Мәселе • 03 Қазан, 2024

Әлеуметтік қолдауда алалаушылық болмаса...

68 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Кез келген мемлекеттің бақуаттылығы, ең алдымен, оның қарттар мен балаларға қарым-қатынасына қарай анықталады» деген екен ұлы ақын Гораций. Ата заңында өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған елімізде халықтың әлжуаз топтарына жататын қариялар мен сәбилерге жасалып отырған қамқорлық аз емес. «Кез келген мемлекеттің бақуаттылығы, ең алдымен, оның қарттар мен балаларға қарым-қатынасына қарай анықталады» деген екен ұлы ақын Гораций. Ата заңында өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған елімізде халықтың әлжуаз топтарына жататын қариялар мен сәбилерге жасалып отырған қамқорлық аз емес.

Әлеуметтік қолдауда алалаушылық болмаса...

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл ретте зейнеткерлердің зейнетақысы мен балалы отбасы­ларға берілетін мем­­ле­кеттік жәрдемақы мөл­шері жыл са­­­йын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеліп келе жатқанын, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап «Ұлт­тық қор – балаларға» жобасы қолға алынғанын айтқан жөн. Бұған қоса, Мемлекет басшы­сының былтырғы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес Үкімет көп жылдан бері талай биік мінберден айтылып келген «регресшілер проблемасын» – негізінен, кеншілердің кәсіптік еңбекке қабілеттілікті жоғалтуына байланысты әлеуметтік төлемі мен зейнетақысы мәселелерін оңынан шешті. Нақты айтсақ, бұрын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуге қатысты төлем өмір бойы төленіп келген. Алайда 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан мұндай төлем оны алушы зейнет жасына келген кезде тоқтатылатын болды. Ауыр жұмыстарда денсаулығынан айырылған азаматтардың осы жөнін­дегі шағымына ден қой­ған Мемлекет басшысының тіке­лей араласуының арқасында «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан мін­детті сақтандыру туралы» заңға тиісті түзетулер енгізіліп, жұмыскерлердің жекелеген санатын өмір бойғы төлеммен қамтамасыз ету қарастырылды. Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәре­жесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға дейін белгіленген, қайта куәландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адамдарға сақтандыру ұйым­дарынан олардың кәсіптік еңбек­ке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мер­зіміне сақтандыру төлемдерін алу құқығы берілді, яғни төлемдер зейнет жасына толғаннан кейін де жасалатын болды. Мұндай төлемдерді алушылар саны – шамамен 1,4 мың адам. Сондай-ақ ауыр жұмыстарды атқарып, денсаулығына зиян келтіріп жүрген адамдарға шын мәнінде 55 жаста зейнетке шығумен пара-пар жеңілдік те көзделді. Ол – биыл алғаш рет енгізілген арнайы әлеуметтік төлем (АӘТ).

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігінің түсін­дір­месіне қарағанда, АӘТ-ті тағайындаудың міндетті шарттары – 55 жасқа толуы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымының болуы. Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өн­ді­рістердің, жұмыстардың, кә­сіп­тердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлерге міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Еліміздегі осындай кәсіптер мен қызмет түрлері 2 мыңнан астам екен. Олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер өз қаржысы есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұй­рығында көрсетілген. Жалпы, бүгінде АӘТ ел экономикасының 17 саласында, соның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтардың игілігіне айналып отыр. Оны алғысы келген жұмыскерлер еңбек жағдайлары зиянды жұ­мыспен айналысуды доғарып, жеңіл жұмысқа ауысып, тиісінше жалақы, АӘТ алатын болды немесе демалысқа шығып, зейнет жасына жеткенше аталған төлемді ала алады.

БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, арнайы әлеуметтік төлемді та­ғайындауға міндетті шарттарды ескере келгенде, оған 2024 жылы – 37 мыңнан астам, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын көбейе түседі. Алдын ала есептеу тұрғысында 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскерге арналған төлем мөлшері оның БЖЗҚ-дағы жинағына байланысты. Бұл ретте жыл сайын арнайы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің артуына байланыс­ты өседі. Мәселен, 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы 519 мың теңгені құрауға тиіс.

Қолданыстағы заңнамаға ен­гізілген түзетулер жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін де жетілдірді. Мәселен, өмірді сақтандыру компанияларының зардап шеккен жұмыскердің санаторий-курорттық емделу ақысын 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде төлеуі, жазатайым оқиға нәти­же­сінде келтірілген зиянды өтеу, яғни сақтандыру төлемінің мөл­шерін айқындау кезінде жұ­мыскердің кінәсін бұдан былай ескермеу сияқты оң өзгерістер енгізілді.

Биылғы жылғы 18 қыр­күйекке дейін зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 11 126 азаматқа АӘТ тағайындалған. Әсіресе өнеркәсіпті өңірлер – Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыс­тарында аталған төлемді алуға өтініш білдіргендер қатары қалың.

Әйткенмен әлі де ойландыратын олқылық та бар. Мысалы, өткен жылы Қарттар күніне байланысты Астана қаласында, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан, Ұлытау облыстарында әр зейнеткерге 2 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі немесе 6 900 теңгеден 34 500 теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілген. Мұндай төлемді Ақмола, Павлодар облыстарының ардагерлері Республика күнінің құрметіне алған. Ал бірқатар өңірде қарттарға мерекелік азық-түлік себеттері тапсырылған. Бұдан әр өңір «көрпесіне қарай көсіліп» отырғаны аңғарылады.

Бұл әділдікке жата ма? Рес­пуб­­ликамыз біртұтас мемлекет болса да, әр өңірдің әкімдігі «өз бетін­ше түйе айдауы» қалай? Оның үстіне қазіргі таңда Алматы мен Астана қалалары, Атырау облысы ғана ел қазынасына қар­жы құятын «донорлар» екен­дігін, ал өзге өңірлердің бар­лығы республикалық бюджеттен қомақты субвенция алып отыр­ғандығын ескерсек, олардың бар­лығына ортақ талап пен тәртіп болғаны жөн емес пе? Кей кедей өңір қарияларының көңілдеріне қаяу түсірмеу тұрғысында Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан тиісті шара қолданылса, артық болмас еді.