Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Онда өңірдегі бірде-бір мемлекеттік орган алған несиенің облыстың қаржылық жағдайына тигізетін әсеріне тұрақты талдау жүргізбейтіні, мемлекеттік борыштың бюджетке, экономикалық өсуге және басқа көрсеткіштерге қалай әсер ететінін бағалау жоқтығы атап көрсетілген. Салдарынан облыста 2022-2023 жылдары, негізінен, құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларында жинақталған борыш көлемі 69 млрд теңгеден асып түскен. Аудит барысында жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге жеткен қаржылық бұзушылықтар да анықталған.
«Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы мен қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, ел дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Елімізде бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бeciгi» бағдарламасына бөлінген мол қаржының да түпкі нәтижесі жете ойластырылмаған болып шықты. Нақты айтсақ, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген әдістемеге сәйкес, ауылдардың экономикалық әлеуетін анықтауда жалданып жұмыс істейтін адамдар саны және мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны ғана есепке алынады екен. Алайда ауылдық жерлерде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру индикаторы қарастырылмаған. Ал әлемдiк тәжiрибе бойынша көптеген елде ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу негiзiнен жан басына шаққандағы iшкi жалпы өнiм және кiрiс, жұмыссыздардың үлесi сияқты көрсеткіштер алынған. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, Қазақстан жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші бойынша табыс деңгейі төмен елдер тобына жатады. Елімізде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің деңгейі 1 ауыл тұрғынына шаққанда Ресейге қарағанда – 1,8 есе, Оңтүстік Кореяға қарағанда – 7,5 есе, Францияға қарағанда – 8,8 есе, Бельгияға қарағанда 43 есе төмен. Жуырда осы мәселе жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Сенат депутаты Серік Шайдаров ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат ауылдық экономиканы дамыту перспективаларына негізделуге тиіс деп санайды.
«Үкімет отырысының бірінде Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров соңғы 10 жылда елімізде 583 ауыл жабылғанын, бүгінде республикада 6 256 ауылдық елді мекен бар екенін мәлімдеген болатын. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыра бастаған кезде елімізде 7 660 ауыл болғанын ескерсек, арада өткен 20 жыл ішінде 1 404 ауылдық елді мекен жабылған. Егер әрбір он жыл сайын 700 ауылдық елді мекеннің түтіні өшсе, «Ауыл – ел бесігі» жобасы да басқа мемлекеттік бағдарламалардың тағдырын қайталамай ма? Бұған жол бермеу үшін мемлекеттік қолдау ретінде бөлінетін барлық несиені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауылдық елді мекендерді қаржыландырумен байланыстыру және олардағы салалар бойынша жалпы қосылған құнның өсуіне жыл сайын мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуды айқындау ұсынылған еді. Бұл ұсыныс орындауға қабылданған да болатын. Өкінішке қарай, Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы мен Үкіметтің есебінде біз бұл жұмыстың нәтижесі мен тиімділігін көре алмадық. Іс жүзінде бюджет қаражатын әдеттегідей игеру жүріп жатыр. Егер тұрақты жұмыс орындары құрылмаса, мемлекет салынған қаражаттан тиісінше нәтиже ала алмайды», деді ол.
Осыған орай сенатор «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізуге, ауылдық елді мекендердің экономикасын дамытуға жан-жақты талдау жүргізуді, сондай-ақ аталған жобаға кіргізілген ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын құруды, инфрақұрылымды дамытуды қатар жүргізуді жергiлiктi атқарушы органдарға тапсыруды ұсынды.
Жалпы, Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына ел экономикасының көлемін 2029 жылға қарай 2 есе ұлғайту міндетін қойып отырған қазіргі уақытта қай салаға болсын бөлінген қаржының құмға сіңген судай болмай, тиісті қайтарым беруін талап ету қажет.