Сурет: facebook.com@kazembbaku
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан климаттың өзгеруіне, экологиялық проблемаларға және су тапшылығына қатысты шараларға тоқталды. Ол еліміздің халықаралық климаттық келісімдер бойынша міндеттемелерін орындау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын әрі тұрақты даму мақсаттарының ұлттық күн тәртібінің құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті.
Осы тұрғыда Ә.Байел Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын нақты 15%-ға азайтуды, ал мүмкін болып жатса, мұны халықаралық қаржы институттарының елеулі қолдауымен 2030 жылға қарай 25%-ға азайтуды жоспарлап отырғанын айтты.
Сонымен қатар елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспий теңізінің экожүйесін әрі сүтқоректілерін, соның ішінде Каспий итбалығының тіршілік ету ортасын қорғау үшін ел тарихында тұңғыш қорғалатын теңіз табиғи аумағын құру жобасына ерекше тоқталды.
Дипломаттың айтуынша, еліміздің «жасыл» күн тәртібін ілгерілету жөніндегі ұстанымын Мемлекет басшысының 2026 жылы БҰҰ және халықаралық ұйымдардың қамқорлығымен Қазақстанда Аймақтық климаттық саммитті өткізу туралы бастамасы да растайды.
«Сондай-ақ біз Орталық Азия үшін климаттың өзгеруі мен жасыл энергетика жөніндегі Жобалық кеңсені құрып жатырмыз, бұл ретте әріптестерімізді осы бастаманы қолдауға шақырамыз», деді Ә.Байел.
Конференцияға қатысушылар Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы төрағалығының басымдықтары туралы хабардар болды. Елшінің айтуынша, басымдықтар Орталық Азия аймағының экожүйелері мен барлық елдерінің мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Осы ретте дипломат Қазақстанның өз күшімен Солтүстік Аралды құтқару ісінде едәуір жетістікке қол жеткізгеніне назар аударды.
Бакуда өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптары конференциясының 29-сессиясына (COP29) тоқталған Ә.Байел Қазақстан осы іс-шараны ұйымдастыру мәселесіне белсенді атсалысатынын айтты. Бұл ретте ол жиналғандарға детальдары алдағы COP29 саммитінде жарияланатын Орталық Азиядан Әзербайжан арқылы Еуропаға жасыл электр энергиясын экспорттау бойынша Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы ірі бірлескен жоба туралы айтып берді.
Сондай-ақ симпозиумда Әзербайжан Энергетика министрінің орынбасары Эльнур Солтанов, Мажарстан елшісі Томаш Торма, Италия елшісі Лука ди Джанфранческо сөз сөйледі. Одан кейін ғалымдар мен мамандар су ресурстарын қорғау және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша баяндамалар жасап, қажетті шараларды талқылады. Біздің елімізден «Жасыл Даму» АҚ-ның сарапшысы, география ғылымдарының докторы Александр Чередниченко баяндама жасады.