Қоғам • 08 Қазан, 2024

Урбандалу: Теріскейге ерекше тәсіл қажет

99 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, елі­мізде қала тұрғындарының көбеюі, яғни урбандалу үдерісі одан әрі жалғасып жатыр. Бірінші жартыжылдықта халқы­мыз­дың санындағы қалалықтардың үлесі 62,7 пайызға дейін арт­ты, ал ауылдағы ағайынның қатары 37,3 пайызға дейін сел­ді­реді.

Урбандалу: Теріскейге ерекше тәсіл қажет

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тұрғындары қалаға үде­ре көшкен талай ауыл­дың түтіні өшіп жат­қаны бүгінде үйреншікті жағ­дай болып кетті. Ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы қабыл­данған кезде елімізде 7 660 ауылдық елді мекен болса, арада өткен 20 жыл ішінде олардың саны 6 256-ға дейін азайды. Жыл сайын ор­та есеппен 70 ауыл жабылды. Бұл үрдіс биыл да үдеп тұр: 6 айда 48 ауыл атауы ел картасынан алынып тасталды.

Бір назар аударарлық жайт – айдың-күннің аманында оты сөніп, ойраны шыққан ауылдар демографиялық жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқан сол­түстік және шығыс өңірлерде ғана емес, халық біршама тығыз қо­ныстанған аймақтарда да бар. Был­тыр­дан бері Түркістан облысында – 26 ауыл, Қостанай облысында – 25 ауыл, Алматы облысында – 12 ауыл, Қарағанды облысында – 7 ауыл, Шығыс Қазақстан облысында – 6 ауыл, Абай облысында – 5 ауыл, Ақтө­бе облысында – 3 ауыл, Батыс Қазақ­стан облысында 3 ауыл жойыл­ды.

Урбандалу кез келген елдің эко­­но­микалық дамуы үшін ма­ңыз­­­ды құбылыс болып саналады. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Эко­номикалық және әлеу­мет­тік мәс­­е­лелер жөніндегі депар­та­мен­тінің мәліметіне қарағанда, дүние жүзіндегі ең дамыған әрі жерінің аумағы үлкен Америка Құрама Штат­тары, Канада, Аустралия мемлекеттерінің урбандалу дең­гейі 80 пайыздан асқан. Ал елі­міз бағдар тұтып отырған Эконо­мика­лық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше мем­лекет­тердің орта­ша көрсет­кіші 77 пайыз­ға жеткен. Көр­шілес Ресей­дің урбандалу деңгейі – 74,6 пайыз, Қытайдікі – 60,3 пайыз, Өзбек­стандікі – 50,4 пайыз, Қыр­ғы­з­стандікі 36,6 пайыз болыпты.

БҰҰ Экономикалық және әлеу­мет­тік мәселелер жөніндегі депар­та­ментінің бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Қазақстанның урбан­далу деңгейі 69,1 пайызға дейін көтеріліп, еліміздің әр 10 тұр­ғы­нының жетеуі қалада тұра­тын ­болады. Осы көрсеткіш табыс дең­гейі жоғары елдерде 88,4 пайыз­ға же­­те­ді, ал кедей елдерде 50,2 пайыз ғана болады деп болжанып отыр. Әлем­дегі орташа көрсеткіш – 68,4 па­­йызға, Орталық Азияда 66,2 пайыз­ға дейін өспек.

Әлемдегі тоғызыншы аумақ сана­латын байтақ еліміздің ерек­шелігі – өңірлердің урбандалуы деңгейінің әркелкілігі. Бұл ретте өнеркәсібі өркен жайған Қарағанды (81,6 пайыз), Ұлытау (79 пайыз), Ақтөбе (74,9 пайыз), Павлодар (70,7 пайыз), Шығыс Қазақстан (66,6 пайыз) облыстары көш бас­тап тұр. Республиканың орташа көрсеткішіне (62,7 пайыз) Қостанай (62,4 пайыз), Абай (61,3 пайыз), Батыс Қазақстан (56,5 пайыз), Ақмола (56,4 пайыз), Атырау (55,4 пайыз), Солтүстік Қазақстан (48,9 пайыз), Қызылорда (46,9 пайыз), Маңғыстау (45,5 пайыз), Жетісу (44,6 пайыз), Жамбыл (43,4) облыстары әлі жеткен жоқ. Ал Алматы (16,2 пайыз) және Түркістан (24,7 пайыз) облыс­­тарында қала халқының саны мүл­дем аз.

Бірақ жоғарыда келтірілген ста­­тистикалық деректер еліміз­дегі урбандалу үдерісінің шынайы жағ­дайын айнытпай бейнелейді деп айту қиын. Себебі «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының әкімшілік-аумақ­­тық құрылысы туралы» Заңға сәйкес, аудандық маңызы бар қала­ларға, яғни шағын қала­лар­ға өз аумағында өнеркәсiп орын­дары, коммуналдық шаруа­­шылық, мемлекеттiк тұр­ғын үй қоры, оқу және мәде­ни-ағарту, емдеу мен сау­да объек­тi­лерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Шынтуайтында, қазір өңірлердегі 11 шағын қаланың тұрғындары­ның саны 10 мыңға жетпейді. Солардың ішінде, әсіресе Ақтөбе облысындағы Темір қаласының демографиялық тұрғыдан болашағы бұлыңғыр сияқты. Өйткені бұл шаһар халқының саны жылдан-жылға азайып, биыл небәрі ­2 209 тұрғыны қалған. Сондай-ақ Ақмола облысындағы Степняк (4 130 тұрғын) және Державинск (6 848 тұрғын) қалаларының, Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының (8 780 тұрғын), Қызылорда облысындағы Қазалы қаласының (7 457 тұрғын), Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка (6 948 тұрғын), Булаево (8 547 тұрғын) және Сергеевка (8 118 тұрғын) қалаларының, Қара­­ғанды облысындағы Қар­қаралы қаласының (9 132 тұрғын), Абай облысындағы Шар қаласының (­6 412 тұрғын) және Шығыс Қазақ­стан облы­сын­дағы Серебрянск (8 444 тұрғын) қалаларының қолда­ныстағы заңнамада көрсе­тіл­ген өлшемшарт деңгейіне қашан жететіні белгісіз. Сон­дық­тан да алдағы уақытта олар­дың бірнешеуінің мәртебесі өзгер­тіліп, ауылдық елді мекендерге айналдырылуы мүмкін. Есесіне тұрғындарының саны 10 мыңнан әлдеқашан асып кеткен әрі қала деп атауға әбден лайық ауылдар бар. Бір ғана Түркістан облысында олардың саны 50 шақты болып шықты. Қазіргі таңда республика бо­йынша 17 ауылға қала мәртебесін беру мәселесі көтеріліп отыр. Олардың ішінде Маңғыстау облысындағы Бейнеу (54 мың тұрғын), Түркістан облысындағы Қарабұлақ (50 мың тұрғын), Алматы облысындағы Ұзынағаш (47 мың тұрғын) сияқты ірі ауылдық елді мекендер бар.

«Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масына еліміздегі 6 256 ауылдың 3 500-і ғана даму әлеуеті бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер ретінде енгізілгені белгілі. Бұл урбандалу үдерісі алдағы уақытта да тоқтамай, шын мәнінде, «келешегі жоқ» деп танылған талай ауыл түбінде тарап тынатынын аңғартады. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында 2027 жылға қарай елімізде 5,9 мың ауылдық елді мекен қалады, ал ауыл халқы­ның саны 7,7 млн адам деңгейінде тұрақталады деп болжанғаны – соның айғағы.

Осы орайда ойланарлық мәселе бар. Бұл табиғи өсімі жоқ әрі көші-қон сальдосы теріс болғандықтан, тұрғындарының саны жылдан-жылға азайып, демографиялық жағдайы ерекше алаңдатып отыр­ған Солтүстік Қазақстан облысына қатысты. Қазір бұл өңірдегі 635 ауылдың 307-сі ғана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша дамытылып жатыр. Сөйтіп, бағы жанған елді мекендерге жергілікті ауыл тұрғындарының 87 пайызы тиесілі екенін ескерсек, қалған 328 ауылдың көпшілігінің тағдыры қыл үстінде тұрғаны анық. Өкінішке қарай, олардың ішінде 60-70 үйі ғана қалғанымен, әзірге орта мектебі жабылмаған қазақ ауылдары да бар. Мысалы, облыс орталығынан шалғайдағы Жамбыл ауданының Айымжан және Жаңажол ауыл­дары кезінде «Халық театры» атағын алған өнер ұжымдарымен аты шыққан іргелі елді мекендер еді. Осы маңайдағы өзге қазақ ауылдарының әуелі білім ошағының оты сөніп, одан кейін өздерінің де түтіні біржола өшіп жатқанымен, бұл екі ауылдың орта мектептері әзірге жұмыс істеп тұр. Тек әртүрлі себеппен оқушыларының саны жылдан-жылға азайып барады.

Ұлттық мүдде тұрғысынан па­йымдап қарасақ, елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызыл­жар өңіріндегі жалпы білім беру ұйымдары әзірге жұмыс істеп тұрған Айымжан мен Жаңажол сияқты қазақ ауылдарын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кіргізіп, оларды урбандалу құрбандығына шалмай, аман сақтап, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы дамыт­қан жөн болар еді. Әйтпесе, уақыт өте келе теріскейдегі талай аудан­нан ана тіліміз бен ата салт-дәс­түрі­міздің, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің қаймағы бұ­зыл­маған бірде-бір қазақ ауылын – нағыз ел бесігін таппай қалуымыз ғажап емес.