Құрылыс • 09 Қазан, 2024

Жұмыс ырғағы үзілмеген құрылыс

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласы тұрғындарын жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын ашу маңызды. Сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын өндіретін зауытты Жаңаөзеннен салу бір жағы жұмыссыздық мәселесін еңсеруге сеп болса, екіншіден мұнайлы қаладағы өндіріске қажетті жабдықтарды алыстан арбаламай, өз қаласы аумағынан алдыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс ырғағы үзілмеген құрылыс

Зауыт құрылысы жауапкер­шілігі, яғни тапсырыс беруші міндеті «Қаскор Инжиниринг» ЖШС құзырында. Бұл құрылым мұнай-газ кәсіпорындарының қажеттіліктеріне арнап мұнай кәсіпшілігі мен химиялық жабдықтардың тұтас желісін шы­ғарады. Маңғыстау облысы­ның жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі ретінде танымал. Компания оқшаулау бағдарламасы аясында 2023 жылы сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангалары өндірісін Жаңаөзен қаласында зауыт салып, көшіруге шешім қабылдаған. 34 жыл өтілі бар, оның ішінде сорғы штангаларын өндіруде 2 жыл, пеш да­йындауда 16 жыл және сорғы-компрессорлық құбырлар өндіруде 9 жыл тәжірибесі бар компания жаңа зауытқа 17,3 млрд теңге инвестиция тартып отыр. Зауытқа 300-ге жуық қала тұрғынын тарту жоспарланған.

Қазір мұнайлы қаладағы №1 өндірістік аймақта жалпы ауданы 12 гектар құрылыс аумағын­да зауыт құрылысы басталған. Құрылысқа қажетті барлық инфрақұрылымдық жабдықтау мен жеткізулердің дер кезінде жүзеге асырылуы нәтижесінде бас мердігер «М-СтройТранс» ЖШС компаниясының жұ­мысшылары бақылап-өткізу пункті, асхана, 150 орындық жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған мо­дуль­­дік ғимараттарын монтаж­дап, зауыт бағаналарын толықтай тұрғызып үлгеріпті.

«Зауыт құрылысының дайын­дық жұмысы, инфрақұры­лым жеткізу биыл сәуір айында бас­талды. Құрылыс аумағында қа­зір «ASM», «Отан-инжини­ринг» атты екі компания мерді­герлік жұмыс жүргізіп жатыр. Жұмысты жоспарланған мер­зімде аяқтау міндетіміз, сол се­бепті бақылап-өткізу пункті, асхана, жатақхана, тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған  модульдік ғимараттарын биыл қыркүйек айының соңына таман аяқтаймыз деп отырмыз. Ол нысандардың құрылыс материалдары толықтай келіп, да­йын тұр», дейді «М-СтройТранс» ЖШС компаниясының учаске басшысы Жеңіс Тукаев.

Құрылыс алаңында алып техникалық көліктер ыңыр­си қозғалып, ауыр темір қондыр­ғыларды тіктеп тұрғызып жатыр. Бір күнде бір бригада 10 темір бағананы тұрғызып үлгереді екен. Ал жоспарланған төрт бригада жинақталып, толық іске кіріскен кезде жұмыс­тың қар­қын ала түсері анық. Маң­ғыс­­таудың желі мен шаңы құ­ры­­­лыс алаңының астан-кес­тенін шы­ғарып аласұрып-ақ жа­тыр, бірақ құрыш білекті құры­­лыс­шы жігіттер алаңда әрі ауыр жұмыс­пен, әрі жел-шаңмен жаға­ласып қызу еңбекке кіріскен.

 

Маңғыстау облысы