Волонтер • 04 Қазан, 2024

Волонтерлер слеті: Ізгілікке бастайтын ынтымақтастық

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада АӨСШК Жастар кеңесі аясында волонтерлер слеті өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің хатшылығымен бірлесе АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен ұйымдастырған. Жиынға Қырғызстан, Ресей, Шри-Ланка, Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Тайланд, Тәжікстан секілді 21 елден 450-ден аса делегат арнайы келді.

Волонтерлер слеті: Ізгілікке бастайтын ынтымақтастық

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Форумның алғашқы күні «Қоғамдағы волонтерлік қызмет­тің маңыздылығы: Азия елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесудегі волонтерлік қызметтің рөлін талқылау» тақырыбында АӨСШК Жастар кеңесінің 7-отырысы өтті. Кездесу қоғамдағы еріктіліктің маңыздылығына және оның Азия елдерінің тұрақты дамуындағы рөліне арналды.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл­ғы шілдедегі отырыста Ас­та­на­да Жастар кеңесінің қол­дауы­мен АӨСШК-ке мүше елдер­дің ерік­­тілер қозғалысы көшбас­шы­ларының слетін өткізуді ұсын­ған. Осылайша, басқосуға әлем­нің әр түкпірі­нен волонтерлік ұйым­дар­дың көш­басшылары, бел­сен­ді волонтерлер, сондай-ақ АӨСШК-ға мүше мемлекеттердің волон­тер­лік мәселелеріне жетек­шілік ете­тін мемлекеттік органдардың өкіл­дері жиналды. Бұл іс-шара Азия­ның әр аймағынан келген сарапшылар мен мамандарға тәжірибе, идея алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін таптырмас алаң болатынына сенімдімін. Мұнда мәдениетаралық диалог­ке, қатысушы елдер арасын­­дағы ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылып отыр. Форум­да көтерілген тақы­рыптардың әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Себебі волон­терлік қызметтің тек әлеумет­тік мәселелерде ғана емес, елдің экономикасын ілгері­лету­де де қосар үлесі зор, – деді АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин.

ыв

Негізгі отырыстан бөлек, панель­­­дік сессиялар да ұйым­дас­­ты­рыл­ды. Басқосулар шетел­дік спи­кер­лер қатысуымен «Әлеу­меттік және инклюзивті волон­­терлік», «Зияткерлік волон­тер­лік: инновациялық тәсілдер және халықаралық тәжі­рибе», «Төтен­ше жағдайлар­дағы во­лон­тер­лік қызмет», «Ерікті­лердің экол­огиялық проблемаларды ше­шуге қосқан үлесі», сондай-ақ «Денсаулық сақтау саласындағы волонтерлердің рөлі» тақырыбында өтті.

– Бізде әрбір жоғары оқу орнында жүздеген медициналық волонтер бар. Географиялық тұр­ғыдан ауқымды аймақты алып жатқандықтан ауыл-аймақ­тар­дағы медициналық мекемелер­ге еріктілеріміз жиі көмек қолын созуға барады. Жас во­лон­­­тер­­лер ем алушылар­ды тір­кеу­ге көмек береді, олардың ауру­ларына байланыс­ты жер­гі­­лік­ті тұрғындарды маман­дан­ды­­рыл­­ған дәрігерлерге бағыт­тап отырады. Яғни волонтерлер ден­сау­лық сақтау саласы сек­торын­дағы жүктемені азайтуға көмек береді. Бүгінде Үндістанда медицина бағытында 20 мың волонтер жұмыс істейді, – деді Үндістаннан келген волонтер Субрата Хазра.

Жалпы, әлемде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде жаһанда 970 миллион волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізін­ші Қазақстан азаматы еріктілер қатарын толықтырып отырады.

– Дәрігерлік жұмысымнан тыс реабилитация жөнінде церебралды сал ауруымен ауыратын балалары бар ата-аналарға, медицина саласындағы қызметкерлерге YouTube платформасында тегін кеңес беремін. Ақысыз түрде балаларға ем тағайындап, оңалу жолында қажетті әдіс-тәсілдерді айтып отырамын. Қазір елімізде мен секілді қосымша еріктілікпен айналысатын әріптестерім көп. Оған бірден-бір себеп коронавирус еді. Волонтерлер слеті еріктілер жұмысының сапасын жақ­сартып, шетелдіктермен тәжі­­рибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді реабилитолог дәрі­гер Латиф Парпиев.

Жиын қорытындысында қатысушылар АӨСШК кеңісті­гінде волонтерлік қызметті дамыту бойынша бірлескен ұсы­нымдар әзірлеуге кірісті.

Іс-шара бүгін де жалғасады. Ерік­тілер ынтымақтасты­қ­ты кеңей­ту және волонтерлік қыз­мет бо­­йынша тәжірибе алмасу бо­­йын­­­ша алдағы қадамдарды талқылайды.