Сурет: senate.parlam.kz
Сенат төрағасы елімізде өткен АЭС салу мәселесіне қатысты республикалық референдумның қорытындысына тоқталып өтті. М.Әшімбаев референдумға отандастарымыздың белсенді қатысқанын алға тартып, бұл азаматтардың Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан қалыптастыру жолындағы барлық бастамасын қолдайтынын тағы да бір көрсетіп бергенін айтты. Сондай-ақ ол ел Президентінің референдум өткізу туралы шешімі мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды қадам екеніне назар аударды.
Сонымен қатар бюро отырысында 8-9 қазан күндері Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы мен І Жас діни лидерлердің форумына дайындық барысы пысықталды. Аталған іс-шараларға 19 елден келген 30 делегация өкілдері қатысады.
Бюро мүшелері осы аптада өтетін Палата отырысының да күн тәртібін талқылады. Өткен аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Қожаев Сенат депутаты болып тағайындалған еді. Осыған байланысты жалпы отырыста ант беру, тұрақты комитетке мүше етіп сайлау сияқты ұйымдастыру мәселелері қаралады.
Бұған қоса Сенат отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң шығарылды.
Аталған заң нормалары екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған.
Сонымен қатар бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.