Айбын • 08 Қазан, 2024

Қырағы көмекші

87 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мамандардың айтуынша, жердің түбіндегі, теңіздің тұңғиығындағы нәрсені табуға қауқарлы технологиялық мүмкіндіктердің пайда болып жатқанына қарамастан, ешбір құрылғың иттердің иіс сезу қабілетін алмастыра алмайды. Сондықтан да әлі күнге құқық қорғау мен апаттық-құтқару салаларында қызметтік иттер көп қолданылады. Олар – ізін жасырған қылмыскерді, қирандылар астында қалған адамдарды, тіпті жарылғыш және есірткі заттарын іздеп табуда таптырмас көмекші.

Қырағы көмекші

Бүгінде құқықтық тәртіп әскер­лерінің қатарында 900-ге жуық қызметтік ит бар. Олардың көме­гімен жыл басынан бері 44 қылмыстың беті ашылған. Кейінгі жылдары қоғамдық тәртіпті сақтау мен маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуде қызметтік иттерді қолдану кең етек жайып келеді. Тіпті арнайы мақсаттағы бөлімшелерде шабуылдаушы иттер санаты да енгізілген.

«Жыл басынан бері қызметтік иттерді пайдалану арқылы 56 құқық бұзушылық әрекет анықталып, 44 қылмыс ашылды. Атап айтқанда, қылмыс жасаған 34 адам ұсталып, олардан 17 кг 981 гр марихуана, 1 кг 200 гр кокаин, 632 гр синтетикалық зат, «мефедрон», «көкнәр сабаны», «жылдамдық», «спайс» секілді 20 кг есірткі заты тәркіленді. Сондай-ақ 5 атыс және суық қару, 34 оқ-дәрі, жалпы сомасы 1 млн теңгеден аса мүлік тәркіленіп, хабар-ошарсыз кеткен 9 адам табылды», делінген ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

ва

Осы орайда сезгіш иттердің мүмкіндігі қаншалықты екенін білу үшін мына оқиғаларға назар салып көрсек болады. Биыл 12 сәуірде Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімнің №22 мекемесіндегі көліктік бақылау-өткізу пунктінде тексеру тобы 25 гипс қабы тиелген «ЗИЛ» маркалы автокөлікті тексереді. Сол уақытта Локи есімді есірткі іздеуші ит қаптардың бірінде күмәнді зат бар екені туралы белгі берген. Көрсеткен қапты рентген аппараты арқылы мұқият тексеру кезінде салмағы шамамен 300 грамм болатын сұр-жасыл түсті өсімдік тектес гашиш есірткі заты бар үш полиэтилен орамы табылды. Өскемен қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобы келген соң, қалған қапшықтар тексеріліп, көлемі 0,5 л еріткіш бөтелкелерге құйылған 10 литр этил спирті анықталған.

Ал 9 ақпанда «Тосқауыл» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Көкшетау қаласының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақкөл-Шортанды станса­сындағы теміржол өтпесін бірлесіп тексеру барысында 5 кг өсімдік тектес зат (марихуана) салынған пакет табылған. Оны анықтауға 5510 әскери бөлімнің аға ма­ман-кинологі, сержант Самат Шәкеновтің жетегіндегі Ханзада атты қызметтік ит көмектесті.

Сондай-ақ 19 маусымда «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Қоста­найдағы 6697 әскери бөлімнің кинолог маманы, аға сержант Сергей Абросимов пен оның Фиона атты есірткі іздеуші иті Д. есімді азаматшаның қоймасын тінту кезінде салмағы шамамен 1 200 кг болатын қаптарды тауып алды. Олардың ішінде өсімдік тектес заттың (көкнәрдің) бары белгілі болды.

ва

Кинология қызметінің мамандары мен олардың төрт аяқты достары қала көшелерінде құқықтық тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күреске, нысандарды күзету мен сотталғандарды айдауылдау қызметінің сенімділігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүр. Бұны жоғарыдағы мысалдар айғақтайды.

ІІМ Ұлттық ұланының (бұрынғы Ішкі әскерлер) кинология тарихына назар салсақ, 1991-2000 жылдары кинолог-мамандар мен қызметтік иттер қылмыстық атқару жүйесі нысандарын күзету мен сотталғандарды айдауылдауда ғана қолданылатын. Одан әрі 2010 жылға дейін қызметтік иттер қолданылатын қызмет түрлерінің саны ұлғайды. Олардың көмегімен ашылатын қылмыс саны да артты. Мәселен, 2001 жылы жедел және арнайы бөлімдердің штаттарында кинологтер мен қызметтік иттердің саны көбейіп, мина іздестіру иттері санаты енгізілді. 2006 жылы әскери қызметтің келісімшарт негізіне көшуі кинологиялық бөлімшелерді жасақтауға септігін тигізді. Кинологтер лауазымына бұрынғыдай әскерге шақырылушы сарбаздар емес, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер алына бастады. Олардың алғашқы дайындығы Алматы облысы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімнің базасында жүргізілді. Сол кезеңде иттердің саны 14%-ға артты.

Кинология қызметінің одан әрі дамуы республиканың құқық қорғау және арнайы органдары арасындағы өзара іс-қимылмен тығыз байланысты. 2022 жылдан бастап кинолог мамандар халықаралық жарыстарға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Мәселен, 2023 жылы Бос атты итіміз Беларусь Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің XXIV ашық чемпионатында «Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды іздеуде жалпы және арнайы дағдылар кешені» сайысында 2-орынды иеленді.

Сондай-ақ Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімнің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы, ефрейтор Мәулен Қайырбаев және оның Айза атты иті, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің кинологиялық қызмет мамандары тобының бастығы, сержант Ерболат Асанов пен оның Риза атты иті, Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімнің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы, сержант Архат Бөкенбаев пен оның Лэда атты иті – жарылғыш заттарды, есірткі құралдарын іздеу бойынша еліміздегі республикалық турнирлерде топ жарып жүрген үздіктер қатарында.