Саясат • 09 Қазан, 2024

Қазақстан-Мажарстан: Парламентаралық серіктестік нығая түседі

45 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мажарстан мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвердің шақыруымен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат ресми сапармен Мажарстанға барды. Будапешт қаласында депутаттар Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен және Мажарстан мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті. Сондай-ақ Қарсақ қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Қазақстан-Мажарстан: Парламентаралық серіктестік нығая түседі

Суретті түсірген – Ж.Жұмабеков

Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен жүздесуде екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық мәселесі кеңінен талқыланды. Мәжіліс төрағасы Орталық Еуропадағы бауырлас халық – мажар еліне ерекше ықыласпен келіп отырғанын айтып, Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған сәлемін жеткізді.

– Мажарстанмен ынты­мақ­­тастықты дамыту – Қазақ­стан­ның сыртқы саясатындағы ба­сым бағыттың бірі. Қазақ­стан мен Мажарстан арасында дип­ломатиялық қа­рым-қа­ты­нас орнағаннан бері ын­ты­­­мақ­тастығымыз стра­­те­гия­­лық серіктестік дең­гейіне жет­­ті. Биыл сол стра­тегиялық әріп­тес­тігімізге 10 жыл толып отыр. Әрине, бұл – көш­басшыларымыздың ерен ең­бегі­нің жемісі, – деді Мәжіліс спикері.

Кездесу барысында сау­да-экономикалық, мәдени-гу­манитарлық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәжіліс төрағасы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы­мен кейінгі жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы айтып берді. Соның ішінде 6 қазан­да өткен жалпыұлттық рефе­рендумға тоқталды.

– Елімізде жаңа саяси мә­дениет қалыптасып келеді. Оның өзегі – барлық маңыз­ды шешім қоғаммен бірге тал­қыланады. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қыз­метінің алғашқы күндерінен-ақ осы істі қолға алды. Күні кеше елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтті. Ел болашағы жөнінде мәселе болған соң, шешім қабылдауды Мемлекет басшысы халықтың өз еркіне берді. 6 қазанда Қазақстан хал­қының басым көпшілігі Пре­зиденттің бұл бастамасын қол­дады. Біз атом өнеркәсібі са­ласында Мажарстанның тә­жірибесі мол екенін білеміз. Осы салада бірлесіп кадр даяр­­лау қолға алынып жатыр. Бұл жұ­мысты күшейтуге дайын­быз, – деді Мәжіліс спикері.

Содан соң Ерлан Қошанов Мажарстан мемлекеттік жи­на­­лысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесіп, парла­ментаралық қарым-қатынас­тың қазіргі жай-күйі мен келе­шегін жан-жақты талқылады.

– Біз үшін Мажарстан – сенімді дос, бауырлас мемле­­кет және стратегиялық серік­тес. Сондықтан парламентара­лық ынтымақтастықты одан әрі ны­ғайтуға мүдделіміз. Сіз­дер­де де дәл осындай ықылас бар екенін білеміз. Заң шы­ғарушы органдарымызда парла­ментара­лық достық топтары қарқынды жұмыс істеп келеді. Біз халық­аралық ұйымдар аясындағы көпжақты форматта да тығыз байланыстамыз. Осы ықпал­дастықты одан әрі арттыруға шақырамын, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ делегация басшысы мажар әріптестеріне Мә­жі­лістің қазіргі заң шығару қыз­меті туралы да ақпарат берді.

Кездесу соңында екі ел Пар­ламент басшылары Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сі мен Мажарстанның мем­лекеттік жиналысы арасын­дағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл қадам парламентаралық байланысты нығайтуға зор септігін тигізетіні анық.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов әріптесі Ласло Кёверді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Делегация мүшелері Буда­пешт қаласының Астана көше­сінде орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойып, Мажар­станда оқитын Қазақ­стан студенттерімен кездесті.

Мәжіліс депутаттарының ресми сапары келесі күні Қар­сақ қаласында жалғасты. Ер­лан Қошанов ондағы жергі­лікті тұрғындармен – бауырлас қыпшақтармен кездесу өткізді.

– Біз әрқашан өздеріңізге жаны бір, қаны бір бауырлар ретінде қараймыз. Қазақ та, мажар да – Еуразияның Ұлы даласында мекен етіп, салтанат құрған ежелгі ғұндар мен түркілердің, қыпшақтардың мұрагері. Бізді генетикалық тамырымыз ғана емес, екі елге ортақ даңқты тарихымыз, бұзылмас дәстүріміз жалғап жатыр. ХХІ ғасырда бауырлас халықтар арасындағы байланыс, соның ішінде қазақ-мажар ынтымақтастығы ба­рын­ша артып келеді. Осы үр­діс бізді қуантады. Ел мен елді қосатын, дәнекер болатын – ең алдымен, сіздер мен біз. Сондықтан бұл миссияны абы­роймен атқарамыз деп се­не­мін, – деді Мәжіліс спикері.

Сапар аясында делегация мүшелері Қарсақ қаласында екі елдің ажырамас туыстығы мен мызғымас достығының белгісі ретінде «Домбыра» мүсінінің ашылуына қатысып, мәдени орындарға барды.