Қоғам • 03 Қазан, 2024

Еңбек нарығы қалай реттеледі?

117 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемдік еңбек нарығында бір қызық құбылыс бар. Ол – шетелдік жұмыс күші, гастарбайтер. Мысалы, бір елде жұмыссыздық көрсеткіші жоғары бола тұра, сол елге шетелдік жұмыс күші мен гастарбайтер барады. Бұл қандай парадокс?

Еңбек нарығы қалай реттеледі?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Шетелдік жұмыс күші мен гастар­байтердің арасында аздаған айырма­шылық бар. Мәселен, шетелдік жұмыс күші – мемлекетаралық келісімшарт аясында белгілі бір мерзімдік рұқсатнамасы бар заңды  жұмысшы. Ал гастарбайтер деп заңсыз келген еңбек мигранттарын атап жүрміз. Заңды түрде жұмыс істесе, екеуінде қатты айырма жоқ. Ал мұның ішінде жоғарғы білікті жұмысшылар деген бар, олардың санаты басқа. Заңды жұмысшыларда жұмыс визасы болады, олар да біздің еңбекшілер секілді салық төлейді. Соған сай мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алады.

Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы 2 тоқсандағы еңбек нарығының негізгі индикаторлары – жұмыспен қамту, жұмыссыздыққа қатысты жариялаған дере­гіне сүйенсек, елдегі жұмыссыздық дең­гейі – 4,7%. Бұл – халық саны емес, жұмыс кү­шінің санына шаққандағы көрсеткіш. Ха­лықаралық еңбек ұйымы әдістемесіне сәй­кес, елдегі жұмыссыздар саны  451 мың адамды құраған. Ал халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адам ретінде 67,1 мың өтініш түскен, яғни осын­ша адам екі қолға бір күрек таппай жүр.

Енді мына жайтқа қараңыз: 2024 жылғы тамыз айындағы мәліметке сүйенсек, жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты­мен еліміз аумағында 13 835 шетел азаматы еңбек етеді екен.

Біздің 67 мың азамат жұмыс іздеп жүр, ал сөйте тұра, 13 мың шетелдік азамат елде жұмыс істейді. Осы ретте шетелден неліктен жұмыс күшін тартады деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Мәселен, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында әртүрлі санат бар. Биылғы межеде басшылар мен олардың орынбасарларына 559 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшыларына 2 502 рұқсат (екінші санат) етілген. Оның негізгі бөлігі үшінші санат – қат мамандар, төртінші – білікті жұмысшылар. Олар сәйкесінше – 5 097, 538 адам. Сондай-ақ кезеңдік жұмыстарға 1 860 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 279 адам жұмысқа тартылыпты.

Ресми дерекке сәйкес, қазір елімізде жұмыс күшін пайдаланатын 1 806 жұмыс беруші бар. Оларда 428,3 мыңнан астам еліміздің азаматы жұмыс істейді, бұл қыз­меткерлердің жалпы санының 96,8%-ын құ­райды. Ал экономикалық қызмет түр­лерінде ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 825 адам, ауыл, орман, балық шаруашылығына – 1 895 адам, әкімшілікке, көмекші қызметтерге – 1 577 адам, тау-кен өнер­кәсібіне, карьерлерді қазуға – 1 377 адам, өңдеу өнеркәсібіне 1 351 адам тар­тылған.

Елімізге сырттан келген еңбек миг­рант­тары: Қытай елінен – 4 248 адам, Өз­бекстаннан – 1 956 адам, Түркиядан – 1 146 адам, Үндістаннан – 1 066 адам. Бұ­ған қа­тысты ішкі еңбек нарығын қорғау мақса­тында Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі жыл сайын елге шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. 2024 жылы жалпы квота елдегі жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың мөлшерінде белгілепті.

Ал былтыр жергілікті атқарушы орган­дар жұмыс берушілерге шетелдік жұ­­мыс күшін тартуға 14,5 мың рұқсат бер­ген. Бұл қайта бөлінген квотаның 78,5%-ын (18 мың) құрады. 2023 жылы үй ша­руа­шылықтарында жұмыс істеуге еңбек им­мигранттарын тартуға 305,8 мың квота бел­гіленді. Ал жергілікті атқарушы ор­ган­­дар 295 261 рұқсат берді. Сандарды са­лыс­­тыра қарағанда, биыл сәл азайғанын байқаймыз.

Экономист Досбол Нұрахметтің ай­туынша, шетелдік жұмыс күшін азайтудың тұрақты тренді де бар. Бұл мәселемен мемлекет айналысады.

«Деректерге қарағанда, елімізге жылына 25-30 мыңдай шетелдік азамат келіп жұмыс істейді екен. Оларға жұмыс беріп отырған мекемелер саны 4 мың шамасында. Әрине, бәрі бірдей жоғары жалақы алып отыр деуге болмайды. Бірақ көбінің жалақысы біздің жұмысшылардан жоғары болатыны рас. Оның бір мысалы, Қытай елінің жұмысшыларын алайық. Біздің инженер 300 мың жалақы алса, қытайлық маман 1 млн 300 мың алуы мүмкін. Себебі қытайлар айлықтың көбін өз елінен алады. Шетелдік жұмыс күшіне деген наразылық осы жерден басталады. Мұндай жағдай мұнай саласында жиі кездеседі. Екінші, біздің елде қат болып тұрған кәсіби мамандарға ғана жоғары жалақы төленеді. Себебі шеттен келетін маманның талабы солай, ынталандырмаса, келмейді. Сондықтан бізге кәсіби мамандар даярлауды қолға алмаса, бұл жалғаса береді», дейді сарапшы.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының елімізге тартылған шетелдік жұмыс күшінің құрылымдық ерекшеліктеріне жүргізген талдауына қарағанда, тек 2010-2017 жылдар аралығында елімізге сырттан 308,6 мың жұмысшы келген. 2019 жылы елге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаның пайыздық мөлшерінде 4,2% коэффициенті белгіленген. Бұл экономикалық қызметтің 18 түрі Үкіметтің 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №890 қаулы­сында көрсетілген. Алайда еңбек мигранттарына қатысты заңды айналып өтетін шетел­діктер де аз емес. Бұл көбінесе Қы­тай, Ресей, Орталық Азия елдерінен келетін­дерде көп байқалатынын айтады мамандар.

Мәселен, Қызыл Жарты Ай қоғамы Қарағанды филиалының төрағасы Татьяна Абрамованың айтуынша, депортациялау­дан қорқып, көмек сұрап келетін адам көп. Мигранттардың көбі, әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстаннан келгендер елімізде тұрақтап қалғысы келіп, осында отбасын құрады. Бірақ көбі ел аумағында заң талаптарын бұзады.

– Олар «қонаққа келдім» деп жазады да, осында қалып, жұмыс істегісі келеді. Заңды білмеудің салдарынан олардың бір бөлігін кері қайтарады, депортациялайды. Қиындықтардың бірі – барлық мигрант тіркелген орнында тұрмай, ел заңдарын бұзады. Оған айыппұл салу қарастырылған, – дейді ол.

Мұны еңбек нарығындағы парадокс немесе әлеуметтік қарама-қайшылық деп қарағанымызбен, оның тиімді тұстары барын да жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, мемлекет ақшасына салынатын ірі құрылыстарды айтпағанда, жеке тұрғын-үй жайларын салатындардың көбі өзбек жұмысшыларына жүгінетіні рас. Бұл – тек оңтүстік өңірлерде ғана емес, жалпы ел ішінде белең алған үрдіс. Өзбек ағайында­ры қаржымызды алып кетіп жатыр дегенмен, олардың жұмыс сапасы, біліктілігі, құрылысқа баяғыдан икемділігі, көрсететін қызметінің ішкі нарықтан анағұрлым арзан екенін мойындауға тиіспіз.

Еңбек нарығында «арзан еңбек күші» деген ұғым бар. Мамандар шетелден жұмыс күшін тартудың бірден-бір себебі осында жатқанын айтады.  Қалай болғанда да, бұл эннеаграмма сияқты ауыс-түйіс, алыс-беріс сызықтары қоғамдағы өз қажеттіліктерін өтеп жатқанын байқаймыз. Дейтұрғанмен «әуелі өзіңді жарылқап ал» деген ұстанымдарды баса назарға алатын болсақ, өзіміздегі еңбекке жарамды жұмыссыздарды қажетті қат маман­дықтарға бейімдеу жағы қолға алыну керек екені өз өзінен түсінікті болып отыр. Яғни жұмыс берушілерге заманауи жоғары технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын жергілікті кәсіби кадрларды қажетті көлемде даярлап бере алмай тұрған білім беру саласына да таяқтың бір ұшы тимей ме? Сондықтан бұл жайт мектеп бітіріп жатқан түлектердің мамандық таңдауына да әсер етуге тиіс секілді.