«Ертең өскенде хореограф боламын» деген ойға берік бекінді. Сөйтіп, мектеп бітірген кезде мамандық таңдауда еш қиналған жоқ. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясына оқуға түсті. Арадағы жылдар қалай жылдам зымырап өте шықты десеңізші. Ол қолына диплом алған соң көп ойланып жатпады. Туған жерге қызмет етуді парыз санап, Жезқазғанға жол тартты. Қазір С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы драма театрында балетмейстер болып еңбек етеді. Негізгі жұмысынан қолы босағанда жас қыздарды би өнеріне тартуды мақсат тұтқан биші өзінің мектебін ашуды ұйғарды. Бұл ойын ата-анасы да, әпкесі Самал да қолдады. «Даму» бағдарламасы бойынша ғимаратқа қол жеткізді. Бұл ойдағы арманға қол жеткізудің тек алғашқы қадамы болатын.
«Бізге құрал-жабдықтар қажет болды. Сондай-ақ менің түсінігімде, би – сұлулықтың рәмізі. Мұнда би үйренуге келгендер ең алдымен өздері жаттығатын нысанның әдемілігіне сүйсіне білуі керек. Сондықтан би залын көркемдеп, әдемілеп, яғни интерьерін көздің жауын алатындай етіп қою да керек болды. Сөйтіп, Жезқазған қаласы әкімінің «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталатын жас кәсіпкерлерге арналған байқауына қатысып, грант иегері атандым», дейді Сая Садықова кәсіпкерлікке қалай келгені хақында.
Ол жуырда салтанатты жағдайда «SSS» деген би мектебін ашты. Салтанатты шараға қала әкімі Қ.Шайжанов қатысты.
«Әрбір кәсіпкер, жаңадан ашылған нысан қаламыздың экономикасына тамшыдай болса да үлес қосады. Сондықтан олардың әрқайсысының жұмыстарына тек қана сәттілік тілейміз. Саяны да, Самалды да «Мақпалда» жүрген кездерінен білемін. Енді олардың өздері кейінгі буынды тәрбиелеуді қолға алып жатыр. Бұған қалай сүйінбеске?» деді ол. Әрбір әкім жас кәсіпкерлерді осылайша қолдай білсе, қандай ғанибет.
Саяның «SSS» мектебінде қазірдің өзінде 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Кейін мектептің аясы кеңісе, жұмыс орындары да көбейе түсуі әбден мүмкін. Бұл жағын уақыт еншісіне қалдыра тұралық.
Қазір мұнда 40 жас қыз би өнерінің әліппесімен танысуда.
«Мектепке төрт жастан бастап қабылдаймыз. Олар 7 жасқа дейін балалар хореографиясымен айналысады. Бұдан соң үш бағыттың, яғни классикалық биді, балетті, сондай-ақ халықтық және заманауи хореографияны таңдайтын болады. Біздің мақсат – би өнеріне ұмтылатын жас өскіндерді кәсіби тұрғыда тәрбиелеу» деген Сая бұл істе әпкесі Самалдың ақыл-кеңесіне, көмегіне жүгінетінін жасырмады.
«Самал Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, педагог-магистр. Сондықтан оның білімі, тәжірибесі мол» дейді Сая жанында жүрген ең жақын ұстазы туралы.
Өнерлі болу бар да, сол өнерді кәсіпке айналдыру бар. Мұның екеуі де Саяның бойынан табылып тұр. Өзі – өнерлі, өзі – кәсіпкер. Көп кешікпей «SSS» мектебінен қаншама шәкірттер би әлеміне түлеп ұшатын болады. Демек оның кәсіпкерлікпен бірге ұстаздық жолы да басталып жатыр.
Жезқазған