Осы орайда 2024-2025 оқу жылында мектебіміздің пән кабинеттері жабдықталып, заманауи құрылғылармен қамтылды. Есейхан ауылындағы «Қаратау» орта мектебінде химия, биология кабинеттері заманауи талапқа сай жаңартылды. Жоғарыда аталған пән кабинеттері сабақ барысына қажет болатын құрылғылардың барлығымен қамтылған соң, әр пәннің ерекшелігіне қарай жаңа парталар мен орындықтар алынды.
Бұл кабинеттердің тағы бір ерекшелігі, соңғы үлгідегі сенсорлы теледидар орнатылған. Мұғалімдер сабақ барысында ғаламтор желісін еркін пайдаланғандықтан, қажетті мәліметтерді тез тауып, сабақтарын жеңіл жүргізе алады. Яғни сабақ беру үдерісі едәуір оңайлап отыр. Бұған қоса оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артқаны байқалады. Өз кезегінде мұның білім алушылардың пәндерді терең меңгеруіне үлкен үлес қосатыны, ал талаптыларының мектепте берілетін білімді ғылыммен ұштастыруға мүмкіндік алатыны анық.
Тағы бір қуантарлық жағдай, мектебіміздің бұрынғы түлегі Ғазиз Бекбердиев ағамыздың демеушілігімен математика кабинеті де толықтай заманауи мектеп жиһаздарымен жабдықталып, биылғы оқу жылында қолданысқа берілді. Мектебіміздің Атымтай жомарт түлегіне алғысымыз шексіз. Қоғам мүддесін әр кез биік қоятын, туған жерінің абыройын асқақтатып жүрген азаматтардан үлгі алайық.
Шолпан ТӘЖЕНОВА,
Қаратау орта мектебінің директоры
Жамбыл облысы,
Талас ауданы,
Есейхан ауылы
Бала жүрегін баураған
Ұлы Абай: «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», деп өсиет еткен. Көз қуанышы – балаларын балабақшаға бере отырып, олардың келешек келбеті мен тәрбиесінің қалыпты болуын қаламайтын ата-ана жоқ шығар. Сол уақытта балаңның қасында күні бойы болатын тәрбиешінің рухани адамгершілігі мен өнегесі, бар болмысы тазалыққа тұнып тұрса, ұрпағыңның да өмірден алар орны ерекше болатынына күмән жоқ.
Осы орайда балдырғандарды күлімдеп қарсы алып, бар өнерін үйретуден жалықпайтын жан туралы айтқым келеді. Ол №22 «Әлем» балабақшасының тәрбиешісі – Жазира Серкешова. Ата-анамен дұрыс қарым- қатынас орната білу, ортақ бала тәрбиесі тақырыбында еркін әңгіме айту, баланың жақсы жағы мен кемшілігін түзетуге бірлесе жұмыс істеу де – үлкен жауапкершілік, оның кәсіби қызметінің басты қағидаты да осыған саяды.
«Ең алғаш осы балабақшаға қабылдап, ұстаздық жолдың қыр-сырын үйреткен сол кездегі мекеме басшысы Қарлығаш Жолдасоваға алғысымды білдіре отырып, баланың балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғанын қалаймын, сол үшін де аянбай еңбек етемін. Еркіндікке жол беремін. Баланың өзін еркін сезінуі оның бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысын арттырады», дейді Жазира Болатқызы ағынан жарылып.
Бала – пәк, тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы. Осы бұлақтың көзін ашып, тұнығына қану үшін жылы жүрек, аялы алақан, әр баланы ертеңгі ел тұлғасы деп құрметтеу қажет десек, оның адами ар-ожданын, намысын, мінез-құлқын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын Жазира Болатқызындай тәрбиешілердің көп болғаны абзал.
Сөзімді қорытындылай келе, балалардың бойына тәрбие мен білім нәрін сіңіруге барын салып жүрген Роза Маденова басқаратын №22 «Әлем» балабақшасының ұжымын ұстаздар мерекесімен құттықтаймыз. Өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары мен өлшеусіз еңбектері үшін алғыс айтамыз.
Бауыржан ЫСҚАҚ,
ата-аналар атынан
АСТАНА