Фото: Астана әкімдігі
«Мүмкіндігі шектеулі жандармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сол сияқты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Бірлесе отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартамыз.
Кездесуде инватакси, халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімді орта, тротуарлар мен аялдамалардың ыңғайлылығы және т.б. мәселелерді талқыладық. Жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен жолдарды абаттандыру барысында барлық санаттағы адамдардың мүдделерін ескереміз», деп жазды қала әкімі желідегі парақшасында.
Жеңіс Қасымбек қаладағы инватакси қызметіне қатысты ақпарат ұсынды. Ол елордада жыл сайын инватакси саны артып жатқанын тілге тиек етті.
«Мәселен, бұрын 50 көлік болса, алғашқы кезеңде 113 көлікке дейін арттырдық. Қазір инватакси саны – 147. Бірақ бұл да қаланың қажеттілігін толық қамти алмайды. Сол себепті олардың санын арттыруды ары қарай да жалғастырамыз», делінген жазбада.
Сонымен қатар әкім мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін мамандарды оқыту жұмыстары жалғасын табатынын айтты.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды», - деп жазды елорда әкімі.