Оқиға • 08 Қазан, 2024

Ақбөкен мүйіздерін заңсыз тасымалдаған азамат сотталды

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай аудандық сотында ақбөкеннің мүйізін заңсыз сақтау және тасымалдау арқылы аса ірі залал келтірген деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақбөкен мүйіздерін заңсыз тасымалдаған азамат сотталды

Фото: gov.kz

Жоғарғы соттың мәліметінше, сотталушы заңсыз жолмен алынған ақбөкен мүйіздерін Астанадан Қостанайға тасымалдауға шыққан. Ол үшін көлік жүргізушісін жалдаған. Алайда, оларды Әулиекөл тас жолында полиция бөлімінің қызметкерлері тоқтатқан.

Анықталғандай, сотталушыдан жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 823 заңсыз жолмен алынған ақбөкен мүйізі тәркіленген.

Прокурор сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал жәбірленуші тараптың өкілі баптың санкциясы шегіндегі жазаны талап еткен. 

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған.

Нәтижесінде, жасалған іс-әрекеттің жеке басын, сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және істің мән-жайын ескере отырып, сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жылға аңшылықпен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылған.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.