Жартылай ауыр салмақта күш сынасып жүрген «Tobet Top Team» клубының мүшесі Дияр Нұрғожай 2017 жылдың соңында кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Сол кезден бері 10 рет октагонға шығып, барлық бәсеке де жеңіске жетті. Тарқатып айтсақ, Алманбет Нұрәлиев, Сұлтан Мұсаев, Сергей Барышев, Сержио Соузаны ұрып жықса, Хасан Бозор мен Аббосбек Усаровты сабмишн әдісімен жеңді. Ал Магомед Магомедов пен Константин Андрейцевті ұпай санымен ұтты. Cоңында есімдері аталған төрт қарсыласымен ол атақты Хабиб Нұрмагомедов іргетасын қалаған «Eagle» промоушенінде айқасты. Нұрғожай сол ұйымның чемпиондық белбеуін де иеленді.
Қарсыласын бет қаратпай жеңіп жүрген жігітке көп кешікпей UFC-дің қырағы мамандары назар аударды. Содан олар Диярды Дана Уайттың шоуына шақырды. Былтырғы жылдың мамыр айында қандасымыз Әбу-Дабиде ұйымдастырылған дүбірлі дода кезінде PFL мен Bellatorда өнер көрсеткен Аргентинаның азулы спортшысы Эмилиан Сордиге (25-13-1, 23 КО) сан соқтырды. Бұл бәсеке бірінші раундта тоқтатылды. Ал кеше Лас-Вегаста Нұрғожай Польшаның мықтысы Бартош Шевчукпен (8-3-1, 7 КО) шеберлік байқасты. Бұл жолы да қазақ файтері бәсекені ұзаққа созған жоқ. Шыққан бетте тізгінді қолға алған Дияр екінші раундта қарсыласын басынан теуіп құлатып, одан кейін оған ауыр-ауыр соққыларын дарытты. Араға тағы да төрешілер түсті.
БАӘ мен АҚШ-тағы жарқын жеңістерінің арқасында Дияр Нұрғожай UFC-мен келісімшартқа отырды. Естеріңізге сала кетейік, бұл күндері аталған промоушенде Шавқат Рахмонов, Асу Алмабаев, Азат Мақсұм, Бекзат Алмахан, Николай Веретенников айқасып жүр. Олардан бөлек, Қытайда дүниеге келген Қайсар Мақсат пен Сайран Нұрданбек сынды қандастарымыз бар. Сәл ертеректе Дамир Исмағұлов, Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов, Мария Агапова да сол ұйымда өнер көрсетті.