Қазір бір алаңда миллионға жуық тауық бағылады. 2015 жылы тағы да жеңілдетілген несие алып, екінші алаңды іске қосқан. Қолдаудың нәтижесінде көкжиегі кеңи түскен. Бүгінде құс фабрикасында 500-ге жуық адам еңбек етеді. Орташа жалақы 300 мың теңгені құрайды. Бір жақсысы, кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың дені, нақтырақ айтсақ, 99 пайызы – іргедегі Степняк елді мекенінің тұрғындары.
Өндірген өнімдері сөреде іркіліп көрген емес. Алматы, Астана қалаларында 8 жылдан бері өздерінің сауда үйлері жұмыс істейді. Сапалы өнімнен ауыз тиіп көрген тұтынушылар жарнаманы өздері-ақ жасап жатыр. Облысты да жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз етіп келеді.
Құс шаруашылығындағы күрделі мәселенің бірі – азық-түлігі. Кәсіпорын басшылары тығырықтан шығар оңтайлы жолды тапқан. Өздерімен ұзақ жыл байланыс орнатқан сенімді ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Дәнді дақылдың бағасы қай уақытта түсіп, қай уақытта көтерілетінін күні бұрын болжап отырады. Бизнестің басты шарты да – осы. Әйтсе де, құс фабрикасының қоймаларында бір айлық қор болуы керек екен. Жалғыз азығы ғана емес, дәрі-дәрмегі де, қылаяғы жұмыртқа салатын қораптары да. Міне, осындай ыждағаттылық арқылы үзіліссіз, тұрақты жұмыс істеп тұр.
Бажайлап қарасаңыз, құс шаруашылығының көсегесін көгерту үшін көп нәрсе істелуі керек. Ең бастысы, өңірде құс шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары, орта арнаулы оқу орындары жоқ. Өндірісті өрге сүйрейтін негізгі саланың бірі бола тұра, неге көңіл бөлінбей отырғаны түсініксіз. Шынтуайтында, шаруашылықтың бұл саласы электр қуатын көп тұтынатын, қаржы айналымы белсенді әрі мол сала. Бүгінде кәсіпорын зоотехник, технолог, ветеринарларға сусап отыр. Ниет білдіріп жұмыс істегісі келетіндер жеткілікті. Ынта-ықылас болғанымен, шаруашылықтың қыр-сырын жете білмеген соң нәтижелі еңбек ету – қиынның қиыны. Кәсіпорын басшылығының айтуына қарағанда, құс шаруашылығына қажетті мамандарды оқытатын оқу орындарын дайындауға болар еді.
– Ресейде бірнеше жоғары оқу орны бар, – дейді кәсіпорын басшысы Борис Оздоев. – Қотыркөлде ауыл шаруашылығы колледжі бар. Колледж басшылығына құс шаруашылығы мамандығын енгізсе, өзім-ақ дәріс оқып, көмектесер едім. Тіпті көмегіме ақы да сұрамаймын. Ал тәжірибеден өткізу үшін біздің кәсіпорынды пайдалануға болады.
Кәсіпорын болашақ мамандарды дайындауға өздері де үлес қосады. Колледждегі білім алушыларды өндірістік тәжірибеден өткізеді. Әйтсе де, айналдырған 20 күннің ішінде жан-жақты білімді маман дайындау мүмкін бе? Бір қуанарлығы – кәсіпорында жұмыс істейтін ветеринар дәрігер, инженер тәрізді мамандардың тәжірибесі мол, білігі өте жоғары. Кәсіпорын басшысы айтып отырғандай, маман даярлаудың төте жолы бірлесіп жұмыс істеу секілді.
Ендігі бір мәселе – субсидия. Соңғы 2-3 жыл көлемінде кәсіпорын мемлекеттен субсидия алып көрген емес. Сондықтан өнімдерін әлеуметтік бағамен сата алмайды.
– Мемлекет субсидия бермегендіктен төмен бағаға сатыңдар деп талап қоя алмайды, – дейді кәсіпорын директоры. – Сырттай қарағанда, кәсіпорын табысты көрінуі мүмкін. Бірақ жыл соңында 5-6 пайыз ғана табыс табамыз. Соның өзіне қуанамыз. Бұл көп қаражат емес. Маған банктердің пайыздық үстемесі мүлде түсініксіз. Жылдық 20-22 пайыз өсіммен қалай жұмыс істеуге болады?
Өзіндік құнының қалыптасуын да есептеп көрдік. Расымен, шығын шашетектен. Несиелерін төлеу өз алдына, құсқа қажетті дәруменді шетелден сатып алуға мәжбүр. Елімізде мұндай дәрумендер өндірілмейді. Басқасын былай қойғанда, дәруменнің сапасын анықтайтын зертхана да жоқ. Валюта бағамы құбылған сайын дәруменнің де бағасы өзгеріп тұрады.
– Елімізде 35 жұмыртқа фабрикасы бар. Ішкі нарықта, әрине, бәсекелестік бар, – дейді Борис Оздоев. – Әйтсе де, сырттан келетін өнімнің әсері үлкен. Ресейде өнімнің бұл түрі арзан. Шекаралас аймақта ресейлік құс фабрикасының сегізі жұмыс істеп тұр. Міне, бұл жай да біздің нарыққа әсер етеді.
Тағы бір елең еткізерлік жаңалық, әншейінде ешкімге қажеті жоқ болып көрінетін құс саңғырығы. Кәсіпорын тәулігіне 100-120 тонна құс саңғырығын шығарады. Қазір жаңалыққа жаны құмар кәсіпорын басшылары құс саңғырығынан тыңайтқыш жасаудың жолын тапқан. Бес жыл бойғы ізденіс зая кетпепті. Әуелі технологиясын іздеген. Құс саңғырығын сақтайтын орын әзірлепті. Жаңалықты тіркеткеннен кейін неміс құрылғысын, арнаулы аспапты сатып алған. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдарымен байланыс орнатқан. Ақыр соңында тыңайтқышты өздерінің егістік алқаптарына сіңірген.
– Биыл ылғал мол болды, астық та жақсы шықты, – дейді кәсіпорын басшысы. – Бізге құс азығын дайындап беретін ауыл шаруашылығы құрылымы мен 5-6 жыл тәжірибе өткіздік. Нәтижесін биыл көріп отырмыз. Комбайншы дестені бастырған кезде түсірілген бейнебаянды маған жіберіп отырады. Шығымдылығы адам айтса нанғысыз. Гектар берекесі 60 центнерден айналып жатыр. Бұл – бұрын-соңды болып көрмеген жетістік. Соңғы 5-6 жыл құрғақшылық болды да, ойлап тапқан тыңайтқышымыз айта қаларлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Шын қуатын енді көрсетіп отыр.
Кәсіпорын басшыларының есептеуіне қарағанда, құс саңғырығынан тапқан пайданың өзі шығынның жартысын жабуға жетіп жатыр. Тек бір қиыны – тыңайтқышты түйнектеп, жұмырлау. Әйтпесе, ұнтақ күйінде тасымалдау қиын. Қазір Қытай, Ресей мен Еуропаның осы тараптағы жетістігін зерттеу үстінде.
Ендігі бір мәселе, жеңілдетілген несиеге ие болу. Құс фабрикасындағы қажетті құрылғылар Нидерланд пен Германиянікі. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Жұмыртқаға ешкім қол тигізбейді. Лента арқылы жылжып отырып, іріктейтін құрылғыға жеткен соң өңделеді. Бүгінде 1 млн-нан астам тауық бағып отырған фабрикадағы құстың дені немістің суперник тұқымы екен. Бұл тұқымның артықшылығы, азық-түлігі, дәрумені талапқа сай болса, жұмыртқаны да молынан береді. Мерзімі жеткен соң тауықтар етке өткізіледі. Килосы 200 теңгенің көлемінде ғана.
Кәсіпорын жұмысшылары тегін тамақтанады. Отау құрып жатса, 350 мың теңге көлемінде бір мезгілдік көмек беріледі. Қайғы-қасіретте де солай. Биыл жас мамандарға арналған 20 пәтерлік жайлы жатақхана салыныпты. «Мектепке жол» акциясына үзбей қатысады. Жұмысшыларға сыйақы беріледі. Соңғы 4 жыл бойы еңбекақы тұрақты артып келеді.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы