Бокс • 08 Қазан, 2024

Шоқыр Бөлтекұлы турнирі

54 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтауда қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVI халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Бұл додада Түркия, Әзербайжан, Кувейт, Польша, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Грузия, Иран, Камбоджа, Қазақстан елдерінің барлық аймағынан келген былғары қолғап шеберлері күш сынасты.

Шоқыр Бөлтекұлы турнирі

Сурет: ru.freepik.com

Каспий теңізі жағалауында са­рапқа салынған 12 бас жүл­де­нің жетеуін жерлестеріміз же­ңіп алды. 54, 57 кг салмақта Маңғыс­тау облысының өкілдері Самат Жетібаев пен Жолдас Жеңісовтің мерей­і үстем болды. Финалда Самат Бағлан Кенжебековке (Жамбыл) сан соқтырса, Жолдас Хусровхан Рақымовты (Тәжікстан) ұтты. Аса жеңіл салмақта түркістандық Нұрғиса Тұра­бековтің бағы жанды. Шешуші тұста ол Жанкүйер Пернебекті (Алматы облысы) тізе бүктірді. 86 кг салмақтың бас жүл­десін де дәл сол өңірдің өкілі олжалады. Ол – Бекболат Әбдікерім. Ақтық сында Бекболат Телман Мәмедовтен (Алматы облысы) басым түсті. 51 кг салмақ дәрежесінде актөбелік Бекзат Алдамжаров Нордржан Мырзахметовтен, 80 кг салмақтағы Дәулет Төлемісов Сар­дор Шомұратовтан айласын асырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көте­рілді. Жеңілген жігіттердің екеуі де – Өзбекстаннан. 60 кг салмақта Жамбыл об­лысының жампозы Ерхан Тұрлан ерледі. Финалда ол өзінің командалық әріптесі Бағлан Кенжебековті қапы қалдырды.

Бас жүлденің төртеуін Өзбекстанның өрендері олжалады. Олар – Саят Ілиясов (63,5 кг), Шахбоз Юнусәлиев (67 кг), Сира­жатддин Хожахметов (75 кг), Мұз­рат­бек Тохиров (92 кг). 71 кг салмақта Әзер­байжанның мықтысы Сархан Әлиевке ешкімнің әлі жетпеді. Аса ауыр салмақта да Каспийдің арғы жағалауынан келген Махаммад Абдоллаевтың асығы алшысынан түсті.

Ақтауда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын турнирге Азия бокс конфедерациясының вице-пре­­зиденті Әзиз Қожамбетов, Ұлт­тық құра­маның мемлекеттік жат­тық­­тыру­шысы Аслан Егубаев, Бейжің Олим­пиада­сында қазылық еткен танымал төреші Бе­рікбол Қасымханов, Маңғыстау боксының ардагерлері Нағашыбай Жариев пен Бақыт Шапқан құрметті қонақ ретінде қатысты.