Тұлға • 10 Қазан, 2024

Әйгілі тілші-ғалым мұрасы

416 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық кітапханада Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі, лингвист ғалым Рәбиға Сыз­дық­тың 100 жылдығына арналған «Тіл білімінің тарланы» атты онлайн конференция өтті. Қазақ тіл білімі саласында 27 кітап, 400-ден астам ғылыми мақала мен монография шығарып, 9 докторлық, 19 кандидаттық диссертацияға жетекшілік еткен айтулы ғалым, ұлық ұстаз туралы әр өңірдегі шәкірттері еске алды.

Әйгілі тілші-ғалым мұрасы

Алаштың ұрпағы

Рәбиға Сәтіғалиқызының шәкірті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушы­сы, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Орынай Жұбайдың айтуынша, апайдың арғы атасы – Исатай Таймановтың сенімді серіктерінің бірі, көтеріліс жеңілгенде оның жанынан табылған Сәмбет батыр. Сәмбеттен Бидағара, одан Құтқожа, одан Сәтіғали. Сәтіғалидан – Хамит, Рәбиға, Роза. Сәті­ғали (Сәтқали) Құтқожаұлы – Алаш пар­­тиясының мүшесі, Халел Дос­мұ­ха­медовпен жақын араласқан көзі ашық азамат. Ол 1920 жылдан бас­тап Жым­питы, Ойыл, Темір, Арал, Бай­ға­нин аудандарындағы пошта-телеграф бөлімдерін басқарып, 1937 жылдың 10 қыркүйегінде Ақтөбе облысының Темір қаласында ұсталған. Бұл кезде Рәбиғаның жасы – 12-де.

«Анасы әкесінің ұсталатынын білді ме, әлде кездейсоқтық па, Рәбиға мен Розаны дүкенге жұмсайды. Қыздар қайтып келе жатқанда, үйдің жанында тұрған ат арбаны қоршап әлдекімдер тұрғанын көреді. Арбаның үстінде отырған әкесі қыздарымен басын сәл изеп қоштасқандай болды. Дым түсінбей, жүгіріп кіргенде көргені – үйдің іші астан-кестең, жерде анасы жылап отыр, босағада Хамит ағасы состиып тұр. Осы көрініс бала жүректе өмір бойы сақталып қалды. Сол уақыттағы қысым бұларды да айналып өтпеді. Бірге оқитын балалар қасына жоламады, мұғалімдер де елемеу­ге тырысты. Ең соңғы партада жалғыз өзі отырды. Бір жолы Пушкиннің 100 жылдығына мектепте кеш өтетін болып, барлық оқушыға ақынның өлеңдерін жаттауға бергенде, Рәбиғаға жетпей қалды. Қатты намыстанған ол күні-түні бас алмай, ақынның бір поэмасын жаттап келіп, кеште айтуға оқталғанда рұқсат етпейді. Бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінсе де, осы жағдай буыны қатпаған балаға үлкен соққы болып тиді. Үйде үреймен өмір сүрді. Өйткені халық жауларының әйелдерін ұстап, балаларын жетімдер үйіне алып кетіп жатты. Бөгде адамдар үйлеріне жақындап келе жатса, зәресі ұшатын. Бір жолы ауылға кірген көлік осы үйге бұрылғанын көрген балалар жылап, анасының етегіне тығылған. Мұндай кезде анасы Жеміс перзенттерін сұқ көзден, суық сөзден қорғап отырды. Рәбиға 16 жасынан еңбекке араласты. 1940 жылы Темір мұғалімдер училищесінің жеделдетілген курсын бітіріп, Алға аулындағы мектепке бастауыш мұғалімі болып орналасқан. Соғыс басталғанда Хамит майданға аттанады. Соғыс жылдары аздап қысым азайып, Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер учи­лищесін бітіреді.

1945 жылы Алматыда мұғалімдердің тамыз конференциясы өтіп, оған елдің түкпір-түкпірінен үздік мұғалімдер шақырылады. Ақтөбеден келген бес мұ­ғалімнің арасында Рәбиға Құт­қо­жина да болатын. Келесі күні сөз сұрап, мінбеге шығып, мектеп оқу­лық­тарындағы қате­ліктерді талдап береді. Жиын со­ңында оқулық ав­тор­­­ларының бірі, лин­гвист ғалым, Алматы мемлекеттік педа­гоги­калық инс­­ти­тутының директоры Ахмеди Ысқақов оны іздеп келеді. Жас мұғалім ағасының майдангер екенін, 16 жасынан мектепте сабақ беріп келе жатқанын, білімін жалғастыра алмаған өкінішін де айтқанда, Ахмеди Ысқақов институт­тың 3-курсына қабылдайтынын айтады. Содан кейін Рәбиға Алматыға оқуға кетеді. 1947 жылы аспирантура­ға түскен. 1951 жылы «халық жауларын» қудалаудың жаңа толқыны басталғанда, жас маман Тіл білімі институтындағы жұмысынан шығарылып, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз қалады. Таныстары Әбу Сәрсенбаевқа бар деп кеңес береді. Сол жылдары оқу-педагогикалық бас­паны басқаратын майдангер ақын баспаға жұмыс сұрап келетіндердің ата-тегін сұ­рамайды екен. Әбу ақын Рәбиғаны кіші редактор етіп жұмысқа қабылдайды. 1957 жылы Ісмет Кеңесбаев Әдебиет институтына қызметке алған соң барып, ғылыммен алаңсыз айналысуға мүм­кіндік туған. Рәбиға апай осы аза­мат­тардың жақсылығын көп көрді. Ең бірін­ші болып ғылымдағы жолымды айқын­дап берген Мұхтар Әуезов деп үнемі айтып отыратын», дейді Орынай Жұбай.

 

Кісілік пен кішілік

Рәбиға апайдың қарапайымды­лы­ғы, кісілігі өте жоғары еді. Сөздің кие­сін ұғынған, қара сөзден тұтас ұлт­тың өткенін тәпсірлеген ұлағатты ұстаз өз шәкірттерінен ғылымға адал болуды талап еткен. Алаш арыстары­ның еңбектерін жарыққа шығару ісіндегі еңбегі зор. Ғалым 1960 жылы Душан­беге Е.Бекмахановпен бірге конфе­рен­ция­ға барып баяндама жасайды. Сөзінің со­ңын «Қазақ тілінің алғашқы терминдері алғашқы оқулықтарда жасалды» деп қорытындылайды. Сол кезде залдан «Ал­ғашқы оқулықтарыңызды кімдер жазды?» дегенде, апай Әлихан Бөкейханды атайды. Ол 1977 жылы қазан төңкерісінің ­60 жылдығына арнал­ған конференция­дағы баяндамасында «Қазақ тіл білімі­нің негізін қалаған – Ахмет Байтұрсынұлы» деп мәлімдеді. Осы сөзден кейін зал біраз уақыт үнсіз қалды. Сондай-ақ қазақ тіл білімінің білгірі, полиглот ғалым Құдайберген Жұбановтың еңбектерін жинақтап, жарыққа шығарды. Өзі 1966 жылы Мәулен Балақаевтың тап­сыр­масымен Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде Құдайберген Жұбанов туралы баянда­ма жасап, артынан ғалымның еңбектері 2400 данамен жарыққа шықты. Осыдан кейін Құдайберген Жұбанов­тың әйелі Раушан апай жақын-жуықтарының басын қосып, үйіне шақырып, көптің ал­дын­да «Құдайбергеннің еңбегін еліне қай­тардың» деп, Рәбиға апайға қым­бат неке жүзігін сыйлайды. «Рәбиға апай табиғатында дүниеге әуес емес еді. Асыл тастарға да қызықпайтын. Бұл жолы жүзікті сақтап қойып, Құдайберген Жұбанов еңбектерін терең зерттеп, құнды диссертация қорғайтын жас ғалымға сыйға тартуды ойластырыпты. Біз мұны қашан білдік? Апай 90-нан асқан шағында Тіл білімі институтында жұмыс істейтін Асқар Құдайберге­нов­ке келіп, анасының жүзігін қай­тара отырып, көп жыл жүрегінде сақта­ған ойын ақтарды», дейді Орынай Жұбай.

Рәбиға Сәтіғалиқызы ғылымда жүр­ген қыз-келіншектерге «Ғылымға адалдық керек. Жүрегің таза болсын. Өмір­лік серігіңді дұрыс таңда. Ең алдымен үйіңнің тірлігін бітір. Содан кейін ғана алаңсыз жұмысыңа кіріс. Өйткені, сен ең бірінші – әйелсің, анасың» деп ақыл айтады екен. Апай айдаудан оралған екінші күйеуі Шахан ағайға ерекше қамқор болды, өзінің балаларын да, екінші қосағының балаларын да бөліп-жармай, жақсы тәрбие берді, аяққа тұрғызды. Ол кісі дүниеден өтерде апайға ризалығын айтып кеткен.

 

Ғылымдағы абыройлы жол

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті филология фа­куль­тетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Гүлнар Мұра­това: «Кей адам­дардың ғалымдығы мойындалса да, жеке басының сый-құрметі болмайды. Ал енді біреулердің басын сыйласа да, ғалымдығын мойындамайды. Рәбиға апайдың бойында екі қасиет те жарасым тапты. Қазақ тіл білімі саласында еңбегі ұшан-теңіз. Басты еңбегі – ұлы Абайдың сөз құдіретін танытуы. Осы жағынан ол Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезовтан кейінгі абайтанушы ғалым болды. Ол неге жастайынан Абай өлеңдерінің тілін зерттеді? Өйткені «зер қадірін зергер білер» дегендей, бұл жерде апайдың қанмен келген тектілігі, өскен ортасы, ата-анасының берген тәрбиесі, жеке басының тазалығы тоғыса келе, Абай ұлағатымен халқына қызмет етудің жолын таңдатты», деді.

 

Тың зерттеулер

Ақтау қаласынан Ш.Есенов атын­да­ғы Каспий технологиялар және инжениринг университетінің профессоры Бибайша Нұрдәулетова академикпен 2019 жылы сөйлескенінде, қазақ жыраулар өлеңдерінде әлі де зерттелмеген сөздер көп екенін, өзі оның шегіне жете алмағанын, бірақ көп зерттелмеген сөздердің тізімін жасап қойғанын айтқан. «Рәбиға апай зерттеулерінің бір бағыты – көне сөздер еді. Ол мағына­сы түсініксіз, қолданыстан шыққан сөздерге «ескіліктер» деп атау берді. «Сөздер сөйлейді» кітабында 300-ге жуық сөзді қолданып, 240 сөзді жеке реестрмен талдады», деді.

Өскемен қаласынан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан уни­вер­ситетінің доценті Күләш Еңсебаева ғалымдық пен ұстаздықты қатар ұс­танған Рәбиға Сыздықтың өзі біле­тін қыр­ларына тоқ­талды. Академиктің зор еңбегі – «Ясауи хикметтері» тілінің қыпшақ­тық тілдер тобына жататы­нын, Қ.Жалайыри шежіресіндегі сөздер­дің 70 пайызы көне түркі сөздері екенін дәлелдеуі дей келе, ғалымның шәкірті қазіргі уақытта қате қолданылып жүрген сөз­дерге тоқталды. «Мәселен, бүгінде жа­­ғымсыз мағынада қолданылатын сұр­­құлтай сөзінің ертедегі мағынасы – билік басындағы адамға дұрыс кеңесін беретін білікті адам. Сондай-ақ майдан сөзінің де ертедегі мағынасы мүлде бөлек. Ол көк шөп өскен алаң деген мағынаны білдіреді. Оған «Қыз Жібек» жырындағы Төлегеннің «Қонар болсаң жануар, Міне майдан, міне саз», деген жолдар дәлел», дейді К. Еңсебаева.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Ахат Мырзалин Ақтөбе пед­институтын Мұхтар Арын басқарған жыл­дары осы өңірден шыққан талантты адамдардың туған жеріне келіп, жұртшылықпен жиі кездескенін атап өтті. Рәбиға Сыздық та келіп, әкесінің қызмет еткен жерін, үйінің орнын көрген. Темірде Рәбиға апайдың ағасы Хамит соғыстан кейін аудандық білім бөлімін басқарып, кейін Алматыға ауысыпты. Осы ескі қала төңкеріске дейін оқу орындары көптігімен, кәсіпші­­лік түрлерімен аты шықты. Педучи­­ли­ще, медучилище, ауыл шаруашы­­­лы­ғы техникумы, мек­теп-интернатын­да ­көр­ші аудандардан балалар келіп оқи­тын. Темірде Құдайбер­ген, Ахмет Жұбановтар, Сақта­ған Бәйішев, дәрігер Сайым Балмұханов дүниеге келген.

Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дулат Исабаев ака­де­миктің музей қорына жинақталған дүние­лерін таныстырды. 2016 жылы Рәбиға апайдың тапсырмасымен жие­ні Қуаныш Әміров Ойыл музейіне кітап­тар мен апайдың жеке тұтынған затта­рын, киімін тапсырыпты. Биылғы жазда Орынай Жұбай Алматыдан апайдың көне үш альбомын әкеліп берді.

Конференция қарарында Ақтөбе өңірінен ғалымның әкесі, Алаш азаматы Сәтіғали Құт­қо­жин­ге көше атын беру және академик Рәбиға Сы­здықтың есі­мін қала мек­тептерінің бірін­е ұсыну дәйектелді.

 

Ақтөбе облысы