Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Конвенция мақсаты
Еуропа кеңесінің Ұлттық азшылықтарды қорғау туралы негіздемелік конвенциясы 1994 жылы 10 қарашада Страсбургте өткен Еуропа кеңесінің Министрлер комитетінің (ЕКМК) сессиясында қабылданған. 1996 жылдың 28 ақпанында қол қойылып, 1998 жылдың маусым айында ратификацияланды.
Конвенцияның кіріспесінде мүше мемлекеттер құжаттың ережелерін «ұлттық заңнама және тиісті мемлекеттік саясат» негізінде орындауға міндетті екені айтылған. Негіздемелік құжат бола отырып, конвенция кемсітушіліктен қорғап, теңдікті, мәдениетті, дінді, тіл мен дәстүрді сақтауға көмектеседі, сөз бостандығы, экономикалық, мәдени және әлеуметтік қоғамға араласуды қамтиды. Сондай-ақ тіл мен білімге қатысты еркіндік, күштеп ассимиляциялауға тыйым салуды көздейді. Алайда сарапшылар этностық азшылықтың нақты тұжырымдалған құқықтары мен бостандықтары жоқ дегенді алға тартады. Сондықтан ел үкіметтерінің конвенция аясындағы міндеттемелері шектеулі. Сонымен қатар құжат «ұлттық азшылықтарға» анықтама бермейді. Осы уақытқа дейін Еуропа кеңесінің Министрлер комитеті барлық мүше мемлекеттің бұған қатысты анықтамасын тұжырымдай алмай келеді. Мәселен, Аустрия, Дания, Эстония, Латвия, Германия, Польша, Словения, Швеция секілді бірнеше ел конвенцияға қол қою және ратификациялау кезінде осы термин туралы өз түсініктерін білдірді. Көбі азаматтығы жоқ мигранттар азшылық этносқа жатпайтынын айтқан.
Мәселен, Швейцарияның Федералдық Сыртқы істер департаментінің (FDFA) ресми сайтындағы осы туралы мәліметте де «Еуропа кеңесінің Ұлттық азшылықты қорғау туралы негіздемелік конвенциясы ұлттық азшылықтың нақты сипатын анықтамайды» делінген.
«Мемлекеттер өз аумағында қандай азшылықты қорғағысы келетіні – өз еркінде. Швейцарияның негіздемелік конвенцияны ратификациялағандағы түсіндірме мәлімдемесіне сәйкес, Швейцарияның ұлттық азшылығы: елдегі ең саны аз ұлттар; Швейцария азаматтары; Швейцариямен ұзақ, берік және тұрақты байланыстары бар және өздерінің бірегейлігін ортақ мүддеге байланыстырған адамдар. Әсіресе бұл мәдениетін, дәстүрлерін, діні немесе тіліне қатысты», деп жазылған.
Сондай-ақ қазіргі кезде Швейцарияның ұлттық азшылығы ретінде ұлттық тілде сөйлейтін азшылық, швейцариялық еврей қауымдастығының мүшелері және көшпелі немесе көшпелі емес йениш және синти/мануш қауымдастықтарының өкілдері танылған.
Аталған құжатқа қосылған мемлекеттер бес жыл сайын Еуропа кеңесінің Министрлер комитетіне конвенцияның орындалуы туралы баяндамалар ұсынуға міндеттелген. Оған 1998 жылы құрылған сарапшылардың консультативтік комитеті көмектеседі. Олар барлық мүдделі елдің ұлттық азшылыққа қатысты түрлі салаларда конвенция стандарттарының орындалуына міндетті. Оның құрамына ЕКМК тағайындайтын 18 тәуелсіз сарапшы кіреді.
Мемлекеттер ұстанымы
Конвенция құрамында 39 ел бар. Оған кеңеске мүше елдер ғана емес, өзге де мемлекеттер ене алады. Алайда Еуропа кеңесінің 46 елі конвенцияға толықтай қосылмаған. Мәселен, Франция, Монако, Андорра және Түркия құжатқа қол қойған жоқ. Ал Бельгия, Грекия, Исландия және Люксембург қол қойғанымен, әлі ратификацияланбаған.
Франция конвенцияға қол қоймауын, елде қорғауға жататын қандай да бір этностық азшылықтың болмауымен түсіндіреді. Елдің барлық тұрғыны француздармен мәдени түрде бірігуі қажет деп санайды. Түркия да конвенцияға осындай себеппен қол қоймаған.
Ал былтыр Ресей конвенция құрамынан шығып кетті. Ресей Президенті жанындағы Ұлтаралық кеңес төралқасының мүшесі Александр Брод БАҚ-қа берген мәлімдемесінде «Ресей ұлттық азшылықты қорғау жөніндегі конвенциядан шыққанымен, осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын тоқтатпайды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ТМД және ШЫҰ-мен келісімдер бар. Біздің елімізде саны азына қарамастан, барлық халықтың этномәдени құқықтары мен бостандықтары тең және мемлекеттік ұлттық саясат нормаларына сәйкес жүзеге асырылады», деген еді.
Статистикаға сүйенсек, 2021 жылы өткен халық санағы бойынша Ресейде 40-қа жуық байырғы азшылық ұлт бар. «Оларды қолдау іс-шаралары тоқтатылмайды, ұлттық азшылықтың құқықтарына Конституцияда көрсетілгендей еш шектеу қойылмайды», делінген Ресей Үкіметі таратқан мәліметте.
Ресейдегі аз ұлттардың бірі – қазақтар. Десе де олар ірі диаспораны құрайды. Саны жағынан еврей, бурят, осетин, кабардин, якуттардан көп. 2021 жылдағы санақ бойынша Ресейде 600 мыңға жуық қазақ бар. Алайда БАҚ-та жарияланған статистикаға сүйенсек, онда 1,5 млн этностық қазақ тұрады. Олардың басым бөлігі Алтай өлкесі, Астрахан, Орынбор, Самар, Қорған, Шелебі, Омбы, Сарытау, Волгоград, Новосібір, Түмен облыстары мен Татарстан, Қалмақияда қоныстанған. Әсіресе Астрахан, Орынбор облыстарында, Сібір федералды аймағында, Мәскеу мен Санкт-Петербор қалаларында қазақ отбасылары тығыз орналасқан. Шекаралық өңірлерде тұратын қазақтар ауыл шаруашылығымен айналысса, қалалардағы қазақтар жоғары білімді, түрлі салаларда қызмет етеді.