Қоғам • 05 Қазан, 2024

Көші-қон: сүйініш пен күйініш

183 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің демографиялық жағдайын ойлағанда Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың биыл Атырауда болған үшінші отырысында ортаға салған: «Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақ­та тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мем­лекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Біз мыңдаған шақырым жерде көшіп-қонып жүрген көшпенділердің ұрпағы екенімізді ұмыт­пайық. Қазіргі жастар заманауи көш­пенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек», деген пайымы еске түседі. Жүрегі «Елім!» деп соққан жасты елең еткізіп, батыл шешім қабылдауға жігерлендіретін сөз бұл.

Көші-қон: сүйініш пен күйініш

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, Ұлттық статистика бю­росының мәліметіне қарағанда, еліміздің қазіргі демографиялық жағдайы мен көші-қон үдерісінде көңіл сүйінерлік өзгерістер бар. Өткен жылы респуб­лика халқының саны 267 035 адамға көбейіп, 20 033 842-ге жетті. Табиғи өсіміміз – 257 742 адам, ал көші-қонның оң сальдосы 9 293 адам бол­ды. Бұл оң үрдіс биыл жалғасын тауып жатыр.

Үш мегаполисіміз ішкі мигранттарға ең тартымды  қалалар болып отыр. Былтыр Аста­на қаласы тұрғындарының өсімі 5,58 пайызға жетіп, елорда осы көрсеткішпен көш бастады. Бас шаһардың халқының саны бір жыл ішін­де 75 561 адамға көбейіп, 1 430 117-ге жетті. Со­ның ішінде табиғи өсім – 24 022 адам, көші-қон­ның оң сальдосы – 51 539 адам.

Екінші орынды еншілеген Алматы қаласы тұрғындарының саны 66 775 мың адам­ға көбейіп, 2 228 677-ге жетті. «Оңтүстік аста­надағы» халықтың өсім қарқыны – 3,09 пайыз, табиғи өсімі – 23 565 адам, көші-қонының оң сальдосы – 43 210 адам.

Шымкент қаласы тұрғындарының саны 29 807 адамға көбейіп, 1 222 066 адам болды. Бұл мегаполистегі халықтың өсім қарқыны –  2,51 пайыз, табиғи өсімі – 25 942 адам, көші-қонының оң сальдосы – 3 925 адам.

Ауылды өңірлердің арасында халқы­ның өсім қарқыны 2,57 пайыз болған Маңғыс­тау облысы алға шықты. Былтыр маңғыс­таулықтардың саны  19 731 адамға көбейіп, 786 837-ге жетті. Әулиелер мекеніндегі табиғи өсім – 17 507 адам, көші-қонның оң сальдосы – 2 224 адам.

Алматы облысы тұрғындарының өсімі де айтарлықтай – 1,68 пайыз. Бұл өңір халқының саны 25 271 адамға көбейіп, 1 531 167-ге жетті, соның ішінде табиғи өсімі – 24 277 адам, көші-қонның оң сальдосы – 994 адам.

Атырау облысы халқының өсімі де жақсы – 1,59 пайыз. Атыраулықтар саны 10 995 адамға көбейіп, 704 074-ге жетті, ал табиғи өсімі – 13 051 адам. Алайда мұнайлы өңірге көшіп келгендерден көшіп кеткендер саны 2 056 адамға көп болды.

Тұрғындары ең ауылы көп өңір – Түркіс­тан облысында да халық өсімі жаман емес – 1,08 пайыз. Түркістандықтардың саны 22 946 адамға артып, 2 142 172-ге жетті, табиғи өсімі – 45 705 адам. Әйткенмен оңтүстік өңірден көшіп кетушілер саны көшіп келгендерден 22 759 адамға көп.

Өкінішке қарай, Үкімет тарапынан қолданылып отырған шараларға қарамастан, солтүстік, шығыс өңірлердің демографиялық ахуалы жылдан-жылға нашарлап барады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) қалыптасқан күрделі жағдай алаңдатарлықтай. Қызылжар өңірінде тұрғындар саны былтыр 4015 адамға азайып, осы жылдың басында не­бәрі 530 089 адам қалды. СҚО – еліміздегі хал­қының табиғи өсімі жоқ бірден-бір өңір. Мұнда өткен жылы дүниеден озғандар саны дүние­ге келген сәбилер санынан 359 адамға көп бол­ды. Ал көші-қонның теріс сальдосы – 3 656 адам. Облыстағы ауыл тұрғындарының саны жыл­дан-жылға кеміп, көптеген ауылдық елді мекен­нің болашағы бұлыңғыр болып тұр. Осы орай­да жұмыс күші артық Түркістан облы­сы­нан басқа жаққа көшіп кетушілер саны кө­бейгендігі ескеріле отырып, олардың көшін Сол­түстік Қазақстан облысына бұрудың қосым­ша шара­лары қарастырылса, құба-құп болар еді.   

Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының саны да 3 185 адамға азайып, 727 053-ке дейін төмендеді. Кенді Алтай өңіріне көшіп келгендерден көшіп кеткендер саны 3 864 адамға көп. Ал табиғи өсім – 679 нәресте ғана.

Абай облысында да демографиялық жағ­дай нашарлап, тұрғындар саны 2 609 адамға азайып, 607 589 адам болды. Өңірде былтырғы табиғи өсім біршама тәуір (+4 532 нәресте). Алайда көшіп кеткендер саны қоныс аударып келгендерден 7 141 адамға көп.

Қостанай облысы тұрғындарының саны да 2 250 адамға, яғни 829 984-ге дейін азайды. Бұл өңірде де көші-қон сальдосы теріс (-3 553 адам).

Павлодар облысында да халық саны 1 011 адамға кеміп, 753 933 болды. Ертіс-Баян өңірін жерсінбей көшіп кеткендер саны қоныс аударып келген ағайыннан 3 917 адамға көп. 

Жоғары аудиторлық палатаның есебінде көші-қон саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылы   азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару жөніндегі нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз етпегендігі сынға алыныпты. Нақты айтсақ, жоспарланған 6,7 мың адамның 6,56 мыңы ғана солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударған. Аталған 5 облыста өткен жылы көшіп кеткендердің саны көшіп келгендерден 22 131 адамға көп болғандығын еске алсақ, былтыр қандастар мен қоныс аударушыларға бөлінген 8 652 квота (1 925 қандас, 6 727 қоныс аударушы) аздық еткендігі анық. Ал осы жылға арналған өңірлік квота саны – 9 483 адам (3 033 қандас, 6 450 қоныс аударушы). Бұл 2023 жылғымен салыстырғанда 554 адамға көп болғанымен, көші-қон саласындағы «жыртығымызды жамауы» неғайбіл.

Шынтуайтында, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылар туралы берген ақпардың растығына сену қиын. Себебі жуырда Бас прокуратураның баспасөз қызметі азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуына жүргізілген талдау барысында жалған құжаттар жасау арқылы азаматтарды жалған қоныс аудару жолымен 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылғаны, теріс пайдаланылғаны анықталғандығын хабарлады. Қоныс аударушылар болып өздерінің туып-өскен өңірлерінде тұрып жат­қан адамдар есепке алынған, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған, көрінеу тұруға жарам­сыз немесе апатты тұрғынжайларға рәсім­делген. Кей азаматтар өздерінің қағаз жүзін­де қоныс аударғанын білмеген де болып шықты. Мұндай фактілер Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай, Ұлытау облыстарында әшкереленген. Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданын­да «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері арзан үйлерді өзі іздеп тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатып, мемлекеттен алынған қаражаттың бір бөлігін иемденіп отырған. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алыныпты.

Шығыс Қазақстан облысында қоныс аударушылар мен тұрғынжайларды сатушылар өзара сөз байласып, мемлекеттің қаржылық көмегін алуға жалған шарттар жасасқан, ал түскен қаражатты бөлісіп алған. Бірақ өздері бұрынғы мекенжайларында тұра берген.

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында бір қоныс аударушы сатып алған үйінің нақты бағасы мен мемлекет төлеген қаражаттың арасындағы айырмашылықты қалтасына басқан. Ол алаяқтық жасағанына кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталған. Осыған ұқсас 20 фактіге қатысты прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастапты.

Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылары  жұмыс күші артық өңірлердің азаматтарын  ерікті қоныс аудару бағдарламасын іске асырудағы бұзу­шылықтарды өз қызметкерлері алғаш болып анықтағанын айтып, ақталғандай сыңай та­нытты. Бірақ мәселе  2023 жылғы 1 шіл­де­ден бастап қоныс аударушыларға олар кө­шіп барған өңірлердегі елді мекендер­ден сатып алатын тұрғын үйлердің құны­ның 50 пайызына дейінгі мөлшерде экономи­калық мобильділік сертификаттарын беруден туын­дайтын жемқорлық тәуекелі алдын ала ес­керілмей, мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшырылып, қоныс аудару бағдарламасының тиімділігі төмендеуіне жол берілгендігінде болса керек. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысы бар, маңызды әлеуметтік жобаны іске асыруды көлденең табыс көзіне айналдырған шенеуніктердің санасыздығына қарап қалай күйінбессің?!