Мәселе • 03 Қазан, 2024

Бүлдіргіні қатаң заң түзейді

134 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жолы шетелге қыдыруға барған отандасымыз Италиядағы тарихи ғимаратқа заңсыз жазу жазып, жауапкершілікке тартылды. Осы оқиғаның артынша Грузияға барған тағы бір атыраулық келіншек Батумидегі Ботаника бағында өте сирек кездесетін бамбук ағашына атын жазып қалдырмақ болған. Шекара сыртында есімін ескерткіштерге қалдырамын деп, мемлекеттің абыройын айрандай төккен мұндайлардың ел ішіндегі ессіз әрекеттерін жіпке тізіп шығу мүмкін емес.

Бүлдіргіні қатаң заң түзейді

Вандализм және заң талабы

Кейінгі жылдары қарға адым жерге қоқысын төгуге ерінетін, қала берді қоғамдық орындардағы құрал-жабдық­тарды жеті атасының кегі кеткендей қиратып кетуге құмарлық көбейіп барады. Таяуда ғана бір топ тұрғын қала келбетіне көрік беруге қойылған көрнекі мүсінді бір күнге жеткізбей қиратып тастаған. Бұл бұл ма, Ақмола облысы Бұланды ауданының Макинск қаласында жасөспірім Екінші дүниежүзілік соғыста және Ауғанстандағы соғыс жылдарында қаза тапқан интер­национал-жауынгерлерді еске алу алаңында орнатылған гранит плиталарды талқандап кеткен. Мәселен, жыл басынан бері Астананың өзінде 270 бүлдіргі әрекеті тіркелген.

«Атың шықпаса, жер өртенің» керін келтіріп жүр­гендерге жауапкершілік жеңіл ме, әйтеуір айыппұл көлемін өсіру құқық бұзушыларды тәртіпке салуда септігін тигізе алмай отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы да Ұлттық құрылтай отырысында, жыл сайынғы халыққа Жолдаулары мен ха­лықпен кездесулерде де үне­мі айтып келеді. Соның сал­дарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар бо­лып жатады. Айталық, дала­дағы, көшедегі вандализм, кей­бір азаматтарымыздың тәр­тіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», деді. 

р

Биылғы Жолдауында да Мем­лекет басшысы: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құ­руы­мыз керек. Азаматтары, әсі­ресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өр­кениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Со­дан бері біршама жұмыс атқа­рылды. Вандализмге, лудо­манияға тосқауыл қоятын заң­­дар қабылданды. Вейпке, яғ­ни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған ша­ра­лардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр», деді.

Президент тапсырмасына сәйкес, былтырдан бастап вандализм актілері, қоғам­дық және жеке мүліктің бүлі­нуі үшін жауапкершілік кү­шей­тіліп жатыр. Мәселен, қазір елімізде вандализм мен же­ке мүлікті бүлдіргені үшін кү­шей­­тілген заң жұмыс істеп тұр.

 

Жабайылыққа да қылмыстық жауапкершілік бар

Астана қаласы ПД Бай­қоңыр ауданы­ның учаскелік полиция инспекторы Ас­қар Папышевтің айтуын­ша, мәдени-тарихи, руха­ни ес­керткіштерді бүлді­ру немесе қоғамдық орындар­дағы мүліктерді аяу­сыз, қаса­қа­на қирату, тонау әре­кеті – жа­­байылық пен зұлым­дық­тың шектен шық­қан бір түрі. Мұндай әрекеттің артын­да қаскүнемдік пен ашкөз­дік тұрады. Жабайы­лыққа жауапкершілік болмаса, оның соңы бұдан да сорақы құқық бұзушылыққа, арты қылмысқа
апарады.

«Биыл Мәжіліс депутаттары бүлдіргі әрекеттер үшін Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейту туралы бір­қатар өзгеріс енгіз­ді. Бұрын ұсақ құқық бұзу­­шылық үшін 50 АЕК қаралса, қазір бұл әрекеті үшін 100 АЕК белгіленеді. Бүлдіргі әрекетке барса, 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бұрын бұл 160 АЕК болып есептелетін. Ал айыппұлды төлей алмайтын болса, түзе­туге жіберіледі немесе қоғам­дық жұмыстарға тартылады. Бұрын вандализм үшін 40 күн айыптық қамауда жататын болса, қазір бұл 50 күнге дейін созылды. Бұған қоса бұрын қоғамдық орындарға жұмысқа тарту 160 сағатқа созылса, қазір 200 сағатқа дейін көбейді», дейді А.Папышев.

Сондай-ақ Әкімшілік ко­декс­ке сәйкес, кәмелетке тол­мағандардың заңды өкіл­деріне 15 АЕК-те айыппұл қарастырылған. Ал Прези­дент­тің биылғы тапсырмасына сәйкес, осы кодекске тағы күшейту ен­гізілді. Яғни бөтеннің мүлкіне зақым кел­­тірсе, әкімшілік сотқа материалдар жи­нақталады. Сот құқық бұзушыдан келтір­ген залалдың шығынын толық өтеп беруге шешім шығарып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

«Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды зәбірлеу, намысына тигізетін сөз айту, ғимараттарды, тұр­ғын үй-жайларды, көліктер­ді, қоғамдық ортадағы ор­тақ мүліктерді бүлдіру, айна­ла­сын­дағыларға құрмет көрсет­пеу, қоғамдық тәртіпті бұ­зып жеке адамдардың тыныш­тығын бұзатын іс-әрекеттерге де хаттама толтырылады. Ары қарай ұсақ бұзақылық бабына сәйкес сотқа жолданып, 20 АЕК-де айыппұл салына­ды немесе бес күннен он тәулікке дейін қамауға алынады. Іс-әрекет қайталанса, 15 күннен 30 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады немесе 20 АЕК айыппұл салынады. Кел­тірген шығынға қарай жауап­кершілік өсіп, айыппұл көлемі артуы мүмкін», дейді Асқар Серікбайұлы.

 

Әлем заңдарында аяушы­лық қарастырылмайды

Атырауда өткен Ұлттық құрылтай оты­ры­сында Мемле­кет басшысы жалпыға ор­тақ ұлттық құндылықтар туралы айтты. Бұл – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ын­тымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби білік­тілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Оның ішінде вандализмді қоғамның ке­селі ретінде атаған ол: «Бурабайдағы «Жұм­бақтасты», Баянауылдағы «Кемпір­тас­ты» қа­раңыздар. Ең жауһар жерлері­міздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қан­дай қисыны бар? Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өрке­ниетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек», деген еді.

Депутат Сергей Пономарев вандализм мен мүлікті бүл­діргені үшін күшейтілген жауап­кершілікті жеткіліксіз болып отырғанын жеткізді. Өйткені айыппұл қамағы ешкімді қорқыта алмайды.

«Талдықорған қаласының маңында құрылыс тасы үшін ежелгі петроглифтері бар қалған қорғандар мақсатты түрде жойы­лып жатыр. Ван­­дализмнің алдын алуға ба­ғытталған 10 мыңға жуық іс-шара өткізілгенімен, оның арасында петроглиф жарғыштары мен металл детекторлары бар «жабайы археологтар» туралы бір сөз жоқ», деп отыр.

Ал мұндай бассыздық қазба жұмыста­рын лицензиялауды және тарих ескерт­кіштері орындарында құрылысқа рұқ­сат беретін ғалымдардың жалған қорытын­дыларын ретке келтіруді талап еткен Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалмай отырғанын көрсетсе керек.

Бүлдіргілердің әрекетін айыппұл қа­мағы алдын алмауы әбден мүмкін. Әлем­дегі ең қауіпсіз ел тізімінде көш бастап тұрған Сингапур 1966 жылдан бастап қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге, графитти салып, ойына келгенді жасайтын бұ­за­қыларға 2 мың доллар көлемінде айыппұл белгілейді екен. Сондай-ақ үш жылға дейін темір торға тоғытып, дүре соғу жазасы да қолданылады. Тіпті қоғамдық ортада тәртіп бұзған шетелдіктерді де алпыс күн айыппұл қамағына алып, қоғамдық ортада аямай дүре соғады.

Англияда да қоғам мүлкін бүлдірген­дер­дің шығыны 5 мың фунт стерлинг болса, 2 500 фунт айыппұл төлейді. Шы­ғын­ның көлемі бұдан асып кетсе, келтір­ген залалды толық өтеп, жарты жылға бос­тандығынан айырылады. Ал тарихи жәді­герлерді қорлағандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады екен. Жапо­нияда да тарихи жәдігерлерді лас­тау мен қоғамдық орындардағы заттарға зиян келтіргендер 5 жыл түрмеге отырып, миллион иена айыппұл төлеуі мүмкін. АҚШ-тың көптеген штатында вандалдық әрекет­терге жаза қатал. Мұнда да жоғары айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту мен бас бостандығынан айыруға дейін жауапкершілік қарас­тырылады. Еуропаның көп­теген елінде жазалар қыл­мыстың ауырлығына байланысты айыппұлдан түрме мер­зіміне дейін өзгереді. Демек қоғамдық тәртіпке түкіріп, ортақ мүлікті бүлдіруге үйірлердің тәртібін дүние жүзіндегі елдер майшаммен қарайды. Себебі жабайылыққа жауапкершілік жеңіл болса, зұлымдықтың алдын алу да қиынға соғары хақ.