16 Маусым, 2015

Жаңарудың жаңа үлгісі

247 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырдық. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы табысты аяқталып, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберіндегі жұмыстар жоғары қарқынмен жүріп жатқанына күн сайын куә болып отырмыз. Биылғы жылдың 26 сәуірінде бәріміздің жарқын болашағымыз үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, топтасқан біртұтас ұлт екенімізді дәлелдедік. Елбасының сайлауалды тұғырнамасында бес институттық реформа ұсынылғанын жақсы білеміз. тагимлвСайлауда халықтың 97,7 пайыз дауысын алып, жеңіске жеткен Елбасы енді осы аталған реформаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті. Біздің Елбасымыз – сөзінде тұратын, уәдеге берік басшы ретінде мойындалған тұлға. Сол себептен болар, Елбасымызға халық ыстық ілтипатпен, сенім­мен қарайды. Ұлықтау салтанаты кезіндегі өз сөзінде ауқымды бес ішкі міндеттерді тұрақтылық тірегі ретіндегі орта тап үлесін ұлғайтудың, біртұтас рынокты және барлық өңірлерді тепе-тең дамытудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың, ел ішіндегі ұлт бірлігін нығайтудың, сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды басымдыққа ие екенін айта отырып, Мемлекет басшысы ел Президенті жанынан жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатынын айтқан болатын. Президент жанындағы Жаң­ғырту жөніндегі ұлттық комис­сияның осындай рекордтық қысқа мерзімде құрылуы оның маңызы жоғары екенін көр­сетеді. Сондай-ақ, осы құры­лым арқылы мемлекеттік ор­гандардың, бизнес-сектор мен азаматтық қоғамның іс-қимылы үйлесім тапқан. Бұл Мемлекет басшысының мемлекет пен қоғам қызметінің шешуші бағыттарын жаңғырту жөніндегі алға қойған стратегиялық бағытты қатаң ұстанатынын тағы бір рет көрсетіп берді. Қазақстанның мемлекеттік даму болашағы айқындалу үстінде. Бұған дейінгі даму жолында көптеген тәжірибелерді меңгерді, әлемдік дамудың талаптарына сай стратегиялық өркендеу жолын анықтай алды. Аз уақыт ішінде Қазақстанның әлем елдерінің арасында да­мыған мемлекеттер қатарына қосылуы мемлекетіміздің бүгінге дейінгі, бүгінгі таңда ұсынып отырған идеялармен айқындала түсетіндігі даусыз. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында «Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Бұл бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуға ұрынбай, саяси тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды фактор», – деп мемлекет дамуының басты деңгейін атап көрсеткен болатын. Көне грек ойшылы Платон: «Мемлекетте әрбір нәрсе заңға бағынуы тиіс», деген қағиданы алға тартады. Заң дегеніміз, халықтың саяси санасының, саяси сауатының үстем болуы. Мемлекет қызметі, мемлекет қызметіндегі адам мемлекет пен халық мүддесінің алдында жауапты болуы тиіс. Жауапкершілік болған жағдайда заң мемлекетке қызмет етеді, мемлекет пен халықты біріктіреді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес халықтық реформасының мазмұны, бағдары осы бағытта, яғни ашық және халыққа есеп беруші мемлекетті қалыптастыру, мемлекет қызметін осы жолға бейімдеу болып табылады. Елбасы жоғары деңгейдегі мем­лекеттік басқарудың бұл ере­жесін әлем елдерінің тәжі­рибелерін сараптау негізінде ұсынып отыр. «Көптеген елдердің тәжірибесі, – деді Елбасы өзінің халықтық реформасында, – «Әуелі – күшті мемлекет және экономика, содан кейін саясат» қағидатының бұзылуы апаттарға алып келіп, қоғамды «сындыратынын» көр­сетіп отыр». Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет дегеніміз – мем­лекеттің ішкі тұрақтылығын, ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекет қызметін және оның даму тетіктерін, даму бағдарын анықтап, мемлекетті басқаруда халықтың саяси санасын мемлекетпен біріктіре білетін билік түрі. Елбасының мемлекеттік басқаруға байланысты ұсынып отырған реформасы бойынша ашық және халыққа есеп беруші мемлекет қызметі мынадай деңгейлерді қалыптастырып, біріктіріп отыруы тиіс. Олар: біріншіден, мемлекет билігіндегі әрбір адам өз қызметінің атқарған жұмыс­тарының нәтижелері туралы айқын түрде халыққа есеп беруі тиіс. Екіншіден, мемлекет қызметіндегі әр басшының басқарушылық қабілеті, тәжі­рибесі, білім-білігі қоғам өмі­рінде ашық түрде көрінуі тиіс. Үшіншіден, мемлекет қыз­метіндегі басшының басқару қабілеті, кәсіби деңгейі халықтық таңдау, қоғам дамуының талабы арқылы дараланып отырады. Реформада аталған бұл ереже мемлекет саясатын, мемлекеттік басқарудың тәжірибелерін ғана емес, басқарушы тұлғалардың кәсіби деңгейдегі бәсекелестігін, халықтың таңдауы мен қоғамның болашағына деген сенімін ны­ғайтады. Мемлекет қызметін кәсіби деңгейде басқаруда басшылық құрам өкілдеріне қажет нәрсе – тиянақты идея, нақты жос­пар, дұрыс шешім. Осы бағытта Елбасы ашық және халыққа есеп беруші мемлекеттің деңгейін «шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін қамтамасыз ету, азаматтар жоғары мемлекеттік органдар шешім қабылдайтын үдерістерге «ашық үкімет» тетігі арқылы белсенді тартылуы тиіс», – деді.    «Ашық үкімет тетігі» қалай қалыптасады? Халық пен билікті, мемлекет билігін бірік­тіретін тетік мемлекеттік стратегияның айқын жоспары және әрбір маман басшы идеясының, көзқарасының, басқару тәсілінің ашық түрде жүзеге асуы, айқын көрінуі. «Ашық үкімет тетігі» қалыптасу үшін билік қызметіндегі мамандар алдымен мемлекет идеологиясын толық білуі қажет. Сол арқылы мемлекеттік даму бағдарламасын жүзеге асырады, мемлекеттік даму саясатына халықты да бағыттай алады. Бұл – Елбасы ұсынып отырған айқын түрде халыққа есеп беруші мемлекеттің негізгі ұстанымы. Мемлекет – халықтың үйі. Сол себептен халық өз мемлекетінің даму тетігін, жетістігін, дамуға бағытталған жоспарын көзбен көріп, білуі тиіс. Бұл қалай жүзеге асады? Ол үшін, Елбасы реформада атап көрсеткендей, қоғам өкілдерінің, ел азаматтарының мемлекеттен бөлінетін бюджет қаржысын бөлуге қатынасулары тиіс. Енді бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» халық қаржысын талан-таражға салу азайып, көпшілік бақылауына түсетін болады. Мемлекет басшысы: «Би­лік өкілеттіктерін біздің дәстүр­лерімізді есепке ала отырып Президенттен Парламентке және Үкіметке қайта бөлуді көздейтін конституциялық реформа кезең-кезеңімен жүргізілетін болуы тиіс», – дей келіп, ашық жә­не халыққа есеп беруші мемлекетті құру – сыбайлас жем­қорлықты азайтатынын атап көрсетті. Мемлекет – халықтың қам­қор­шысы. Халықтың бола­шағы, өмірі мемлекетке тәуелді, сол себептен мемлекет байлығы – экономикалық даму ғана емес, сонымен қатар, халық. Ашық және халыққа есеп беруші мемлекеттің жоғары деңгейдегі басқару үлгісі – халықтың, азаматтардың құқын қорғау. Осы мақсатта Елбасы реформасында «шағымдану жүйесін нығайту» көзделген. Әкімшілік юстиция жүйесін құру арқылы азаматтардың мем­лекеттік қызметшілердің іс-қимылына шағымдану бойынша мүмкіндіктерін кеңейту. Бұл қоғам ішінен ел басқару ісінде нағыз басшылардың қызмет атқаруын талап етеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынып отырған бес халықтық реформаның қазақ қоғамының бұдан әрі дамуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Мемлекетіміздің тұ­рақтылығын қамтамасыз етуде өз тәжірибесін көрсетіп отыр­ған саясатымыз осы ха­лықтық реформа арқылы одан әрі жүзеге асатыны анық. Қа­зақстандық сайлаушылардың айқын дауысына ие болып, қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, халқының көрсеткен қолдауы – Елбасына сарқылмас күш-жігер беретініне және Мемлекет басшысының өзі бас­тамашысы болған бес халықтық реформаны жүзеге асыруда ал­да тұрған міндеттердің үдесі­нен шығатынымызға толық сенімдіміз. Марат ТАҒЫМОВ, Парламент Сенатының депутаты.