Негізі осыған дейін WBO мен IBF-тің чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Доминикан Республикасының өкілін бір емес, бірнеше мәрте жекпе-жекке шақырған еді. Бірақ Карлос одан қаймықты ма, әлде басқа да себебі бар ма, әйтеуір үндемей құтылды. Міне, енді оның қазақтың тағы бір мықты боксшысымен күш сынасатыны жайында ақпарат бұл күндері шартарапты шарлап жүр.
Бірден айта кетейік, Адамес те осал жігіт емес. 30 жастағы Кариб теңізіндегі аралда туып-өскен дүлдүл 2015 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасады. Сол аралықта 25 рет шаршы алаңға шығып, 24 бәсекеде жеңіске жетті. 18 қарсыласын нокаутқа жіберді. Адаместен таяқ жегендер арасында Алехандро Баррера, Патрик Дэй, Сергей Деревянченко, Хуан-Масиас Монтиел, Жулиан Вильямс, Террел Гауша сынды танымал былғары қолғап шеберлері бар. Ол өз карьерасында тек бір рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыдан тура бес жыл бұрын доминикандық Бразилияның беткеұстары Патрик Тейшейраға есе жіберді.
31 жастағы Мейірім Нұрсұлтанов – 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында қарсылас шыдатпаған Мерей Ақшаловтың туған інісі. Ол да кезінде әуесқойлар арасында тәуір нәтижеге қол жеткізді. 2010 жылы жастар арасында Азия, 2014 жылы ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) бас жүлдені олжалады. Жанат Манашев пен Бейбіт Есжанов сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәрбие алған М.Нұрсұлтанов 2016 жылдан бері кәсіпқойлармен күш сынасып келеді. Сол кезден бері 20 рет рингке көтеріліп, барлық бәсекеде басымдық танытты. 11 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, Мейірімге бұл тамаша мүмкіндік. Ең белді нұсқаларда әр жылдары Василий Жиров, Бейбіт Шүменов, Геннадий Головкин, Жанат Жақияновтың әлем чемпионы атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Қазіргі кезде Жәнібек Әлімханұлының даңқы дүркіреп тұр. Егер алдағы күндері М.Нұрсұлтанов Доминикан Республикасы өкілін ұтса, онда алтын белбеуді иеленгендер тізімі тағы бір қазақтың қайсар ұлымен толығады.