Аймақтар • 02 Қазан, 2024

Жылу берудің жайы

127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысында тұрғын үйлерді жылуға қосу жұмыстары тәмамдалып қалды. Қазірде Ақсу қаласындағы барлық тұрғын үй жылуға қосылған. Ал Павлодар мен Екібастұздағы іс-шаралар бір-екі күнде аяқталуы тиіс.

Жылу берудің жайы

Сурет: ru.freepik.com

Үш қаладағы әлеуметтік нысан­дардың барлығы бүгінде жылумен толық қамтылған. Ақсу қалалар арасында ең алғашқы болып барлық әлеуметтік  мекемелерді және үйлер­ді жылуға қосты. Ал Павлодар қаласын­дағы 1 300 көппәтерлі үйдің тек 21-іне ғана жылу кірмеген.

«Бұл үйлердің сыртқы және ішкі желілерінде апаттық жағдай­лар анықталғаны себепті жылу кеш бе­ріліп жатыр. Жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп, жылумен қамту мекемесінің қызметкерлері гидравликалық және температуралық режімді реттеп жатыр. Негізі жылу беруді 9 қыркүйекте бас­тадық. Бастапқы бетте әлеуметтік нысан­дар қамтылды», деп хабарлады Пав­ло­дар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жылу параметрлері бірден қалыпты болмайтынын ескертіп отыр.

«Тұрғындар пәтерлеріндегі батареялар бірден қызбайды. Жылу желілерін толтыру біршама уақыт алады. Желідегі су айналымы 22 мың тоннаны құрайды. Ал жылу электр орталығындағы желілік сумен толтырудың ең жоғары мүмкіндігі – тәулігіне 800 тонна көлемінде. Осыған байланысты қаланы жылумен қамтуды толық іске қосу және баптау үшін бізге біршама уақыт қажет», деді шаһар басшысы.

Екібастұз қалалық тұрғын үй инс­пекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдин шаһарда 300-ден астам көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылып үлгергенін мәлімдеді. Қалада жалпы саны 700 тұрғын үй және 6 мыңнан астам жер үйлер орналасқан. Мұндағы жылуға қосу жұмыстары алдағы екі күнде толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ақсу қалалық ішкі саясат бөлімі­нің басшысы Әсемгүл Ракимова 16 қыркүйектен бастап әлеуметтік ны­сандарға, 23 қыркүйектен тұрғын үй­лерге жылу жіберілгенін айтады. Ме­таллургтер шаһарында 265 тұрғын үй мен 44 әлеуметтік нысан бар.

Биыл Үкімет Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға арнайы резервтен 9 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражат есебінен (3,6 млрд теңге) Павлодарда ұзындығы 2,5 шақы­рым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынды. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері аумағындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу ма­гистрал­дарының учаскелері реконструк­ция­ланды (3,6 млрд теңге). Қалған 1,8 млрд теңге Ақсудағы №3,5 және 8 шағын аудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылды. Соңғы 2 жылда аталған учаскелерде 40-тан астам ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан астам тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

 

Павлодар облысы