Шағын аудандағы жаңа емдеу мекемесі күніне 100-ден астам адамға дәрігерлік көмек көрсетеді. Мұның сыртында түрлі науқастарға жеңіл-желпі операция да жасай береді. Мұнда операция заманауи ультрадыбысты, лазерьлі құрылғылармен жүргізіледі. Көпсалалы клиниканың жатып емделетін науқастарға арналған 35 төсектік орны бар. Сондай-ақ диагностикалық бөлімшесі де жұмыс істеп тұр.
«Операция жасайтын екі арнайы бөлмеміз бар. Жыл аяғына дейін 2 мыңға жуық операция жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт аясында тұрғындарды тегін қабылдайтын боламыз. Керекті құрылғылардың бәрі, тиісті лицензиялар бар. Дәрігер мамандар да жеткілікті. Өзім хирургпін. Мен операция жасаумен қоса, қалқанша безін емдеймін. Біз мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жұмыс істейміз. Қазір клиникалардың көбі коммерциялық негізде ақылы қызмет көрсетеді. Ал біз міндетті медициналық сақтандыру қорымен тығыз байланыс орнатып, науқастарға тегін қызмет көрсетуге дайынбыз», дейді медициналық орталықтың бас дәрігері Виктор Гаврилов.
Медициналық орталықтың ашылу салтанатына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаев қатысты.
«Әуежай» шағын ауданында ашылған жаңа медициналық орталық ең алдымен, осы маңайда тұрып жатқан тұрғындарға ыңғайлы болмақ. Біз «Юбилейный», «Береке» шағын аудандарындағы емханаларды қоса алғанда, жаңа нысандар салуды жалғастырамыз. Алдағы уақытта мұндай медициналық мекемелер саны көбейеді. Мұндай орталықтардың жиі ашылып жатқаны – жақсы үрдіс. Бұл – халық денсаулығын нығайтудың бірден-бір кепілі. Қазір ауыл медицинасын өркендетуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Биылдың өзінде облыс көлемінде 25 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы аяқталады», деді облыс әкімі.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа медициналық орталықтың жанынан №2 қалалық емхананың филиалын ашу жоспарланып отыр.
Медициналық мекеме көпқабатты тұрғын үйдің астыңғы қабатына орналасқан. Салтанатты рәсімде қала әкімі осы маңайдағы үйлерді тұрғызған «KBS» құрылыс компаниясының алдағы уақытта дәл осы шағын ауданның аумағынан үлкен емхана салуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Әрине, медициналық көмек үнемі керек. Ол жақын әрі жайлы болса тіптен тиімді. Осы маңайда №2 мектеп те салынып жатыр. Балабақша, сауда орындары да бой көтереді. Тұрғындардың қатары жыл өткен сайын өсіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік нысандардың барлығы да халыққа қажет. Ашылған орталық тек емдеу жүргізіп қана қоймайды, қан сараптамасын алатын жеке зертхана да болады», деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қостанай облысы