Аталған доп додасының алғашқы кездесуінде «Астана» Сербияның Бачка-Топола қаласынан келген ТСЦ клубымен күш сынасты. Небәрі 12 мың тұрғыны бар шағын ғана шаһарда жасақталған ұжымның құрылғанына 111 жыл толса да, олар тек кейінгі кездері ғана өрелі өнерімен өз көрермендерін қуантып жүр. Атап айтсақ, 2013/2023 жылдардағы маусымда ТСЦ Сербияның суперлигасында қола медальды иеленсе, былтырғы чемпионатта күміске қол созды. Қазіргі кезде олар 9 ойыннан кейін 13 ұпай жинап, жарыс кестесінде 9-орынды қанағат тұтып тұр. Алматыдағы матчқа қос команда мынадай құрамда шықты:
«Астана»: Чондрич, Казуколовас, Марочкин, Аманович, Бартолец, Эбонг, Грипши, Вороговский, Томасов, Чинеду, Камара.
ТСЦ: Илич, Стеванович, Джорджевич, Петрович, Радин, Йованович, Станич, Джаковац, Чиркович, Пантович, Баняц.
Бәсеке алма-кезек шабуылмен басталды. 15-минутта елордалық клубтың ойыншысы Назми Грипшидің бұрыштамадан әуелетіп берген добын Ян Вороговский қағып алып, бағытын өзгерте білді. Дәл сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланған Кипрас Казуколовас оны баспен ұрып қақпаға сылқ еткізді. Гол! 1:0 есебімен «Астана» алға шықты. Жылдам соғылған голдан сербиялықтар тез ес жиды. Жиі шабуылдап, Чондрич қорғаған қақпаны бірнеше мәрте нысанаға алды. Басқасын айтпағанда, 29-минутта Милош Пантович пен 42-минутта Ифет Джаковацтың қақырата тепкен доптары маңдайшаға тигенде, Орталық стадионға жиналған жанкүйерлер сілтідей тынды. Абырой болғанда қақпамыз аман қалды.
«Астананың» да есепті еселеуге бір емес, бірнеше мүмкіндігі болды. Усман Камара екі рет қақпаның дәл алдында тұрып, допты қисық тепті. Дегенмен бәсеке аяқталар тұста гвинеялық вингер мергендік танытқан еді. Бірақ Камара ойыннан тыс қалғандықтан, бұл гол есепке алынбады. Сол аралықта Александр Чиркович тағы бір мәрте допты маңдайшаға тигізгенін де айта кеткен жөн. Сөйтіп, 1:0 есебі ойынның соңына дейін сақталды. Енді Григорий Бабаянның шәкірттері келесі кездесуін 28 қазанда сырт алаңда Уэльстің ТНС клубына қарсы өткізеді.