Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көлемді қаражаттың 4,5 миллиард теңгесіне 8 мәдениет нысанын салу көзделген. 2,2 миллиард теңгеге мәдениет ошақтарының біреуіне күрделі, төртеуіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, жалпақ жұрттың сұранысы өтеліп, мәдениет саласы жаңа серпінге ие болды. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, бүгінгі күні Біржан сал ауданының Үлгі ауылындағы мәдениет үйіне 135 миллион теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілді. Етек-жеңі кең пішілген ауыл тұрғындары қазір бейнелеп айтқанда, құрылысшының қалағынан жаңа шыққандай көз тартарлық кейіппен сыңғырлап тұрған, мұқият жөндеуден өткізілген мәдениет үйінің игілігін көреді. Ауданда іссапарда болғанымызда ел ағаларының шарапатты шаруаға, мемлекеттің қамқорлығына айтқан ақ алғысына куә болдық. Жөндеуден өткізілген селолық мәдениет үйінде әртүрлі үйірме жұмыс істейді. Ауыл жастары мәдениет ошағына келіп, өздерінің қалаулары бойынша рухани нәр алады.
Осындай игілікті іс Жақсы ауданының Запорожье ауылында да жүзеге асырылып отыр. Оқтай түзу көшелері асфальт жамылғымен көмкерілген, селоға кіреберісте ұқыпты қолдың табы анық байқалатын демалыс паркін жанай өтсеңіз, елді мекеннің қақ ортасында еңселі селолық клуб менмұндалайды. Бұл ауылда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға айрықша мән берілген. Өтпелі кезеңнің өкпек желі берекелі ауылды айналып өткендей. Ауыл жастарының көпшілігі туған жерінің төсінде абыройлы еңбек етіп жатыр. Міне, осындай әдемі көрініске қарап тұрып, төрт құбыласы сай болса, елдің іргесі сөгілмейтінін байқауға болады. Үстіміздегі жылы ауылдағы селолық мәдениет үйі 87,3 миллион теңгеге жөнделді. Кейінгі жылдары мәселесі қайта-қайта көтерілген Бурабай ауданындағы Зеленый Бор ауылындағы мәдениет үйі 432,3 миллион теңгеге жөнделіп, тұрғындар үшін ақ түйенің қарны жарылған сәт туды. Көптен бері жүдеп тұратын, бағдарламасының арқасында салтанатты күйге еніп, көз тартарлық кейіпке енді. Дәл осындай ағымдағы жөндеу жұмыстары Қорғалжын, Зеренді аудандарындағы Ақан және Приречное ауылдарында жүзеге асырылса, Біржан сал ауданындағы Бірсуат ауылының тұрғындары да ұтымды істің игілігін көріп отыр.
Өңірде алты елді мекеннің кітапханаларына күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтатын болсақ, Атбасар ауданындағы Ақан Құрманов атындағы, Ерейментау ауданындағы Егіншілік ауылдарындағы және Жарқайың аудандық кітапханаларына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары таяуда аяқталмақ.
Аршалы ауданында бағдарлама аясында екі ғимарат салынып жатыр. Атап айтқанда, Аршалы кентінде және Жібек жолы ауылында заманауи мәдениет үйлері бой көтеріп, халыққа қызмет ететін болады. Бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұланды ауданындағы Никольское және Вознесенка, Астрахан ауданындағы Новочеркасское ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 1,7 миллиард теңге қарастырылған.
Жыл соңына дейін екі инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланған. Щучинск қаласындағы 400 орындық аудандық мәдениет үйінің құрылысына 1 миллиард теңге, Степногорск қаласының іргесіндегі Қарабұлақ ауылындағы салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысына 292,5 миллион теңге бөлінген. Ақкөл ауданындағы Азат елді мекенінде жалпы құны 200 миллион теңге болатын мәдени спорт кешенінің құрылысы басталды.
Өңірдегі мәдениет саласының өңін кіргізген бағдарлама берекелі шаруаға айналып отыр.
Ақмола облысы