Руханият • 09 Қазан, 2024

Махамбет-ғұмыр

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қараой. Күз. Махамбеттің бұл жалғандағы соңғы күні. Бұқпантайлап жеткен сатқындық, аярлық, қастандық. Арманда кеткен асыл ер.

Махамбет-ғұмыр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Батыр жүрек өзіне тықыр таян­ға­нын сезсе де қобалжы­мады. Ақын жүрек тек жақ­сы­лықтан үміттеніп, жаман­дықтың боларына сенер емес.

Қараойдағы жалғыз үй кек қуған, сасық пиғылының құлына айналған дұшпан жұмсаған жандайшаптар үшін алынбас қамал секілді. Өйткені үйдің ішінде батыр отыр. Қаруын кезеніп баруға батыл жүрек, жігер керек. Ал жандайшаптар айланы қару етті. Күштіге жағынып, соның қолынан жуынды ішуді көз­деген иттерде ерік-жігер, батыл­дық қайдан болсын?

Махамбет қапыда кет­ті. Қараойдың қасиетті то­пыра­ғына ақынның қаны төгілді. Асылдың қаны қа­быршақтана қатқан Қараой қасірет ме­кеніне айналды, бозарып, күң­гірттенді.

Күрескердің ерлігімен кел­ген даңқын төмендету, от ауызды ақынның уытты өле­ңін өшіру мүмкін емес екенін сан айлалы дұшпаны жақсы біледі. Енді қайтпек? Бір ғана жол бар, ол – өлтіру. Өлтіру арқылы есеп айырысу. Бұл – рухы әлсіздің ғана амалы... Осы амалға жүгінудің соңы қарғыс арқалау, қарғыс есту, қарғыстың астында бүрісіп, ты­рысып, қорлықпен күн ке­­шу. Мұны нәпсі ұқтырсын ба?

Махамбеттің бұл дүние­дегі соңғы күні ай тұтылған десе­ді... Мәңгілік өмір бас­талды. Батыр үшін, ақын үшін.

Махамбет ерлігімен де, өле­ңімен де, өлімімен де қазаққа ой салып кетті. Жат­тың емес, жақыныңның, қан­да­сыңның, бауырыңның қолынан қаза табудың аянышты, қорлық, қасірет екенін Қа­раой оқиғасы қа­заққа мәң­гілікке ескертіп тұр. Бұл ескерт­пені есепке алар, оған елең етер ел бар ма?

Қараой. Күз. Аспан­да сұр­ғылт бұлт сыздайды. Мы­сық­табандап келіп «мық­ты­лығын» көрсеткен сат­қын­дықтың қасіретті таң­басы мәң­гілікке өшпестей басылып қалды.