық танытады, алайда аталған мектепте ата-аналар белсенді. Өйткені мектеп ата-аналарының бала тәрбиесіне қатысты білімін арттыру әрі баламен қарым-қатынасты нығайтуға қажетті әдістерді үйрету, тәжірибе алмасу мақсатында куратор «Ата-аналар» университетін ұйымдастырады. Мұнда психолог, куратор, пән мұғалімдері бірлесіп ата-аналарға арналған пайдалы оқу семинарларын әр тоқсанда өткізеді. Бұл өз кезегінде ата-ананың саналы түрде балаларымен қарым-қатынасын жақсартуына, ата-ана-мектеп-оқушы тұрғысынан тереңірек түсінуіне жағдай жасайды, сонымен қатар мектеп өміріне қызығушылығын арттырады.