Референдум 2024 • 06 Қазан, 2024

Жастар белсенді болса деймін

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сексен жасты орталап отырсам да елдің болашағы таразыға тартылатын сәттерде қарап қалуға дәтім бармайды. Сондықтан бүгін мен де ерте тұрып, референдум учаскесіне бет

 

алдым.

Жастар белсенді болса деймін

Осыдан бір апта бұрын өзім тіркелген учаскелік бөлімге арнайы барып, аты-жөнімнің тізімде тұрғанын тексеріп келген едім. Өзім мұндай нәрсеге мұқият қараймын. Өйткені ертеректе пәтер тіркеуі өзгергенде тізімнен табылмай, сайлауға қатыса алмай қалғаным бар. Сол күнгі сезімім – өте маңызды іс-шарадан сырт қалғандай, көштен қалып қойғандай болғаным әлі есімде.

Көзіміз қарақты, қазір ізденген адамға қай тақырыпта да толық мәлімет, анық ақпарат алуына мүмкіндік бар. Сондықтан Қазақстан азаматтары, әсіресе жастар жағы елдің болашағы талқыға түскен сәтте бей-жай, бейтарап қалмауы керек деп есептеймін. Бәріміз тілге тиек ететін батыстық демократия, азаматтық қоғам тек осындай белсенді әрекеттің арқасында ғана қалыптасады.

Тұрмағамбет шайыр атаң айтпай ма:

Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын,

Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.

Иелік екеуіне еткендердің

Жаны жоқ жер жүзінде озбайтұғын.

Адамды әрлі-берлі үйірілдіріп

Сияқты тұрмыс - толқын қозғайтұғын.

Ғылымға өнер менен уақытың барда,

Себеп не сыбанып қол созбайтұғын?

Қатарың қалмай шауып баратқанда,

Арқаңның ауруы не қозбайтұғын?!

Көшке ермей, өз бетінше қаңғалаған,

Ботадай боз тақырда боздайтұғын...

 


Айтқали НӘРІКОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты