Мәселе • 05 Қазан, 2024

Жеткіншекті жетектеп, TikTok, қайда барасың?

227 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір жасы да, кәрісі де қол те­ле­фонға телмірген заман. Жылап, аяққа оралған бала­ның қолына смартфон ұста­та салу әр ата-ананың әде­тіне айналды. Бесіктен белі шық­паған сәбилердің өзі теле­фонның сенсорлы бетін сипап жіберіп, бірден Youtube, TikTok секілді қосымшаларды аша қоятынына тіпті де таң­ғалмайтын болдық. Күнделікті өмірде көріп жүрген осы жайттар балаларымыздың интернетке, әлеуметтік желілерге де­ген тәуелділігінің қандай дең­гейге жеткенін айқын аңғарт­са керек.

Жеткіншекті жетектеп, TikTok, қайда барасың?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Виртуалды әлемге құмарлық дертке айналды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәслихат депутатта­рының ІІ республикалық форумында сөй­леген сөзінде ұрпақтың әлеуметтік желілерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге деген құмарлығының дертке айналғанын айтуы бұл мәселенің қоғамда қаншалықты өзекті екенін байқатты. Сондай-ақ аталған форумда Президент балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай жанына бататынын тілге тиек етіп, бұл мәселеге мемлекеттік органдар барынша назар аудару керектігін қадап тұрып ескертті. Иә, қоғамда балаларымыздың әлеуметтік желілерге тәуелділігінің шектен шығып бара жатқаны – шындығында алаңдарлық мәселе.

Қазіргі балақайлар айналада не болып жатқанына мүлдем қызықпайды. Табиғат, дала, өзен, көл, аспанға қа­рап қиялдап, жаратылыс сырын ұғуға, әке-шешеден әр дүниенің мән-мағы­насын сұрауға қызықпайтын, тіпті талпынбайтын да болған. Себебі жас ұр­пақтың санасында өздері жасап алған виртуалды әлемі бар. Демек, балаларымыз бүгінде өздерін вир­туалды, яғни сағым әлемнің кейіп­керлері сезінеді Ол әлемде инди­видтен, яғни тырнақшаның ішіндегі жеке тұлғадан, өзінен басқа ешкім жоқ. Олардың тілінің кеш шығуы, санасының қалыпты дамымауы, әлемге тек телефонның көзімен қарауы, бала боп ойнап, бар энергиясын сыртқа шығара алмауы болашақта қандай мәселелерді туғызатынын болжау қиын емес. Сондықтан да осы бір дертке айналған сағым әлемге деген құмарлықпен күресу жолдары қазір басты назарымызда болуы керек.

Мамандар жас өрендердің виртуалды әлемге деген құмарлығын арттырып отырған әлеуметтік желілер екенін айтады. Ресми деректерге қарағанда, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 млн, Facebook-қа – 2,6 млн, ал TikTok-қа 14,1 млн қолданушы тіркелген. Елімізде кейінгі екі жылдың ішінде TikTok желісінен 14,1 млн аккаунт ашылған. Бар болғаны 20 млн халқы бар мемлекетімізде TikTok әлеуметтік желісіне 13 жасқа толмаған балаларды тіркемейтін шарт бола тұра, 14,1 млн аккаунт ашылуы бұл желінің қазақ қоғамына қаншалықты тамыр жайып үлгергенін көрсетсе керек. Яғни жоғарыда біз айтқан балалар санасындағы сағым әлемнің «кілтін» сол жақтан іздегеніміз дұрыс сияқты.

Қазір әлемде TikTok әлеуметтік желісінің пайдасы мен зиянын сара­лайтын түрлі зерттеу жүргі­зіліп жатыр. Олардың бәрінің шы­ғар­ған қорытындысы «бұл желі бала­ның психологиясын бұзады» деген ортақ тоқтамға тоқайласады. Әлеу­мет­танушы ғалымдар TikTok-та отырған жеткіншектердің басым бөлігі басқаның пікіріне тәуелді болып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін, яғни ақ пен қараны ажырата алмайтынын айтады. Тіпті, әлемде нені жеу, нені жемеу керегін айыра алмайтын балалардың өсіп жатқаны туралы деректер де кездеседі. TikTok секілді әлеуметтік желілердің әсерінен бүгінгі ұрпақтың өз бетімен ойлана алмауы, шексіз сәбилік қиялының дамымай қалуы, өмірге деген жеке көзқарасының қалыптаспауы секілді сансыз проблема туындауда. Жалпы, TikTok әлеуметтік желісінің отаны саналатын Қытай ғалымдарының өзі бұл платформаға балалар мен жасөспірімдердің біржола тәуелді болып қалатынын дәлелдеп, онымен күресудің жолын іздеп жатуы тегін емес.

Ендігі басты қойылар сауал – біреу-ақ. Бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар?

 

Депутаттар да алаңдаулы

TikTok-тың ғарыштық жылдамдық­пен дамып, ол желіге бесіктегі баладан бастап, еңкейген қарияға дейін алтын уақытын ұрлатып, телміріп отырғаны қарапайым бұқараны былай қойып, депутаттарды да алаңдата бастады.

Мәселен осы аптада Парламент сенатының депутаты Геннадий Шиповских Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, TikTok әлеуметтік желісінің жұмысын реттеу керектігі жөнінде мәселе көтерді. Сенатор «Аталған платформа балалар психологиясы мен денсаулығына зиян келтіріп жатыр» деген пікірде.

Г.Шиповских TikTok-тан туындаған проблемаларды шешудің жолын да ұсынды. Ол TikTok платформасы экстремизм, радикализм, сепара­тизм секілді қауіпті ақпараттарды анық­тайтын алгоритмді өздері ұсынып, қоғамға қауіпті ақпараттарды сол платформа шектеуге тиіс екенін, жас балаларды қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі жасалу қажеттігін айтады. Депутат бұлай болмаған жағдайда аталған желіні бұғаттау қажеттігіне де тоқталған.

Ал сенатор Алишер Сатвалдиев TikTok әлеуметтік желісінің жастарға теріс әсері жөнінде жеті ай бұрын Сенат мінберінен депутаттық сауал жолдағанын, сол сауалдағы талап бойынша тиісті министрліктер қауіп­сіздікке қатысты талаптарды күшейт­кенін, алайда платформадағы сүзгі тетіктерін әлі де жетілдіру қажеттігін аңғарып отырғанын алға тартқан.

Оның Сенаттағы әріптесі Нұртө­ре Жүсіп әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында TikTok-тың ұрпақ тәрбиесіне тигізіп отырған зиянын тізіп, мағынасы жоқ «батл» деп аталатын ойындарды да сынға алды. Депутат сол жазбасында: «Ол ойынға қатысушыларға басқа азаматтардың бірнеше мыңдаған қаражатпен сатып алынатын түсініксіз стикерлерді жолдауы, жеңген адамның жеңілгенге қоятын неше түрлі арсыз шарттары, күндіз-түні тікелей эфирден шықпай отыратын сайқымазақтар, тікелей эфирде балгерлікпен айналысатын алаяқтар, одан бөлек ойын ойнап, өз банк нөмірін жазып қойып ашықтан-ашық қайыр тілеп отыратын жап-жас зіңгіттей жігіттер біздің қоғамда масылдар мен интернет қайыршылардың жаңа армиясын қалыптастыруда», деді.

Тағы бір сенатор Бибігүл Жексен­бай: «TikTok әлеуметтік желісіне тосқауыл қою жөнінде Үкіметке бірне­ше депутаттық сауал да жолданды. Өкінішке қарай, TikTok-қа тосқауыл болар үкіметтік деңгейде нақты шешім болмағандықтан, өзекті өртер өкінішті жайттер тоқтамай тұр», дейді.

Сондай-ақ ол елімізде жыл басынан бері онлайн-платформалар арқылы суицидті насихаттау белгілері бар 51 факті тіркелгенін, оның 20-сы TikTok әлеуметтік желісіне тиесілі екенін де дерек ретінде келтірген.

 

TikTok-қа төрткүл дүниенің көзқарасы қандай?

Сенатор айтқан суицидті насихаттау белгілері бар 51 фактінің 20-сы TikTok әлеуметтік желісіне тиесілі болуы – расында, қоғамды алаңдатарлық мәселе. Бұл жайт әлем елдерінде қа­лай? Олардың да бас ауруы болып отыр ма? Енді осы сауалға қарай ойыссақ.

Жасөспірімдердің санасын қысқа ғана музыкалық видеолармен жаулап алған желінің ұрпақ санасына тигізетін зияны туралы ең алғашқылардың бірі болып Үндістан мемлекеті дабыл қақты. «Бұл желі ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп отыр» деген себеппен TikTok-тың үнді елі аумағында таралуына біржола тыйым салынды. Үндістанның бұл қатаң шешімін екі ел арасындағы шекара дауымен байла­ныс­тырушылар да болды.

АҚШ баспасөзінде TikTok-тың зияны туралы мәселе көтеріліп, оған билік араласқанда бұл жайтты да Вашингтон мен Бейжің арасындағы саяси қарым-қатынастың салқындауы ретінде сипаттаған сарапшылар болды.

Канаданың барлау қызметінің басшысы Дэвид Виньно TikTok қолданбасы Қытай үкіметі үшін жеке ақпараттарды жинайтын желі екенін, бұл платформа Қытай Коммунистік партиясының мүдделерін қорғау мақсатында жұмыс жасайтынын мәлімдеді. Канада үкіметінің бұл мәлімдемесін TikTok өкілі Дэниел Морган жоққа шығарды. Мұндай саяси мәлімдемелер аз емес. Яғни TikTok-тың «тыңшылық» қызметпен айналысатыны туралы дәлелденбеген қауіптің барлығын жасырып қалуға болмайды. Мәселен бүгінгі таңда Ұлыбритания, АҚШ, Дания, Бельгия, Жаңа Зеландия елдері де аталған әлеуметтік желіні шектеу немесе оған тыйым салуды көздейтін нақты шаралар қабылдаған. Еуропалық одаққа қарасты Еуропарламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық одақ кеңесі қызметкерлеріне TikTok желісін пайдалануға тыйым салған. ТМД елдерінің ішінде іргедегі қырғыз бен өзбек те бұл платформаның жұмысына шектеу қойып отыр.

Әлемдік деректерге сүйенсек, бүгінде TikTok әлеуметтік желісінің 1,7 млрд-тан аса қолданушысы бар. Қытайлық ІТ маманы Чжан Иминг ойлап тапқан бұл желі әлеуметтік желілер арасындағы әлемдік рейтингте 6-орында тұр. Бұл платформа алғашында «Доуинь» деп аталды. Кейіннен әлеуметтік желі әлем елдеріне кең тарап, атауы TikTok деп өзгертілді. TikTok айналдырған 8 жылдың ішінде жер шарының 150-ден аса елін, миллиондаған халықты өзіне еріксіз елітіп қойды. Осы жоба арқылы кәсіпкер Чжан Иминг аз уақыттың ішінде Қытайдың ең бай он үшінші адамына айналды.

TikTok-тың жеткіншектерімізді жетектеп, қайда апара жатқанына алаңдау, оның пайдасы мен зиянына дер уағында баға беру бүгінгінің бас­ты міндеті саналса керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек» деген сөзі бұл мәселеде ата-аналардың да жауапты екенін анық аңғартады. Сондықтан да ертең бармақ шайнап қалмау үшін бұл жайтқа бейжай қарамауымыз керек.