Жиынға «Самұрық-Қазына» АҚ, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қордың портфельдік компаниялары мен «Самғау» ҒТБО өкілдері қатысты.
«Самғау» ғылыми-техникалық бастамалар орталығы ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін іріктеумен айналысады. 2024 жылдың қыркүйегіне дейін аталған ұйым қаржыландыруға жіберілген 127 өтінімнен 15 жобаны таңдаған. Оларды «Самұрық-Қазына» АҚ, министрліктің қатысуымен қордың кәсіпорындарында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС күкірт қалдықтарын қолданудың тиімді жолын тауып, одан жәндіктермен күресетін құрал өндірмек.
Бұдан бөлек, жиында қордың компаниялар тобының ғылыми жобаларын қолдау және әртүрлі салалар бойынша тапшы мамандарды даярлау жөнінде талқыланды. Қазіргі уақытта қорда энергетика, мұнай-химия, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, тағы басқа салалар бойынша мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Осы бағытта министрлікпен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлауға ортақ жобалар құрылуы мүмкін. Сондай-ақ 2024-2025 жылдары еліміздің әртүрлі қалаларында бірнеше технологиялық сессияны, яғни хакатондарды өткізу жоспарлануда.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ