Аталған суреттерді америкалық Оуэн Латтимор есімді ғалым қазіргі Шыңжаң өлкесінің Іле аймағына барған сәтінде түсіргенін білдік. Оуэн Латтимор (1900–1989) – Қытай мен Орталық Азияны, әсіресе Моңғолияны жіті зерттеген беделді ғалым. Ол 30-жылдары Тынық мұхиты қатынастары институты шығаратын «Pacific Affairs» журналының редакторы болған көшелі кісі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың Азияға қатысты саясаты туралы қоғамдық пікірталаста маңызды рөл атқарған тұлға. Осындай танымал тұлғаның назарын аударған қазақтар өмірі бейнеленген суреттер топтамасына біз де үңіліп көрдік.
Көзімізге оттай басылған алғашқы суретте киіз үйдің алдында ауыл қазақтары қаз-қатар отыр. Автор бұл суреттің түсіндірмесінде: «Ауыл басшысының үйінің алдында отырған қазақтар, Албан руынан, 1927 жыл, Құлжа маңы», деп жазады. Суретке ой жүгіртсек, ауылбасының үйінде әлдебір той немесе басқосу болғанда түсірілген сияқты. Ауыл адамдары жақсы киініп алған, киіз үйдің екі жақ белдеуінде мініс аттары байланыпты.
Ал екінші суретте қазақ әйелдері Оуэн Латтиморға сусын беріп тұрған тамаша сәт бейнеленген. Бұл фотоға қазақтың алыстан келген жолаушыға сусын беру дәстүрі сыйып-ақ тұр. Егде жастағы бір әйел ұршығын иіріп, өз шаруасымен әбігер. Қасындағы жастау екі әйел АҚШ ғалымының тілін түсінбеді ме екен, бір-біріне қарап, әлденені айтып тұр. Қосар ат алып, өз бағытына жол алған америкалық жиһанкез де өз ойымен әуре. Кимешек-шылауышы құп жарасқан қазақ әйелдерінің ғасыр бұрынғы бейнесі таспаланып қалғанына сүйініш білдірдік.
Келесі бір суретте нағыз көшпелі қазақтар бейнеленіпті. Өгізге жүк артып, жайлауға көшіп немесе қайтып бара жатқан малшылардың өмірінің бір үзігі деп түсіндік. Жалпы, америкалық ғалым қазақтардың шынайы бет-бейнесін ашып көрсетуге тырысқанын сезіндік.
Келесі суретте кең жайлауда, тау баурайында жайылып жүрген қазақ жылқыларының, малын түгендеп жүрген жылқышылардың ер қанаты аталған қылқұйрықтылардың самарқау кейпі, бейғам өмір таспа көзіне сәтті түсіпті. Былайша айтқанда, малшылардың байлығы да осы үйір-үйір жылқылармен өлшенетінін америкалық зерттеуші аңдаса керек. Бір сәт кең жайлауды, салқын самалды, ондағы еркін де бейғам тіршілікті көз алдыңызға елестетіңіз. Біз сөз еткелі отырған мына сурет те дәл сондай көріністі қайталап тұр. Киіз үйдің қос қапталында тұрған ер мен әйел (мүмкін ерлі-зайыпты) әлдебір жаққа көз салып, назар аударыпты.
Ел ішінде «қазақтың қара қосы» деген ұғым бар. Сондай бір қостың ішінен сыртқа ұяла қарап тұрған ауыл баласының келбетін де Оуэн Латтимордың түсірген фотоларынан көре аламыз. Бұл суретте құдды қазақтың қара домалақ баласы болашаққа қам-қайғысыз кейіппен, үлкен үмітпен қарап тұрғандай жылы сезіледі.
Қалай десек те, мұхиттың ар жағындағы алып Американың архивінде сақталған ғасыр бұрынғы қазақтың бейнесі бүгінгі ұрпақ үшін де керекті жәдігерлердің бірі болмақ. Тарихымызды түгендеуге ұмтылған біздің ел үшін шетелден табылып жатқан қазаққа қатысты деректердің әр парағы қымбат. Біз оқырманға ұсынып отырған бұл суреттерден мүмкін біреу ата-әжесінің, жамағайын туысының бейнесін танып жатар. Біздің мақсат ғылымның бір аты ізденіс екеніне көз жеткізу екені шүбәсіз. Сарғайған парақтардағы, сақталған суреттердегі кешегі қазақтардың келбеті бүгінгі қоғам үшін де маңызды әрі мағыналы бола бермек.