22 Маусым, 2010

ОШ ТҮЙІНІ ШЕШІЛЕР ЕМЕС

456 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың тапсыруы бойынша Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметінің басшысы Р.Отунбаевамен туысқан Қырғызстан халқына қажетті көмектің көлемі мен түр-түрлері бойынша телефон арқылы келіссөз жүргізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі. Тараптар көрсетілетін көмек­тің қауіпсіздігін, сақталуын және оның тікелей мұқтаж болып отыр­ған Қырғызстан азамат­та­рына жеткізі­луін толық қамта­масыз етуге баса назар аударды. Қырғыз Республикасы Уақытша үкіметінің жетекшісі осынау қиын кезеңде тұрақты да дәйекті қолдауы үшін Қазақстан Президентіне риза­шылығын білдіріп, бүгін қажет бо­лып отырған көмек және оны мұқтаждарға жеткізудің түрі жө­ніндегі өз ұсыныс­тарын жолдай­ты­нын мәлімдеді. Сонымен қатар, Р.Отунбаева ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сын тұтастай Қырғызстандағы және атап айтқанда, Ош қаласындағы ахуал туралы хабардар етіп, өзінің жуырда ғана сол жақтан келгенін айтты. Ол белгілі дәрежеде шие­ле­ністің бар екенін, тұтастай алғанда, үлкен қауіп-қатер мен проблема сақталып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты тараптар 27 маусымға белгіленген референдум­ды өткізу үшін барынша қолайлы жағдайлар туғызу қажеттігін атап көрсетті. Қ.Саудабаев дағдарыстың ал­ғаш­қы күнінен бастап көрші рес­публикаға жан-жақты көмек көр­се­тіп келе жатқан Қазақстан Пре­зи­дентінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекеттің басшысы ретінде бұдан былай да екі жақты негізде туысқан Қырғызстан халқының осынау ауыр дағдарыстан шығуы үшін қажетті көмек көрсете беру ниетінде екенін қадап айтты.