Білім • 04 Қазан, 2024

Іргелі ғылым үйірмеден басталады

153 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біреу білер, біреу білмес, кеме үлгілерін жасау (судомоделизм) деген техникалық спорт түрі бар. Батыс Қазақстан облысы Теректі аудандық балалар шығармашылығы үйіндегі кеме үлгілеу үйірмесінің шәкірттері соңғы жылдары республикалық сайыстарда жиі жүлде алып жүр.

Іргелі ғылым үйірмеден басталады

Оралдық жас кемеші­лер 2022 жылы Қара­ғандыдан, 2023 жылы Тараздан, 2024 жылы Ақтөбеден жүлдемен оралды. Биыл жазда Ақтөбе қаласында өткен ел чемпионаты мен халықаралық достастық кубогінің кезеңдік жарысында БҚО командасы 5 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль алып, жалпы есепте үшінші орынға шықты. Оралдық өрендердің бұл жетістігі үйірме жетекшісі, жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Манас Аққожиннің еңбегімен тіке­лей байланысты. Осынау көп­шілікке бейтаныстау өнер жөнінде жақынырақ білу мақсатында Манас Исма­ғұлұлына жолыққан едік.

үйірме

Манас Аққожиннің кеме модельдеу ісімен айналыса баста­ғанына бір мүшелден асыпты. Әу баста қазақ балаларын техникаға көбірек тарту керек деген ойдан туған бастаманы Облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының сол кездегі директоры Шаймардан Рамазанұлы ұсын­ған екен. Өйткені сол кездері шынымен де техникалық үйірмелерде өзге ұлттың балалары жүретін. «Ба­сында қиын болды. Білмейтін, түсін­бейтін нәр­семіз көп екен. Алғаш қатысқан жарыста жасаған кеме­міз жүр­мей қалып, намыс­тан жа­рылып кете жаздадық. Ең бірін­ші қиналғанымыз, ақпарат­тық тап­­шылық еді. Оқулық, әде­биет жоқ. Еш жерде мұндай ма­ман даяр­ламайды. Кеңес кезін­де шық­қан «Моделист-конс­трук­тор» деген журналдың тігін­ді­сін қарай­мыз. Бірақ ондағы ақпа­рат­тың көбі көнеріп кеткен. Бір жыл істеп, тастаймын дегенмін. Осы­лай жүргеніме 14 жыл болыпты. Қазір біздің шәкірттерді бүкіл Қазақ­станда таниды», дейді Манас ағай.

үйірме

Манас Исмағұлұлының  маман­дығы – суретші, мүсінші. Қазір облыста кеме модельдеу ісімен шұғылданып жүргендер де – осы сурет, еңбек пәні мұғалімдері. Өйткені бұл іске сызбаны білетін, шебер адам керек. Әрі қарай техниканың тілін, электрониканы білу керек. Кеме үлгілеу үйірмесіне әдетте оқушы бесінші сыныптан, 9 жасынан бастап қатысады. Сөй­тіп, мектеп бітіргенше біраз нәрсені меңгеріп шығады. Әрине, бірден үйреніп кету қиын. Әрі қауіпті де. Балалар өткір, ұшты құралдармен жұмыс істейді.

үйір

М.Исмағұлұлының айтуынша, кеме жасау – үлкен ғылым. Жалпы, бір нәрсені жобалау – өнеркәсіптің, технологияның бас­тауында тұратын нәрсе. Бала­лар осы үйірмеде ғылымның баспал­дақтарынан өтеді. Кеменің корпусы, қозғалтқышы, басқа да деталь­дары бар. Аэродинамикасы бар. Ба­лалар өздері жасаған кемеле­рімен жарысқа қатысады. Бір іске зейін қойып отыруды үйренеді.

Халықаралық «NAVIGA» ұйы­мының бағдарламасында модельдеу спортының 48 түрі тіркел­ген екен. Соның тең жартысы Қа­зақстанда дамып келеді. Ал Ба­тыс Қазақстан облысында 12-13 түрі ғана қолға алынған. Оның себебін ұстаз модельдеу спортының қа­ражатты көп талап ететіндігінен көреді. «Мемлекет қолынан келгенше қолдап жатыр. Әйтеуір бізді жарыстан қалдырмайды. Жол ақымыздың, тұратын жеріміздің ақысын төлейді. Бірақ одан бөлек керекті жабдығымызды түгендеп алуға қыруар қаражат керек. Мы­салы, қол басындай кемеге орнатылатын мына аккумулятордың біреуінің құнына автокөліктің үш аккумуляторын сатып алуға болады. Сапасына байланысты 25 мың теңгеден басталып, 45 мыңға дейін барады», дейді Манас ағай.

үй

Есептеп көрсе, соңғы 5 жылда Манас Аққожин осы іске өз қалтасынан 1,5 млн теңгедей қаражат жұмсапты. Үйірмеге қажетті жүрдек кемелердің корпусын бұрын олар Қытайдан, Украинадан 250-300 мың теңгеге сатып алады екен. Кешегі ковид кезінде Манас ағай тәуекел деп, сол кемелерді өз қолымен жасауға кірісіпті. «Қостанайда бір құрдасымның шетелден сатып алған, керемет жүріп жүрген қайығын бір күнге сұрап алдым. Сөйтіп оны бөлшектеп бұзып, гипс­тен қалыбын жасап алып келдім», деп еске алады ұстаз.

Әрине, әдетте зауыттан шы­ғатын детальдарды өз қолыңмен, қарапайым шеберханада жасау оңай емес. Осы жолда талай эксперимент болды. Ұшақ қанаттарын жасайтын жеңіл, бірақ болаттан 5 есе мықты кевляр, әйнекмата, карбон дегендер болады. Міне, осындай ма­териалдан жасалған, ерекше әдіспен сырланған кемелер бірден сұранысқа ие болыпты. Кеме моделінің оншақты түрі жасалған. «Әуелі өзімнің балаларыма жасадым. Қалғанын саттым. Қазір еліміздегі үйір­мелердің тең жартысында менің қайықтарым жүр» дейді Манас ағай мақтанышпен. Өйткені Қазақстанда мұндай өндіріс жоқ.

Бір қызығы, бұл кемелерді Манас Аққожин 2023 жылға дейін өзі жасаса, қазір шәкірттері үйреніп алыпты. Әсіресе Ерасыл Есқара есімді бала әбден меңгеріп, былтырдан бері сол жасап жатыр екен. Осы кезге дейін тапқан табысы 1 млн теңгеден асып кеткен! Бұл – өте нәзік, дәлдікті талап ететін жұмыс. Кеменің моторы, регуляторы, бәрі сәйкес болуы керек. Әйтпесе жанып кетеді.

«Ерасылдың болашағынан көп үміт күтем. Судомодель спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Оның ізденім­паз­дығы, табандылығы таңғал­дырады. Биыл мектеп бітіріп, Махамбет университетіне түсті. Көркемсурет және еңбек пәні мұғалімі мамандығын таңдады. Электрониканы бес саусақтай меңгеріп алды. Ресейлік, украин­дық моделистермен тең дәрежеде сөйлесіп отырады. Біздің моделистер ақыл сұрайды. Бұл балалардың әлеуетін пайдалану керек. Бұлар дайын мамандар ғой. Мысалы, мен өзім кемелерді жасап беріп, механик ретінде қарап отырам. Олардай басқара алмаймын», дейді ұстазы.

Шынында да балалар жаса­ған «ойыншық» кемелердің жыл­дамдығы сағатына 75 шақырымға дейін барады. 60-70 км/сағат жыл­дамдықпен жүйткитін кемені басқару оңай емес. Су бетінде құйын-перен болып келе жатқан кемені пультпен басқарып, түрлі маневр жасау, жарыса жүріп қақпалардан өткізу, сөйтіп озып келу үшін қанша ептілік қажет. Бұрын олар өз қолымен жасап шыққан кемелердің су бетінде жүргеніне қуанатын. Қазір балалар жеңістің дәмін татқан. Жанып тұр.

Бүгінде М.Аққожиннің үйір­месінде шәкірттердің бесінші буыны алмасып жатыр. Алғашқы толқын ішінен осы мамандық­ты таңдап, шеберлік шыңдап жүргендері де бар көрінеді. Жа­қында үйірме жетекшісі шә­кірттерінің ата-аналарын жинап: «Кеме модельдеу – спортзалда жаттығу жасап алып, күшіңді көбейтіп, жарысқа қатыса беретін ойын емес. Техникалық жетістік қаражатқа байланысты. Осыған дейін мен өз қалтамнан біраз қаржы шығардым. Енді сіздер де қол ұшын беріңіздер», депті. «Неге біз соңғы жылдары тек үшін­ші орыннан көтеріле алмай келеміз? Бұл біздің шебер­лігіміздің кемдігінен емес, қара­жатымыздың аздығынан болып отыр. Мысалы, машинаға «Жигу­лидің» моторын орнатуға да болады, қуатты «Мерседестің» моторын қоюға да болады. Оның бәрі қаржыға, мүмкіндікке байланысты», дейді Манас ағай.

Бір қарағанда Манас Аққо­жин­нің айналысып жүрген ісі баланың ойыны сияқты. Бірақ мем­лекет үшін ұсақ-түйек нәр­се болмауы керек. Соның ішін­де жас буынды техникалық сала­ға қызықтыратын мұндай үйір­мелерді қолдаған жөн. М.Ақ­қожин Теректі ауданында оқу­шы­лардың шығармашылық орта­лығын ашу, соның ішінде техни­калық бағыттың аясын кеңейту туралы соңғы жылдары талмай айтып келеді. «Бұл жерде қазақтың намысы бар. Бізге қарап, тұтас қазақты сынайды. Балаларымыз ешкімнен кем болмасын деп жүр­міз» деуден жалықпайтын Манас Исмағұлұлы шәкірттерін техникаға баулып қана қоймай, домбыра үйретіп, Махамбеттің жырларын жаттатып жүреді. Әсіресе алыс сапарларда, жол үстіндегі ермегі сол.

Кез келген елдің дамуы білімді де білікті мамандарға байланыс­ты. Ал сол мықты мамандарды сала бойынша жастайынан іріктеп, дайындауда моделизмнің пайдасы шаш-етектен ғой. «Осы­ны мемлекет тұтқасын ұстап отыр­ғандар жете түсініп, осы салаға бетін бұрса ғана күллі дүниеге технологиясы мен техникасын таңып отырған Жапон, Батыс елдерімен терезе теңестіре аламыз. Жеткілікті жағдай жасалса, қазақ балаларының орасан зор әлеуеті бар. Еліміз ғылым­ды дамытуға көңіл бөліп, ғылым жа­сайтын жандарды тез арада қам­қорлыққа алуы керек. Әйтпесе, қазақ­тың ақылды балалары шетел­дің ғылымы мен экономикасына қызмет етуге мәжбүр болады», дейді кейіпкеріміз.

 

Батыс Қазақстан облысы