Пікір • 05 Қазан, 2024

Парасат бастауы

355 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім мен ғылым саласы жүйелілікті, нақ­тылықты жақсы көреді. Әу баста «Әліппеміз» аз уақытта, орнымен әлемде қай­та­ланбас ана тіліміздің құбылысын ашу­дың кілтін ұстатса, университеттік әрбір классикалық пән үлкен дүниенің негізін, анықтамасын, мән-мағынасын, қағидатын, тұжырымын, өрістеу жолын көрсетіп берді.

Ғылымға және танымға нүкте қойыл­майды. Өмір де, қоғамдық құбылыстар да бұларды бағалайтын ғылыми жүйе секілді күрделеніп, салаланып дами береді. Міне, сол үшін білімге де, ғылымға да орнықты парасат керек. Мемлекеттің дамуына да, ол дамуды бағдарлау мен тануға да биік парасат қажет.

Қазаққа қара шаңырақ, киелі топырақ болған жерде туып-өскен Әбунасыр Әл-Фараби лексиконында «ізгі қала» мен «парасатты қала» ұғымдары қатар айтылады. Бұл жерде «қала» – мемлекет, жұрт. Кейінгі Асанқайғы айтатын «Бұл заманда не ғаріп? Ақ қалалы боз ғаріп» дегендегі «қала» да – мемлекет.

Әл-Фараби: «Ақыл-парасат – адамның ойлауы­на, ғылым мен өнердің мәнін ұғуына, жақсы қылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш» дейді.

Ғұламаның ойынша, «ізгі қаланы тұрғызу мақсатындағы мүддесімен басқа мамандықтың бәрін жұмылдырған мамандықтар ғана жетекші мамандық болады».

Отандық білім-ғылымның мемлекеттік даму жоспарларында болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттігін арттыру, ізденіс әлеуетін жаңа заманға сай салаландыру мақсат етіп қойылған. Күн тәртібіндегі орта білімнің жаңашылдығы мен ЖОО-ның академиялық дербестігі мен автономдығы алда күтілетін нәтижеге бағытталса дейміз. Қазақстанның парасатты жолы күш біріктірсек қана орайлы, сәтті жүзеге аспақ.

Білім саласындағы сапа мен шынайы өзгеріс – елдің әлеуетті бағдарын, мүмкіндік өлшемін, зор жауапкершілігін айқындауға тиіс.

Әр сала өз бағытына қарап ізденіп жүргеніне біршама уақыт өтті. Бірақ нәтижесіне қоғамның көңілі толмай жатқаны да рас.

Байқап отырсақ, алда жұмыс та, жауап­кер­шілік те аз емес. Бірақ білім мен ғылым­дағы сапаны сыртқы пішінді көшірумен орындай алмаймыз. Бұл жерде дәстүр мен жаңашылдық, әсіресе сала қауымдастығының шынайы, жанашыр талдау пікірі, тұжырымдамасы, ортақ шешімі маңызды.

Бізде орта, жоғары білім жүйесіндегі азаматтардың көбі «инемен құдық қазатын» салаға бүгін келген жоқ. Тәжірибе бар, ізденіс те бар. Бірақ міндетіміз – сол тәжірибе мен дәстүрді, жаңашылдықты ел қажетіне дұрыс жаратуда болып тұр. Сол арқылы әлемдік сын-қатерге төтеп беруіміз қажет.

Осы ретте мынандай ұсынысты ортаға салғымыз келеді:

Біріншіден, біз жас буынның белсенділігін әрқашан елдік-мемлекеттік арнаға бұрып отыруы­мыз керек. Сонымен бірге еліміздің пара­сатқа негізделген дәстүрін жастар сұраны­мына сай жаңа заман форматында жеткізуге күш біріктіргеніміз абзал.

Екіншіден, әрбір елдік-мемлекеттік мәдени шараны оқу үдерісімен байланыста және инновация негізінде құрғанымыз жөн. Сондықтан қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндердің бұрыннан өзгермей келе жатқан қағидатын (аты – «типтік жоспар», заты – субъективті жоспар) өзгертіп, қасаңдықтан және біржақтылықтан арылған арнаға салу қажет. Ол үшін эксперимент түрінде жетекші университеттердің білікті, көшбасшы профессор-меңгерушілеріне кең мүмкіндік, таңдау мүмкіндігін туғызған мақұл.

Үшіншіден, қазір ғылыми әлеует қалып­тастыруда және маман даярлауда өте қызық үрдіс жүріп жатыр. Мысалы, бұрын академик Әлкей Марғұлан өз шәкіртін өзі таңдайтын. 90-жылдары академик Салық Зиманов та өз шәкіртін өзі таңдайтын. Қазіргі магистратура және PhD бағдарламасына білімгер қабылдауда мұндай таңдау жоқ. Академиктер, профессорлар шәкіртін іздеп жүр, талантты шәкірттер академигін, профессорын іздеп жүр. Ғылым жасаудың өлшемі – ешқашан ағылшын тілі (немесе өзге тіл), сондай-ақ рейтингі қилы-қилы журналға мақала жариялау бола алмайды. Болашақ ғалымды ғалым (немесе ғылыми қауымдастық) өз көзімен көріп, сапасын өзі бағалай білуі керек.

Осы ойды Ұстаздар күні қарсаңында айтуы­мыздың да реті бар. Өйткені мұғалім (мұғалым) этимологиясында «ғалым» ұғымы тұр. Мектеп ұстазы – келешек ғалымның дүниетанымын қалыптастыратын тұлға. Қазіргі мектеп, ЖОО жүйесінде көркем шығарма (мейлі эссе дейік) мен диктанттың мүлдем сиреуі білім алушыны өсіріп отырған жоқ.

Сондықтан бұл да – орайы келген тағылымды кеңесу. Әрбіріміздің кітап сөремізде ұлтқа ұстын болған тұлғалар – әл-Фарабиден әл-Машаниға дейінгі, Абай-Ахметтен кешегі ардақты алыптарға дейінгі нар тұлғаларымыздың мұрасы тұр. Бәрі – парасатқа шақыратын дүниелер. Ендеше әділеттік қағидаты мен елдік мұратты баянды етуде парасат бастауының кәусарына қанып, нақты қадаммен жарқын күндерге қарай адымдап, еңбек ете берейік.