Спорт • 07 Қазан, 2024

Жарыстар күнделігі

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жартасқа өрмелеуден еліміз­дің белгілі спортшысы, Париж Олим­пиадасына қатысушы Әмір Май­мұратов Сеулде өтіп жатқан Әлем кубогінің кезеңдік сайысында күміс медальды иеленді. Ол тек қытайлық Синь Шань Ваннан алып қойды. Қола жүлдені Индонезияның өкілі Киромал Катибинге еншіледі.

Жарыстар күнделігі

Сурет: ru.freepik.com

  • 12–13 қазанда Ақтауда дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азияның ашық кубогі өтеді. Маңғыс­тау облысында күрестің осы тү­рінің дамуына үлкен үлес қосқан Тұ­рар Жол­дыбаевты еске алуға арнал­ған жарыста Моңғолия, Гон­конг, Үндістан, Иран, Әзер­байжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақ­станнан 200-ге жуық спортшы бақ сынайды.
  • Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) президенті Геннадий Головкин Парагвайдың Асун­сьон қала­сында өткен Panam Sports Бас ассамблеясына қатысты. Іс-шара барысында ол Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бахпен кездесті. Головкин Бахты өзі басқарып отырған World Boxing Олимпиада комиссиясы жұмысының барысымен таныстырып, алдағы жоспарлары туралы айтты.
  • 6–9 қараша аралығында шайбалы хоккейден Алматыда жалауы жел­бі­рейтін Азия чемпионатының кестесі жарияланды. Айналмалы жүйе­ден өтетін жарыста мына командалар өзара шеберлік бай­қасады: 6 қараша – Жапония мен Қытай (16:00). 6 қа­ра­ша – Қазақстан мен Оңтүстік Корея (19:30). 8 қараша – Жапония мен Оңтүстік Корея (16:00). 8 қараша – Қа­зақстан мен Қытай (16:00). 9 қа­раша – Қытай мен Оңтүстік Корея (16:00) және 9 қараша – Қазақстан мен Жапония (19:30).
  • УЕФА футзалдан ұлттық коман­далардың рейтингін жариялады. Әлем чемпионатының ширек финалында Арген­тинадан ойсырай ұтылғанына қара­мастан, ел құрамасы (2699,121) екінші орында тұр. Көш басында – Пор­тугалия (2940,953). Үздік үштікті Испания (2634,351) түйіндеп тұр. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа Ресей (2547,159), Украина (2269,716), Франция (2205,201), Хорватия (2007,949), Фин­ляндия (1970,212), Нидерланд (1955, 848), Польша (1924,072) құрамалары енді.
  • Италиялық Николь Фоссамен жұп­­­тасып өнер көрсеткен қазақ тен­нис­шісі Жібек Құламбаева Брази­лия­ның Сан-Паулу қаласында өткен ITF W75 турни­рінде топ жарды. Жүлде қоры 75 000 доллар құраған жарыстың жартылай фи­налында олар Бразилия мен Боли­вияның дуэті Таиса Педретти/Нэолии Се­балосқа сан соқтырса, ақтық сында Элени Христофи (Грекия)/Аврора Зан­тедешиден (Италия) 3:6, 6:2, 10:4 есе­бімен басым түсті.