Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев
Ұлт жады ұлыларын ұмытпауға тиіс. Осы орайда алдымызда орасан зор міндеттер бар. Жақсы-жайсаңдарымыздың жарқын істерін жаңғыртып отыруымыз керек. Өйткені өткен тарих қайталауды сүйеді. Жеті ықылымнан жеткен баяғы бабаларының бай мұрасын санасына сіңірмеген, ерлігі мен өрлігінен үлгі алмаған оғландардың отаншыл болуы неғайбіл. Ендеше, естияр баламыздан еңкейген қариямызға дейін ұлттық мүддеден артық ұлы мұрат болмайтынын ұғар уақыт жеткен сияқты.
Ұлт ұпайын түгендеуге үлкен үлес қосып жүрген парасатты һәм патриот азаматтар бізде, әрине, жоқ емес. Сол саңлақтардың сапында Торғайдың топқа татыр перзенті, рухани жобаларға қаржылай дем беріп, мерейлі меценат атанған бүгінгінің атымтай-жомарты, кәнігі кәсіпкер, жер-көкті шарлаған жиһанкез, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, «Алтын адам» аталымының екі дүркін жеңімпазы Сапар Ысқақов та жүргенін атап өткеніміз абзал.
Көкейіндегі көп мақсатына жету жолында табандылық танытудан танбайтын ағамыздың бұған дейін тындырған тыңғылықты жұмыстарын санауға саусақ жетпейді. Ең бастысы, онысын ешқашан бұлдаған емес. Отаршылдық озбырлығын көп көріп, кеңестік саясаттың кесірінен рухани жадап-жүдей жаздаған халқының кем-кетігін толтырудан, бүлінген дүниелерімізді бүтіндеуден басқа ойы жоқ.
Жасының ұлғайғанына қарамастан, жатпай-тұрмай жақсы идеяларын қалың елі қазағының игілігіне айналдырудан жалықпайтын жампоз кейінгі жылдары керемет бір жобаны қолға алған еді. Қазір соның қамымен күндіз-түні шапқылап жүрген жайы бар. Бұйырса, бұл шаруаның да басы қайырылып қалғандай.
Сексеннің сеңгірінен асқан сергек жанның ендігі ойы – өзінің туған өлкесі Қостанай облысының Амангелді ауданында салып жатқан көпбейінді туристік кешенді дер кезінде аяқтау. Былтыр қыста сол ғажайып құрылыс алаңының алғашқы нысандарын көзімізбен көріп, көңіл көншітіп қайтқанымыз есте. Ой, онда не жоқ дейсіз? Жер жүзінің архитектуралық жауһарлары Торғайдың жеті гектар жеріне көшіп келгендей. Әлемнің әр шалғайындағы 150-ге тарта мемлекетті аралаған Сапекең өзіне ұнаған мәдени ордалардың үздік үлгілеріне көз суарып қана қоймай, солардың көшірмесін еліне әкеп орнатуды ойластырған екен. Туристік хабтағы ғимараттардың аты да еріксіз елең еткізеді. Мәселен, паң Париждегі Эйфель мұнарасы, Үндістандағы теңдессіз Тәж-Махал, Мексикадағы Мая тайпасының мақтанышы Чиче Ица ғимараты, Гранададағы «Аль-гамбра» сарайы, Сириядағы «Пальмира» амфитеатры және тағы басқа таңғажайып сәулет туындылары осында көктен түскендей орнай қалмақ.
Қазірдің өзінде қабырғасы қаланған қалашықтың сыртқы көрінісі келген-кеткен көпшілікті сүйсінтіп үлгерді. Бұдан екі жыл бұрын «Мемориал» кесенесі пайдалануға берілді. Пантеонға пара-пар дерсің. Мұнда Торғай топырағында туған Шақшақ Жәнібек, Қошқар, Иман, Төлек Жәуке батырлардың, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бірімжанов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Кейкі Көкембайұлы, Әбдіғаппар Жанбосынұлы сынды тарихи тұлғалардың есім-сойлары тағзым тақтасына жазылып, астына олардың мәңгілік мекендерінен әкелінген топырақ салынған.
Енді, міне, тағы екі бірдей ескерткіштің ашылуына куә болдық.
* * *
Бүгінде сұлтан Бейбарысты білмейтін қазақ кемде-кем. Рас, Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, тағдыр тәлкегімен құлдыққа сатылып кеткен, кейін күллі Мысырды билеген тарихи тұлға туралы Морис Симашконың «Жусан иісі» хикаятын оқыдық. Белгілі кинорежиссер Болат Мансұров түсірген көркем фильмді көрдік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов қазақшаға аударған «Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы» атты арабтың халық романымен де таныстық. Бәрібір білетініміз аз.
Биыл Мәмлүктердің дүниежүзіне мәлім көрнекті көсемінің 800 жылдығы атап өтіліп жатыр. Осынау орайлы тұста санаткер Сапар Ысқақов байырғы Батпаққараның төсінде Бейбарыс бабамыздың ат үстіндегі айбынды ескерткішін орнатты.
Ескерткіштің ашылу салтанатында Сапар аға ағынан жарылып бір әңгіме айтты: «Осыдан он шақты жыл бұрын Сауд Арабиясына бардым. Кіші қажылық жасағаннан соң сондағы елшілігімізге соқтым. Содан дипломат жігіттер Эр-Рияд қаласының маңында түйе базары барын тілге тиек етті. Неге екенін қайдам, қараптан-қарап әлгі сауда орнын көргім келді. Едел-жедел жетсек те, үлгере алмадық. Базар жабылып қалыпты. Енді қайттік? Кенет шығаберісте қораға қамалған он түйе көзімізге түсті. «Қой, киноға түсіріп алайық, бір керегі болар...» деген оймен мал иесінен рұқсат сұрадық. Үйдің іргесіндегі көлеңкеде отырған үлкен кісі рұқсатын берді. Ойдағымыз орындалып, қайтуға ыңғайланғанда жаңағы ақсақал жөн сұрағаны:
– Қарақтарым, қайдан келдіңдер?
– Қазақстаннан!
– ?...
Сонымен қойшы, ақыры Қазақстанның қайда екенін түсіндіре алмадым. Қытайдың солтүстігінде, Ресейдің оңтүстігінде дедім... Территориясы жағынан әлемде 9-орын алады дедім... Кенет ақылым енді кіргендей қуанып кеттім де: «Біз Бейбарыс сұлтан туған елденбіз!», деп айқайлап жібердім. Сондағы ана қарияның жайнаған жүзін көрсеңіз... «Бағанадан бері сөйдемейсіңдер ме? Енді менің қадірлі қонағымсыздар. Қазір ана түйелердің бірін сойдыртам. Дәм татып кетіңдер. Бейбарыс біздің елде ерекше құрметке ие. Сендерді құр жібере алмаймын» деп құрақ ұшты. Айтпақшы, сойғалы тұрған түйесінің құны – 5 млн доллар екен. Ал керек болса... Шәй үстінде жүз түйеңіз бар екен. Әрқайсысы 5 млн болса, қып-қызыл байсыз ғой дедім әзіл-шынын араластырып. «Бізде дүние байлығынан гөрі рухани байлық жоғары бағаланады» деді сонда қария әр сөзін шегелей сөйлеп. Қандай ақылды сөз. Бейбарыс бабама бір құрмет жасау керектігі туралы ой маған алған сол жолы келген еді.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде Бейбарыс бабамыздың айрықша еңбек сіңіргеніне баса назар аударды. Елін моңғол шапқыншылығынан қорғағанына, Крест жорығына қатысушыларға қатты соққы бергеніне тоқталды.
Өз кезегінде салмақты пікір сабақтаған мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұлы тұлғаларымызды ауызша мақтап қана қоймай, осылайша лайықты ұлықтау қажеттігіне екпін түсіре айтты. Дәлелді түрде дәріптеудің көрнекі үлгісі мынадай ескерткіш қою екенін жеткізді. Ендігі жерде ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізу жөн екенін еске салды.
«Әлем әдебиетінен, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі музейлерден, архивтерден өз тарихымызды іздеу арқылы өзіміздің кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды анықтай түсеміз. Мұндай игілікті қадамдар біздің адасуымызға жол бермейді. Арғы-бергі замандардың арасындағы алтын арқауды үзбей, ескінің есті деректерін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші Сапар Ысқақов секілді абзал ағаларымыз аман болсын», деді ол өзекжарды ойын түйіндеп.
Торғайлықтар атынан толғана сөйлеген ауыл шаруашылығының ардагері, Амангелді ауданының құрметті азаматы Мұхтар Ходенов көргені көп көшелі қарияның кейпін танытып, тереңнен тебіренді. Торғай топырағында өсіп-өнген ел-жұрттың бүгін ерекше қуанышта екенін айтты. Жақсы істер жалғасын табуы керектігін, Сапардай салиқалы азаматтар тұрғанда жерлестерінің ырысы ортаймайтынына сенім білдірді.
Қостанайлық белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет тойға шашу ретінде Бейбарыс бабаға арнаған отты жырын оқыды.
Сонымен Тәуелсіз Қазақстанда Сұлтан Бейбарысқа арналған екінші ескерткіш тұрғызылды. Біріншісі бұдан біраз бұрын Атырауда бой көтергені әмбеге аян.
* * *
Іле-шала ірі іс-шараның екінші бөлімі басталып, Ұлт жады қабырғасының лентасы қиылды.
Салтанатты рәсімде сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали жерлестері ғана емес, бүкіл Тобыл-Торғай өңіріне Сапар Ысқақұлының тағы бір тамаша тартуы – көпбейінді туристік кешен бірегей жобасының негізгі міндеті ауданға туристер тарту екенін алға тарта сөйледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға шақырады. Әр іс елге деген жанашыр ниетпен жасалса игі. Әр қадамың елге пайдасын тигізуі керек. Осы тұрғыда еліне инвестиция салып, көпке өнеге көрсетіп отырған іскер азамат Сапар Ысқақұлын айрықша атап өткеніміз жөн. Бұл турхаб бүкіл аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық алға басуымен қатар, туризмінің дамуына да зор серпін береді», деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал сенатор Бибігүл Аққожина келешекте осы өңірге саяхаттап келушілер санының, инвестиция көлемінің көбеюіне игі әсерін тигізетініне үміт артатынын білдірді. «Ұлттық жады қабырғасы – ел тарихындағы ерек тұлғаларға көрсетілген зор құрмет. Бұл жас буынның ұлтжандылық сезімін ұштайды», деді Парламент мүшесі.
Иә, ұзындығы 35, биіктігі 3,8 см қызыл кірпіштен қаланған қабырғада арғы-бергі тарихымыздағы аса ардақты 260 тұлғаның аты-жөні қара түсті мәрмәр тақтаға жазылған. Киелі керегедегі тізім әлі де толықтырылуы мүмкін. Сондай-ақ мұнда марқұмдардың жатқан жерлерінен алынған топырақпен толтырылған құтылар да қойылған.
«Бұл – алты жылға созылған «Бабалар ізімен» экспедициясының нәтижесі», дейді идея авторы Сапар Ысқақұлы. Аспан асты, жер үстіндегі төрт құрлықта, 46 елде болып, сырттағы «сырттандарымыздың» басына барып зиярат еттік. Тың деректер таптық. Құнды деректерге қанықтық. Соның бәрін таспаға тартып, телехабарлар түсірдік. Осынау рухани олжамыз еліміздің рухани қажетіне жараса, еткен еңбек, төккен тердің ақталғаны.
Бізбен сапарлас болған Жошы ұлысын зерттеу институтының директоры Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, Сапар Ысқақов – тарихымызды көпшілікке танытуда ауыр жүк арқалап жүрген адам. Мысалы, көршілес Ресейде мұндай іргелі іспен қаптаған институт пен түрлі бірлестік шұғылданады. Сондағы әріптестері абзал ағаның атқарған жұмыстары жайындағы әңгімеге құлақ түргенде қайран қалып, бастарын шайқайтын көрінеді.
Иә, Сапекең шынымен де жайсаң жан. Жеке бастың байлығынан ұлттың мүддесін жоғары қояды.
Астана – Қостанай – Астана