Спорт • 05 Қазан, 2024

Жарыстар күнделігі

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл 6-9 қараша аралығында шайбалы хоккейден Азия чемпионаты Алматыдағы «Халық Аренада» өтеді. Аталған жарыста жерлестеріміз Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай құрамаларына қарсы ойнайды. Ал әйелдер арасындағы құрлық біріншілігін Қытайдың астанасы Бейжің қаласы қабылдайды. Аталған дода 31 қазан мен 3 қараша аралығында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Қазақстанның хоккейшілері бұл бәсекелердің барлығын келесі жылдың ақпан айында Харбинде алауы тұтанатын қысқы Азия ­ойындарына даярлық ретінде қарастырып отыр.

Жарыстар күнделігі
  • Жеңіл атлетикадан Қазақстанның туы астында өнер көрсететін ­28 жастағы кениялық легионер Дейзи Джепкемей Францияның ­Бельфор қаласында жалауы желбіреген жартылай марафонның жеңім­пазы атанды. Ол мәре сызығын 1 сағат 07 минут 54 секундта қиып өтті. Екінші, үшінші орындарды угандалық Аннет Челангат (01:09:58) пен эфиопиялық Меселу Кахсай (01:10:18) иеленді.
  • Футзалдан Ташкентте өтіп жатқан әлем біріншілігінің жартылай финалында Бразилия мен Украина құрамалар күш сынасты. 18-минутта есепті Игорь Чернявский ашты. Екінші кезең басталған бетте Ростислав Семенченко өз қақпасына доп соғып, қарсылас командағы таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді. Көзді ашып-жұмғанша Диего бразилиялықтарды алға шығарды. 29-минутта Игорь Корсун жағдайды түзеді. Бірақ 36-минутта Диего дубль авторы атанып, Бразилия құрамасына жеңіс сыйлады – 3:2. Келесі жартылай финалда Аргентина мен Францияның футзалшылары шеберлік байқасты.
  • Футболдан «Ақтөбе» клубында ойнайтын Фредди Гондола таяу күндері Панама ұлттық құрамасының сапына қосылып, алдағы жолдастық кездесулерде жасыл алаңға шығады. Аталған мемлекеттің бас командасы 13, 16 қазан күндері АҚШ пен Канадаға қарсы ойнайды. Сол сайыстарда 29 жастағы «Ақтөбенің» шабуылшысына сенім артылып отыр.
  • Дзюдодан Душанбеде өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінің екінші күні Қазақстанның татами шеберлері өз жанкүйерлерін қуанта алмады. 73 кг салмақтағы Әділет Алмат түрік Ибрагим Демирелді тізе бүктіргенімен, іле-шала өзбек Мардон Равшановқа есе жіберді. Тұсаукесер кездесуінде ұлыбританиялық Хлоя Линкті сүріндірген Дана Әбдірова (57 кг) келесі кезеңде италиялық Джулия Карнеге жол берді. Көркем Орымбек те (63 кг) дәл сол межеде тоқтады. Ол қырғыз Мырзайым Дюшенбекованы қапы қалдырғанымен, кореялық Чжи Мин Янның осал тұсын таба алмады.
  • Бұл күндері Малайзияда «Лангкави туры» деп аталатын дәстүрлі жарыс өтіп жатыр. Сол көпкүндікте «Астана» клубының велошабандоздары табысты өнер көрсетті. Кеше бесінші кезең өз мәресіне жетті. 197,3 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 35 минут 30 секунда жүріп өткен нидерландтық Арвид де Кляйн («Tudor Pro Cycling Team») жеңімпаз атанса, италиялық Маттео Малучелли («JCL Team UKYO») екінші орынды иеленді. Үшінші сатыға ресейлік Глеб Сырица («Астана») табан тіреді. Жалпы есепте Ұлыбританияның өкілі Макс Пул («Team dsm-firmenich PostNL») көш бастап келеді. «Астана» клубы мүшелері арасында ең үздік көрсеткіш Антон Чармигке тиесілі. Қазақстанда іргетасы қаланған команданың сапындағы даниялық легионер жетінші орында тұр.